ЖУРНАЛИСТИКА: Опынар тұсымыз көп пе, отығар тұсымыз көп пе?

2304
0
Бөлісу:

Жыл сайын маусым айының соңғы жексенбісінде Баспасөз күнін атап өту дәстүрге айналған. Көрнекті қаламгер Шерхан Мұртазаның «Журналистің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» деп қолына қалам ұстаған журналистерге сипаттама бергені бар еді. Уақыт зырғып, заман өзгерсе де Шерағаңның сол тәмсілі құндылығын жойған жоқ. Бүгінгі журналистің де арқалайтын жүгі жеңіл емес. Қай жағынан алсаңыз да салмақты. «Қоғам қандай болса, журналистика сондай» деп баға беретіндер де бар. Мүмкін. Қоғам және журналистика бір-бірімен тығыз байланысты екені рас. Қоғамда түрлі мамандық бар. Бірақ журналистика осы мамандықтардың көш басында жүреді. Бұл мамандық иелерін қоғамнан бөле-жара қарай алмаймыз. Ендеше, бүгінгі журналистикасының тынысы қалай? Ол туралы журналистиканың жауынгерлері өздері айтсын.

Бекболат ӘДЕТОВ, жазушы:

Газет – халықтың тілі, үні ме?

– Бұрын газеттің сөзі – құдайдың сөзімен тең болатын. Жұрт газетке шыққанды абырой санайтын. Ал бүгін газетке көзқарас өзгерді. Сөздің қадірі кеткен кез келді. Өкініштісі, жұрт­шылық қандай мәселе көтерсе де, га­зетте шыққан дүниені сөз етуі, оны талқылап мысал етуі жоқтың қасы. Кез кел­ген мекеме жи­налыс өткізгенде бас­па­сөзде көтерілген мысал­дармен баян­дамалар жасаса, халықтың газетке деген пікірі өзгеріп, аяғын тартып басар еді. Мекеме басшылары қызмет­керлерінің газет оқуына құлықты болуы керек. Ол үшін өздері қазақ баспасөзін шолуды күнделікті дағдыға айналдыруы қажет. Бұл да жоқ.
Кеңес Одағы тұсында барлық бас­тамалар газеттен басталатын. Ленин «Неден бастау керек?» деген еңбегін жазғанда, жалпыресейлік газет ашу керек деген екен. Сол кезде газетке айрықша мән беріліп, журналистің беделі де мықты болған. Қазір жұртшылық газеттің сөзін елемейтін болды. Газет – халықтың тілі, үні екені ұмытылуда. Сондықтан мекеме бас­шыларынан бастап, облыс басшылары қызметкерлерінің қазақ баспасөзімен қаншалықты таныс екенін саралап отырса, өздері оқып үлгі көрсетсе, жағдай өзгеретін еді. Сол сияқты басшылар мемлекеттік тілде сөйлесе, қызмет­кер­лердің де құрметі артады.
Бүгінгі қазақ баспасөзіндегі кем­шіліктерге келсек, фельетон жанрының жоғалғаны алаңдатады. Жұрт фельетон­ды бұрын іздеп жүріп оқитын. Осы жанрды жаңғыртатын, ізденетін журналистер қажет.

Мағира ҚОЖАХМЕТОВА, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Балбұлақ», «Дертке дауа» республикалық басылымдарының бас редакторы:

