Сенат сайлауына сақадай-сай

1706
0
Бөлісу:

Алдағы сәрсенбіде елімізде сенаторлар сайлауы өтеді. Осыған орай Орталық сайлау комис­сиясының отырысы өтіп, онда Жоғары палата депутаттарын сайлау науқанының барысы және дауыс беру күніне дайындық мәселелері пысықталды.

Отырысты ашқан Ортсайлауком төрағасы Б.Имашев 26 маусымда түнгі сағат 12-де Парламент Сенатының депутаттығына үміткерлердің сайлау алдындағы үгіт жұмыстары аяқ­талатынын айтты. «Сенат депутат­тығына тіркелген үміткерлердің соңғы тізімі айқындалды. Облыстық, Астана мен Алматы қалалары сайлау ко­миссияларының мәліметтеріне сәйкес, барлығы 38 үміткер тіркелді» деді ол.
Жергілікті бұқаралық ақпарат құрал­дарында таңдаушылардың тізімдері жарияланды. Олардың деректеріне сәйкес, бос округтердің пайда болуына байланысты елімізде 28 маусымда сайлауға қатысатын таңдаушылардың саны 3 мың 293 адамды құрайды. Олардың барлығы – мәслихат депутаттары.
Таңдаушылардың саны бойынша басым аймақтардың қатарында Алматы (333), Шығыс Қазақстан (318) және Оңтүстік Қазақстан облыстары (312) кіреді. Астана мен Алматы қалаларында таңдаушылар саны аз болып отыр және тиісінше 25 және 36 адамды құрайды.
Дауыс беру пункттері «Сайлау учаскесінде, сайлау пунктінде дауыс беруге арналған үй-жайды жарақ­тандыру жөніндегі нұсқаулыққа» сәйкес толықтай қамтамасыз етілген.
Халықаралық байқаушылар қыс­қа мерзімді байқау жұмыстарына кірісті.
Отырыс соңында Берік Имашев сайлау науқаны «Қазақстан Респуб­ликасындағы сайлау туралы» консти­туциялық заңына қатаң сәйкес жүзеге асырылып отырғандығын атап өтті.
Ортсайлауком мәліметінше, алдағы сайлауда алғаш рет таңдаушыларды электрондық тіркеу қолданылатын болады. Соның арқасында Парламент Сенаты депутаттарын сайлаудың алдын ала қорытындылары шығарылады. Бұл жүйе биылғы 8 маусымда өткен ОСК отырысында паш етілді.
Бұл жоба сайлау жүйесін цифр­ландыру шеңберінде электораттық процестерді байқаудың неғұрлым кең мүмкіндіктерін беру үшін әзірленді. Электрондық тіркеу таңдаушылардың келуі туралы, сондай-ақ өңірлерде дауыстарды санау рәсімі аяқталған соң дауыс берудің алдын ала қорытын­ды­лары туралы ақпаратты Ортсай­лаукомның ресми сайтында онлайн режимде орналастыруға мүмкіндік береді.

 

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*