Еуразия даму банкі отырыс өткізді

1638
0
Бөлісу:

Үкімет үйінде Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен Еуразия даму банкі (ЕАДБ) Кеңесінің отырысы өтті.

Отырыс барысында 2016 жылғы банкті басқарудың жылдық есебі бойынша мәлімет тыңдалды. ЕАДБ басқару жүйесін жетілдіру шаралары қаралды, сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидалары мен жоба­ларды іске асыру және ЕАДБ инвести­циялық қоржынын кеңейту мәселелері талқыланды.
Еуразия даму банкі (ЕАДБ) – Еуразиялық эконо­микалық одаққа қатысушы мемлекет­тердің экономикалық өсіміне жәрдемдесуге, олардың арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге және инвести­циялық қызметті жүзеге асыру арқылы Еу­разия кеңістігінде интеграциялық үдерістерді дамытуға арналған халықаралық қаржы ұйымы.
Банк 2006 жылы 12 қаңтарда қол қойылған мемлекетаралық келісім негізінде құрылған. Банкті құру бастамасы Қазақстан мен Ресей президенттеріне тиесілі.
Осы күні Үкімет үйінде Бақытжан Сағынтаев «Цифрлық Қазақстан» мем­ле­кеттік бағдарламасының жобасына қатысты мәселелер бойынша кеңес өткізді.
Жаңа мемлекеттік бағдарлама ұлттық эко­­номиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мен технологиялық жаңартуға бағытталған.
Кеңес барысында бағдарламаның маңыз­ды бағыттары мен жаңа жұмыс орындарын ашу, еңбек өнімділігін арттыру мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Мажарстанның Сыртқы істер және сыртқы экономикалық байланыстар министрі Питер Сийяртомен кездесу өткізді. Кездесу барысында сауда, экономика, ауыл шаруа­шылығы, денсаулық сақтау, туризм және мұнай-газ салаларындағы екіжақты ынтымақ­тастықты одан әрі жалғастыру мәселелері тал­қыланды. Бұдан бөлек, АХҚО аясындағы өзара іс-қимыл мен Халықаралық EXPO – 2017 мамандандырылған көрмесі ая­сында 18 тамызда Мажарстанның ұлттық күнін атап өту мәселелері қаралды.

 Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*