Журналистердің материалдық ахуалы сын көтермейді

– Қоғамның, яғни өзіміздің тірлік-тынысымыз қалай болса, журналистика дәл солай дамып қалыптасуда. Көңіліміз нені қажет етсе, соның бәрі бүгінгі жур­налистикада бар. Ризамыз. Батыл, еркін, білімді. Бас редакторлардың, әсіресе, Нұртөре Жүсіптің ой-өресі, жаңа­шылдығы, көпшілдігі, бұқараның ірілі-ұсақты барлық түйткілінен хабардар, елгезек те сергектігі (өзі басқарған белді, беделді басылымдарда мұның ізі күні бүгінге шейін жалғасуда) басқаларына үлгі болса екен деймін. «Алматы ақшамы» Қали Сәрсенбайдың қаламгерлік және ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында республика­мыздың түкпір-түкпіріндегілердің сүйіп оқитын газетіне айналды. Төңірегіне өзіндей талғамы биік жандарды топтастыра біледі. Сұлулық сыры, адамның өзін тануына орай жүйелі жалғасқан тақырыптарын сүйсіне оқимыз. Журналистиканы өнерге әрі кәсіпке айналдырып, бәрімізді таң­ғалдырып келе жатқан Жарылқап Қалыбай, Шолпан Ұғыбайқызы, Қымбат Әбілдәқызына қызыға қарайтынымды бұрында талай айтқанмын. Он алты жылдан бері өзім де «Балбұлақ», «Дертке дауаны» шы­ғарып, қанша тыраш­танғаныммен бұлардың шаңына да ілесер емеспін.
Әрбір басылым ең алдымен, өзінің құрылтайшысының, тапсырыс беру­шінің талабынан шығуды көздеп, еліміз бен үкіметтің алдында тұрған аса күрделі міндеттердің жүзеге асуына ықпал етуде. Соның аясында бүгінгі журналистика халықтың мұң-мүд­десіне назар аудартуға тырысқан­мен, біздің кездегідей нақты шешім қабылдатуға қауқарсыз. Бұрын қандай да шағым хаттың ізімен жазылған немесе сын материал шықса, міндетті түрде ресми жауап келіп, дереу жария­ланатын. Журналистиканың пәрмен­ділігі де осыдан байқалатын. Қазір мұндай мақалалар тіпті құзырлы органдарға жіберілмейді де, тіпті жауапты органдар мүлдем оқымауы да мүмкін. Ең алдымен, осы мәселені
қолға алу керек. Әйтпесе, биліктің түрлі сатысындағы шенеунік­тердің мейманасы тасып, газет-жур­налдарды менсінбеуге айналды. Бұл – тара­лымның азаюына да әсер еткен сыңайлы. Журналистиканың аяқ алысы да осыған орай күрт өзгеріп, бұрынғы айбынынан айырылып қалды. Респуб­ликалық басылым беттерінде жаппай ақыл айту, бір тақырыпты таңдап, өзара топтасып салғыласу, қарапайым оқыр­манға титтей қажеті жоқ қайдағы бір шалғайдағы мем­лекеттердің саясатын ұзақсонар талдау, қысқа хабар ретінде берілуге тиісті жайттарға беттер арнау, т.б. болымсыздық белең алуда.
Күнделікті материал жазғаны­мызда тақырып қоюдан бастап жазылу стиліне дейін көркемдік мән беруге тырыса­тынбыз. Жанр ерекшелігі бір­ден ай­қындалып, репортаж, очерк, фельетон­дар, әсіресе, газеттердің шы­райын кіргізетін. Қазір өкінішке қарай, бұл жанр­лар ұмытылып, мер­зімдік ба­сы­лымдар әуелдегі ғажап бір сипа­ты­нан жұрдай тоналды. Мұны техно­ло­гияның таңдай қақтырар­лықтай жаңа­лықтарымен ақтауға көштік. Десек те, ара-арасында осы жанрлар­дың жандануына жағдай ту­ғызуға болар еді. Қалың жұртшылықтың жаппай талғамсыздыққа бет бұруына белсенділікпен «атсалысып» үлгерген телеарналардың не болса содан сенсация жасауға құмарлығы бүгінгі басылымдарды да айналып өте алар емес. Жазушылар мен журналистер, яғни руханият әлемінің нағыз сарбаздары біз әнші, асаба, продюсер, тележүргізушілердің қолына су құюға да жарамай қалдық қазір.
Осындайда ой келеді: күн сайын әлгілердің жүздеген аяқкиім, көйлек-көншік, үй-жайын, зәулім сарайларын насихаттаумен қатар тілші, газет, журнал қызметкерлерінің де жағдайын дәл солай көрсетсе ғой телеарналарда… Жоғарыда айтқанымдай, не жазып, не қойса да, тіпті жаңғырып жасам­пазданудың бетбұрыс бағдарламасын жасағандарына қарамастан қанша шырылдап, қанша айтылғанмен, журналистердің материал­дық хал-ахуалы сын көтермейді. Шүкір, Ақпарат және коммуникациялар ми­нистрлігі құрылғалы ғана журналистер өздерінің мемлекеттік деңгейдегі қа­жеттілігін және кім екенін түсіне бастады. Осыған орай әлі де түбегейлі жұмыстар атқарылуы тиіс деп ой­лаймын: Тасқа басылып шыққан әрбір арыз-шағым, тексерілген хаттың жауабын қамтамасыз ететін шара қажет шұғыл арада. Жур­налистің статусын айқындау да кезек күттір­мейтін мәселе. Әріптестеріме ке­шегі кеңес кезіндегі барлық жеңілдіктер, пәтер беру, артық шаршы метрлеріне шейін қайтарылуы тиіс. Қаламақыны көбейту тәртібін қарастырып айқындау қажет. Тәуелсіздік алғаннан бері Журналистер одағының қайда, не екенін білген емеспіз. Сондықтан шұғыл арада оны мүлдем басқа сипатта жаңадан құрып, жекелеген біреулердің пайда табуы үшін емес, ақпарат құралдары мен журналистердің мүддесіне қызмет ете­тіндей жүйесі дайындалып, жүзеге асуы тиіс. Газет-журнал шығаруға рұқсат беру мә­селесінде де ішінара талапты күшейт­кен жөн. Міне, журналис­тикадағы осы мәселелерді шешудің амал-әдістерін күтемін. Түйінін тарқатып айтуға болатын ұсыныстарым жетерлік, о жа­ғын кейін­ірек жалғас­тырармыз…

