ӘРБІР ҚАЗАҚҚА ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕСІГІ АШЫҚ

1644
0
Бөлісу:

Бүгінде дүниежүзінде мыңдаған ұлттар тіршілік етуде. Алайда тәуелсіз мемлекет құру – олардың бәріне бірдей бұйыра бермеген бақ. Елбасы айтқандай, алып планетадан туын тігер алақандай төбе таба алмай жүрген халықтар қаншама! Елбасыға ерген, саясатына сенген Қазақ елі төл тәуелсіздігін нығайтып, дүние тұрғанша тұрар Мәңгілік ел құруда. Осының арқасында кезінде тағдыр талайымен бүкіл әлем тарыдай шашылып кеткен ағайын атамекенде қауышу мүмкіндігіне ие.
Кеше Қазақстан Президенті Н.Назар­баев елорда төріндегі Тәуелсіздік сарайында өткен Дүниежүзі қазақтарының V құ­рыл­тайына қатысты. Мемлекет басшысы Астанаға әлемнің 39 елінен келген қан­дастарға арнап сөз сөйледі. Ол алғашқы құрылтай өткеннен бергі 25 жылда Қазақ­станның жеткен жетістіктерін, елімізде жүргізілген реформаларды атап өтті.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев рухани жаңғыру аясында іске асырылып жатқан 6 жо­баға, соның ішінде қазақ қарпінің латын әліпбиіне көшуі, гуманитарлық бағыттағы үздік 100 оқулықты қазақ тіліне аудару, «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерле­рінің географиясы», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «Қазақстандағы 100 жаңа есім» сияқты жобаларға жеке тоқталды.


