Көрсеткіш 3 миллионға жақындады

963
0
Бөлісу:

«ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі нысандарындағы жалпы келіп-кету көрсеткіші 2 млн 774 мың 527-ге жетті. Бұл туралы көрменің баспасөз орталығы хабарлады.
Келушілер саны жоғары алғашқы он павильонға Ресей, Өзбекстан, Үндістан, Әзірбайжан, Африка плазасы, Мысыр, Қытай, Түркия, Сауд Арабия Корольдігі мен Малайзия кірді. «Нұр әлем», «Шелл» балалар зертханасы, Дю Солей циркі, Амфитеатр, шығармашылық энергия аймағы, корпоративтік павильоны мен балалар саябағы қонақтар ең жиі аралайтын нысан­дарға айналған. Қауіпсіздік мәселесі бойынша 178 оқиға тіркеліпті. Олардың басым бөлігі – ересектердің балалардан көз жазып қалуы. Айта кетерлігі, күн өту, әлсіреу, сондай-ақ созылмалы аурулары бар жандар тарапынан медициналық көмекке жүгінгендер саны – 146.

Төртінші билет сыйлыққа

Астана күніне орай «Астана ЭКСПО – 2017» ҰК көрме билет­теріне мерекелік акция ұйымдас­тырады. Келушілер бір дегенде үш билет сатып алар болса, онда төр­тін­ші билет сыйлыққа беріледі. Дема­лыс күндері 17 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер көрмені тегін аралай алады. 12 жасқа дейінгі бала­лар міндетті түрде үлкендермен бірге жүруі керек. Сонымен қатар олар­дың жасын көрсететін куәлігі болуы қажет.
Сонымен бірге, компания билет­тің жаңа түрі – кешкі билеттің енгі­зілгенін хабарлады. Ол билетпен кеш­кі сағат 18:30-дан соң көрмеге кі­руге болады. Жәй күндері бағасы – 2 мың теңге болса, демалыс күн­дері –
3 мың теңге. Жеңілдетілген са­нат­тағы азаматтарға билет 50 пайыз жеңілдікпен сатылады.
«ЭКСПО – 2017» көрмесіне або­не­мент сатып алу басталды. Оның бағасы – 50 мың теңге, жеңілдетілген санаттағы азаматтарға – 25 мың теңге. Абонементпен «ЭКСПО» аяқталғанша көрме аймағына кіріп-шыға алады.

Сербия – технологиялық инновациялар елі

«ЭКСПО – 2017» көрмесінде Сербия Республикасының Ұлттық күні аталып өтілді. Қазақстандағы Сербия елшісі Владимир Матич Сербия павильоны табиғи төрт элементтің бар мүмкіндігін көрсете алатынын атап өтті.
– Сербия биылғы «ЭСКПО» көрмесінің негізгі тақырыбы болып отырған болашақ энергиясындағы технологиялық инновациялар ортасы. Біздің ұлттық павильон авторлары элементтердің дәстүрлі бөлінуі су, ауа, жер мен отқа негізгі мән үстеп, Сербияның болашағын көруге мүмкіндік жасаған, – деді ол.
Сонымен қатар елші Сербияның Қазақстанмен тығыз экономикалық байланыс орнатуға ниетті екенін де айтты. Өз кезегінде ҚР Ұлттық эко­но­микасының вице-министрі Ернар Бакенов Сербияның біздің ел үшін сенімді серіктес екенін атап өтті.
Айта кетейік, Сербия павильо­нын­да биомассадан энергия өнді­ру­ге ар­нал­ған технологиялар қойыл­ған. Олар­­ды жағу немесе түрлендіру ар­қы­лы биоотын мен биогаз алуға бо­лады.

Израиль ұлттық күнін атап өтті

Ұлттық күнге орай екі елдің байрағы салтанатты түрде көтеріліп, әнұрандары шырқалды.
Израиль мемлекетінің Қазақстан Республикасы мен Қырғызстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Миxаэль Бродский биыл Израиль мен Қазақстан қа­рым-қатынасындағы айрықша жыл екенін атап өтті.
– Біз қос мемлекет арасында дос­тық пен өзара құрметке негіздел­ген қарым-қатынастардың 25 жыл­дығын атап өтіп жатырмыз. Өт­кен жылдың желтоқсан айындағы Из­раиль Премьер-министрінің Қазақ­станға алғашқы іссапары біздің ынтымақтастығымызды жаңа дең­гейге көтерді, – деді елші.
Израиль «ЭКСПО – 2017» көр­ме­сін Астанада өткізу идеясын қол­даған алғашқы мемлекеттердің бірі.
Қазақстан мен Израиль жоғары теxнологияларды медицинада, агро­өнеркәсіп кешенінде қолдану мәсе­лелері бойынша тығыз қарым-қа­тынаста. «Жасыл энергетика» са­ла­сында ауқымды жобаларды жү­зеге асыруды жоспарлауда.
«ЭКСПО – 2017» көрмесіндегі Израиль Ұлттық күнінің құрметіне ар­найы израильдік шығу тегі эфио­пиялық әнші Aveva өнер көр­сетті. Сонымен қатар «ЭКСПО – 2017» көрмесіндегі Израиль қонақтарына арнап аты әлемге әйгілі King David Peace Drummers барабаншылар тобы бейбітшілік және «Жасампаздық энер­­гиясы» тақырыбында марш өткізді.

 

Таңшолпан ТӨЛЕГЕН

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*