Нұртілеу ИМАНҒАЛИҰЛЫ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

Жауынгер жанрға көзқарас өзгеруі қажет

– Журналистика қоғамдық қаты­настардағы өзінің орнын анық ай­қындаған. Қазақ журналистикасының тәуелсіздік шежіресіне қарасаңыз, қазақ қоғамына тигізген үлесі ұшан-теңіз. Бүгінгі ғылыми-техникалық прогресс заманында журналистер елдік, ұлттық мәселелерді көтеруде басқа кез келген сала мамандарынан артық жұмыс істеп отырғанын көпшілік біледі.
Сорбонна университетінің жа­нында Орта Азия және Қа­зақстанның бұқаралық ақпарат құралдарының қызметі жайында ғылыми-зерттеу институты бар. Сол институт өткен ғасырдың алғашқы жылдарындағы қазақ баспасөзінің қазақ мәдениетіне төңкеріс жасағандығы туралы жазды. Институттың соңғы он жылда жасаған қорытындысы бойынша біздің журна­лис­тикада жалтақтық байқала­тынын, бейім­делгіштік бар екенін айтқан. Ғы­лыми-зерттеу институтының бұл қоры­тын­дысына мән бермеуге де болмайды.
Келесі алаңдатарлық мәселе – бүгінгі қазақ қоғамында лайықты пікірталас ұйымдастырып жүрміз бе?! Мұның бар­лығын сөз етіп отыр­ға­нымыз, қоғамдағы журналистиканың орнын анықтау қажет. Шерхан ағамыз айтқандай, бүгінгі журналистер кешегі журналистер сияқты төртінші билік болмағанымен, қоғамдағы құбылыс­тарға бейжай қарап отырған жоқ. Сондықтан болар, тәуелсіз еліміздегі журналистиканың беделі меніңше қанағаттандыра алмай отыр. Жур­налист не мемлекеттік қызметкерге де жатпайды. Осыдан жастардың баспана алу мәселесі қиындық туғызып отыр­ғаны жасырын емес. Ал мұның барлығы олардың өсіп-өнуіне, жалтақ­тамай жұмыс істеуіне кедергі келтіріп отыр. ХХІ ғасыр – білім мен ғылым ғасыры. Дамыған 30 елдің қатарына қосылу жайын сөз етсек, жауынгер жанр журналистизмге көз­қа­расты өзгертетін уақыт жетті деп ой­лаймын.

Қайнар ОЛЖАЙ, публицист:

Очерк қайда кетті?

