Мәжіліс спикері Сеулге сапарлады

1107
0
Бөлісу:

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Оңтүстік Кореяның астанасы – Сеулде Еуразия елдері парламенттері спикерлері­нің екінші жиналысына қатысу барысында бірқатар парламенттер төрағаларымен екіжақты кездесулер өткізді. 

Форум барысында алғашқы жүздесу Кореяның Ұлттық ассамблеясында өтті. Нұрлан Зайроллаұлы Чунг Сэ Гюнмен парламентаралық үнқатысуды одан әрі ын­таландырудың өзекті мәселелерін талқылады. Қазақстан мен Корея арасындағы стратегиялық әріптестікке баса назар аударған Мәжіліс спикері Еуразиялық одақ үлкен мүмкіндіктерге жол ашатынын атап өтті. Өз кезегінде Чунг Сэ Гюн біздің елімізбен ықпалдастықты тереңдетуге дайын екендіктерін жеткізді.
Ресей Мемлекеттік Думасының төрағасы Вячеслав Володинмен жүздесуде интеграциялық бір­лестіктер аясында ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелері талқыланды. Тараптар атап өткендей, Қа­зақ­стан мен Ресей басшыларының өзара белсенді іс-қи­мылы – қос мемлекет арасында орнаған берік достық әрі страте­гиялық қарым-қатынастың жарқын көрінісі.
Қазақстан мен Армения парламенттері арасындағы байланысты дамытуға – достық тобы барынша ықпал ететін болады. Оның құрамы таяу уақытта Арменияның Ұлттық жиналысында бекітіледі. Бұл туралы Мәжіліс төрағасы Н.Нығматулинмен кездесуі барысында осы елдің Ұлттық жиналысының төрағасы Ара Баблоян мәлімдеді.
Нұрлан Нығматулин сондай-ақ Сеулде Еуразия елдері парламенттері төрағаларының екінші жина­лысына қатысып, сөз сөйледі. Спикер Еуразия елдері парламенттері өкілдерін еуразиялық ынтымақтастықты дамыту және нығайту үрдісіне белсене араласуға ша­қырды. Мәжіліс төрағасының пікірінше Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтқан Еуразиялық идея макроаймақтық интеграциялық жобалар түрінде жүзеге асып, іс жүзінде өз тиімділігін дәлелдеді. Олардың қатарында ЕАЭО, АӨСШК және ШЫҰ-ны атауға болады.
– Интеграция жолындағы нақты қадамдар Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразиялық жобаларының іс жүзінде орындалуы, – деді Н.Нығматулин. Бұл ретте спикер ха­лықаралық терроризм және лаңкестік, заңсыз көші-қон, ұйымдасқан трансұлттық қылмысқа қарсы күрес және басқа да халықаралық деңгейдегі өзекті мәселелеріне тоқталды. Аталған маңызды жиынға 27 елдің өкілдері қатысуда. Жиналыс нәтижесі бойынша қорытынды құ­жат – Сеул мәлімдемесі қабылданады.

Бөлісу:

Пікір жазу


*