– Қазақ журналистикасын екі кезеңге бөліп қарастыруға болады: Тәуелсіздікке дейін және кейін. Өткен журналистика туралы айтар болсақ, біріншіден, өте сауатты болды. Әрбір сөйлем сауатты жазылды, әрбір әріп өз орнында тұрды. Сол жылдары шыққан газет-журналдарда грамматикалық жағынан да, синтаксистік жағынан да ешқандай қате кетпейтін еді. Бүгінгі журналис­тикада еркіндік бар. Алайда бұл ер­кіндіктен қазақ тіліне еш пайда әкелген жоқ. Себебі, Кеңес заманында­ғы редак­торлар бір сөз үшін жауап беретін, бүгінгі редакторлар жекелеген қа­те үшін жауапты емес. Жауап­кер­шілік жүгін арқаламағаны дұрыс та шығар, алайда сауатсыздық белең алып барады. Бұл – бір.
Бүгінгі журналистиканың тиімді тұсы неде дегенге келер болсақ, ақ­паратты алудың мүмкіндігі мол. Көзбен көрмей-ақ компьютердің алдында отырып, жазуға машықтанып алды. Осының салдарынан, көзбен көріп, көңілге түймеген соң, журна­листер оқиғаны сезініп жаза алмайды. Қа­зіргі жазбаларды оқыған кезде, ма­ған да ештеңе сезілмейді, ештеңенің дәмі аузыма келмейді. Журналист көзімен көріп жазбаған соң, онда сезім жоқ. Жур­налисте сезім болмаған соң, оқырман ретінде менің де бойым­да сезім бол­майды. Сондықтан бүгінгі журналис­тиканың дәмі кетіп қалды. Екіншіден, ақпарат алудың еркіндігі болғанымен, ақпаратты сезінудің еркіндігі қалмады.
Кеңес кезінде кез келген ақпарат бірінші кезекте ресми тілде берілетін. Кеңестік цензураның астамшылдығы ма білмеймін, сол кездегі саясат біздің мақалаларымызға сынамалап болса да, еніп кететін. Өйткені орыс тіліндегі ақпаратты аударып басуға мәжбүр болдық. Ресми тілде қалай жазылса, оны аудармада өзгерту мүмкін болған жоқ. Бүгінгі жаңа буын журналистикада мұндай тенденция жоқ. Бізді қуан­татыны да – осы. Біріншіден, қазіргі жур­налистердің көбі тілді жақсы меңгерген. Орыс тілін ғана емес, ағылшын тіліне де жетік болып алды. Кез келген ақпаратты сол тілде қабыл­дап, қорыта алады. Ақпарат алу көкжиегі кеңейді.
Бүгінгі қазақ журналистикасына да «Қызыл кітап» қажет секілді. Өкінішке қарай, көп жанрлар жойылып кетті, кейбірі жойылуға жақын. Ең жақсы жанрдың бірі – очерк. Бір кейіпкер туралы жазуға очеркті жиі пайда­ланатын едік. Қазір бұл жанрды еш газеттен жолықтырмайсың. Газет-журналдарда мерейтойлық мақалалар жиі шығып жатады. Бірақ олардың ешқайсысы очерк жанрына жетпейді. Әрі бұл жанрға екінің бірі қалам тарта алмайтын. Тағы бір жоғалып кеткен жанрдың бірі – репортаж. Бұрын газеттерде «Нөмірге репортаж» дейтін айдар болатын. Журналист оқиға орнына барып, көзбен көріп, көргенін нөмірге ұсынатын. Өмірдің жақсы бір сәттерінен көңіл күй сыйлайтын, тіпті қайғылы оқиға болған жағдайдың өзінде көз алдымызға елестейтін еді. Суреттердің астында көркем мәтіндер жазылушы еді. Оны да көп кездес­тір­мейтін болдық. Қазір кейбір аға газет­тердің өзі қатеден көз ашпайтын болды. Жекемен бастап, көпше түрде аяқт­а­ла­тын сөйлемдерді де жиі бай­қаймыз. Мә­селен, Айдын Айым­бетовты «ұш­қыш» деп емес, «ұшқыштар» деп бер­ген газетті де оқыдық. Бұл ұят емес пе?
Пресс-релиз бүгінгі журна­листи­каның сорына айналды. Біріншіден, олардың бәрі орысша жазылады. Екіншіден, қазақ тіліне сауатсыз ау­дарылады. Байқағаным, екі нәрсе дұрыс аударылмайды. Бірі – дүкендегі заттаңба болса, екіншісі – пресс-релиздер. Жауапкершілік жоқ. Сауат­сыз аударылған мәтіндерді сол сауат­сыз күйінде газет-журналдарға жа­рия­­лайды. Өйткені журналист пресс-релиздегі қате аударманы кө­шіріп алады. Бір жиынға барған бір­неше журналистің мәтіні бір-бірінен аумай, қатемен шығатыны сондықтан. Бұл журналистің ізденбей­тінін көр­сетеді. Бүгінгі жур­налистика өткенмен салыстырғанда, жалқаулау. Тіл білсем деген құлшынысын құптаймын. Сөздік қоры мен ізденіс жағынан бұрынғыдан көп төмендеп кеткені жасырын емес.

Зейін ӘЛІПБЕК, журналист:

Сараптамалық дүниелер үлесі азайған

– Бүгінгі қазақ журналистикасы өзінің негізгі қызметін атқарып келе жатыр. Журналистер тәуелсіздігімізді нығайту жолында қызмет етуде. Дегенмен көкейімде көптен жүрген мәселе – сараптамалық дүниелердің азайып кеткенін ашық айтуымыз керек. 1990 жылдары бағдарламаларда сараптаманың үлесі көп еді. Ал қазір жеңіл, ойын-сауықтық бағыттағы дүниелер көбейіп кетті. Мұның барлығы соңғы жылдары пайда болған рейтингке байланысты орын алып отыр. Ақпарат құралының өтімділігі, маңыз­дылығы, жақсы не жаманы рейтингпен өлшенетіні қынжылтады. Рейтинг жоғары болған сайын сол БАҚ көзі де күшті деп есептелетін болды. Дәл осы өлшем қоғамға кері әсерін ти­гізіп жатыр. Рейтингке қол жеткізу жолында ойлы, тағылымы мол дүниелер сыртта қалып, жеңіл-желпі материал­дар алға шығып отырғаны жасырын емес. Ұлттық тәрбие мәселесі көп қоз­ғалмай жатқаны өкінішті. Тәрбие – отбасынан басталады. Үлкенге құрмет, кішіге ізет сынды дүниелер айтылмай­ды. Рейтинг жолында арзан материал­дар көрсетіліп жатыр. Қын­жылтатыны, өскелең ұрпақ бірден көрген дүниесін дәл сол қал­пында қабылдайды. Бала телеарнаға қарап өсетіні рас. Эко­номикалық тұрғыдан даму да тәрбиеден бастала­тынын ұмытпаған абзал.
Журналистердің адамның жеке өміріне араласып кететінін байқап жатамыз. Бұл журналистік этикаға қайшы келеді. Сенсация қуған журналистер бұл этиканың біреуін де сақтамай, халықты дүрліктіруді мақсат етеді. Бұған кәсіби тұрғыдан да, заң тұрғысынан да мән беру қажет.
Өнер жұлдыздарының өмірі жайлы ойын-сауық бағдарламалардың көбейіп кеткенін білеміз. Телеарна журна­листері де бұл халықтың сұранысынан пайда бол­ғанын айтуда. Қазір ақпарат­тық қызмет рейтингпен өлшенетін болғандықтан, журналистер осындай дүниелерге амал­сыз барып отырады. Халықтың талғамы төмендеген. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеген, сараптамалық сауатты бағдарламалар көбірек эфирге шықса, рейтингісі бұлардан да жоғары болады деп ойлаймын. Мәселе – сол дүниелерді көрсете білетін журналистік кәсі­билікте. Мысалы, Зейнеп Ахметова апайымызды қонақ ретінде шақырса, қаншама тағылымы мол әңгімелерін берер едік. Сондықтан бүгінгі қоғамға бірінші кезекте ұлттық тәрбиені көтеруді ойлау қажет.

 

Гүлзина БЕКТАС, Ақбота ИСЛӘМБЕК

Бөлісу:

Пікір жазу


*