– Қазақ тілін латын қарпіне көшіру – ана тіліміздің жаһандық ғылым мен білімге кірігуін, сондай-ақ әлем қазақтарының руха­ни тұтастығын қамтамасыз ететін біре­гей қадам. Бұрынғы КСРО тәжірибе­сімен Қазақстандағы қазақтар – кириллицаны, Қытайдағы қандастарымыз – төте жазуды, батыс елдеріндегі бауырларымыз латын әрпін қолданады. Сөйлескенде тіліміз бір бол­ғанымен, оқығанда тіліміз үш түрлі. Бірі­міздің жазғанымызды біріміз оқи алмаймыз. Бұл – жер жүзіне шашылған қазақ­тың кейінгі ұрпағын бір-бірінен алшақтатады, – деген Нұрсұлтан Назарбаев 2025 жылға дейін созбай, «көп ұзамай бұл олқылықтарды бір­жолата жою үшін жұмыс жасалып жатқанын» айтты.
Сөзін әрі сабақтаған Президент мем­лекет пен қоғам тарапынан қандастары­мызды жан-жақты қолдау үшін қажетті шараларды атап, тиісті тапсырмалар берді.
Біріншіден, Үкіметке «Отандастар» қорын құруды тапсырды. Сонымен бірге, қалталы азаматтарды да бұл іске ізгі үлесін қосуға үндеді.
– Тәуелсіздіктің 25 жылдан астам уақы­тында экономиканың өсуіне байланысты, сарабдал саясаттың жүргізілуінің арқасында көп азаматтарымыз әл-ауқат жиып, бай адам­дарға айналды. Біздің елде бай адамдар көбірек болуы тиіс. Олар мемлекетке қолдау көрсетуі қажет. Бүгін олардың барлығы­на үндеу тастаймын. Біз кезінде өзге елдер­ден қазақ жеріне күштеп көшірілген халықтар­­ға құшақ жайдық, қорған болдық. Дәл осын­­­дай қамқорлықты енді шеттен келетін өз қандас­тарымызға көрсетуіміз абзал. Бизнесмен­дерді осы қорға өзіндік үлес қосуға шақырамын, – деген Елбасы осы істі ұйым­дас­тыруды Дүниежүзі қазақтары қауым­дастығының басшылығына, Прези­дент Аппаратына және Үкіметке жүктеді.
Мемлекет басшысы осы тұста Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының кеңсесін Алматыдан Астанаға көшіруді тапсырды.
Екіншіден, Н.Назарбаев түңлігін жаңа­дан түретін «Отандастар» қорына, аталған қауымдастықпен бірлесіп, отандастарға жан-жақты қолдау мен көмек көрсетудің нақты іс-шараларын анықтауға, соған сәй­кес кешенді бағдарлама әзірлеуге тапсырма берді:
– Ол бағдарламада қазақтың атамекенге көшуіне қатысты, сондай-ақ алыстағы аға­йынмен байланысты барлық мәселелер қамтылуы керек. Бағдарламаның басым­дық­тары мен міндеттері қор арқылы іске асы­ры­латын болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Үшіншіден, Қазақстан Көшбасшысының байламынша, елім-жерім деп емірене жеткен әрбір қазаққа Қазақстанның есігі әрқашан айқара ашық болуы тиіс. Яғни, оралмандарды шекарада әр алуан құжат сұратып, сер­гелдеңге салмаған жөн.
– Ешкімге де шектеу жоқ. Еліме оралам дегендерге қауымдастық арқылы барлық жағдай жасауымыз қажет. Біз көшіп келетін ағайынға жол сілтеуді тұрғылықты жерінен бастауымыз керек. Біздің барлық елдерде елшіліктеріміз бар. Сол елшіліктер азамат­тардың құжаттарын қамдап, қоныстанатын жері туралы кеңес беруге тиіс. Мұны Сыртқы істер министрлігіне тапсырамын. Келемін дегендер шекарада ылғи шырғалаң болып тұрады. Елге келгеннен соң, құжат түгендеу үшін ары-бері сабылу болмауы керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мысалы, оралмандардан сотталған-сотталмағаны туралы анықтама әкелу талап етіледі, бұл Қытай қазақтарының көшуіне проблемалар туғызады екен. «Оны шекара тұрғысынан сол жерде анықтап, көрші елмен келісіп, шешу керек. Үкіметке осының барлығын кешенді түрде қайта қарап, ше­шімін табуды тапсырамын!» деді Президент.
Осылайша, еліміздің әр елдегі елші­ліктері Қазақстанға оралушылардың құжат­тарын дайындауға жәрдемдеседі, оларға кеңес беру жөніндегі жұмыстар енді күшей­тіледі.
Төртіншіден, Қазақстан шетте жүрген қазақтардың жас ұрпағына қамқорлық жасайды.
– Жастарға қолдау көрсету қажет. Біз шетелдегі қазақтардың балаларына Қазақ­станда білім алуларына бар жағдайды жасаймыз. Қазір олар мемлекеттік грант арқылы еліміздің жоғары оқу орындарында оқи алады. Үкіметке отандастарымыздың жоғары білім алуын қолжетімді ету үшін оларға қазіргі бөлінетін квотаны екі есеге көбейтуді тапсырамын, – деген Елбасының ұсынысын да құрылтайға қатысушылар ұзақ қол шапалақпен қуаттады.
Мемлекет басшысы қазір Қазақстанда білім мен ғылымға үлкен көңіл бөлініп жат­қанына назар аудартты. Тәуелсіздік жылдары ішінде 1500 заманауи мектеп салынды. Көптеген жоғары оқу орындары ашылды.
– Дүниежүзі университеттерімен терезесі тең Назарбаев университеті, Қазақ-Британ университеті, IT-технологиялар универ­ситеттері бізде бар. Бірақ естеріңізде болсын, ол университеттерге түсу оңай емес. Егер білімі жетпейтін болса, ол балаларды алдын ала дайындық оқуларынан өткізуіміз керек. Себебі, бірден оқуға қабылдасақ, ары қарай игере алмайтын болса, артынша оқудан шығып қалады, – деп ескертті Н.Назарбаев.
Елбасы шетелдік қазақ студенттері үшін арнайы стипендиялық бағдарлама енгізуді ұсынды. «Қазір қай елдің азаматы болса да, елде оқыса, жергілікті жерге бой үйретсе, ол қазақ баласы ертең, әрине, Қазақстанға қызмет етеді» деді Президент.
Бесіншіден, Қазақстан Көшбасшысы сыртта жүрген қазақтардың бір бөлігі, әсіресе, жастары ассимиляцияға түсіп, ұлт­тық бет-бейнесін жоғалтып, ана тілін ұмытып жатқанын ашық айтты.
– Мұны біз де жақсы білеміз. Тәуелсіз­дікке дейін өз жерімізде, Қазақстанда оты­рып, біз де соның кебін құша жаздаған­быз. Демек, енді біз сол қазақтарға ара түсуге тиіспіз! Үкімет – шетелдегі қандастарымыз ықшам орналасқан өңірлерде олардың ана тілінде білім алу мүмкіндіктерін қарастыруы керек! Қысқа мерзім ішінде қазақ диаспо­расын гуманитарлық бағыттағы әдебиет­термен, оқулықтармен, әдістемелік құрал­дар­мен қамтамасыз етуді тапсырамын, – деген Елбасы сөзін кезекті рет ду қол шапалақ көміп кетті. Нұрсұлтан Назарбаев шеттегі қазақтардың тағы бір көкейтесті проблемасын дөп басып қана қоймай, оны шешудің нақты жолын көрсеткен еді.
Бұл ретте Мемлекет басшысы оқулық­тарды жаңарту және жақсарту өз ішімізде де қолға алынып жатқанын, сондықтан бар талап етілетіні – қазақ тіліндегі сол мате­риал­дардың таралымын біраз көбейтіп, шет­елге жолдау болып табылатынын нықтады.
Алтыншыдан, әлемнің кез келген елінде тұратын қазақ диаспораларының атаме­ке­н­нен тұрақты хабар алып тұруына мән беріледі.
– Олар Қазақстанда не болып жатқанын білгісі келеді. Істеген істерді көргісі келеді. Қазақ шетелдік көрермендерге арналған Kazakh TV телеарнасы қандастарымыз тұра­тын аймақтардың біразын қамтиды. Бірақ бұл жеткіліксіз! Үкіметке мемлекеттік теле­ар­наларды іргелес елдерде көрсету мүм­кіндіктерін қарастыруды жүктеймін. Бұл мерзімді баспасөзге де қатысты. Бұл жұ­мыстар қатар жүргізілуі керек, – деді
Н.Назарбаев.
Жетіншіден, кез келген мемлекет кәсіби, білімді, жаңашыл мамандарға мұқтаж.
– Тарихи Отаныма еңбек сіңіремін, оның дамуына үлес қосамын!» деген әр талантты қазақты елге шақырамын! Олардың бізде жеке тізімі де бар. Шетелге шыққанда жеке кездесемін. Араларында кезінде жағда­йы болмай, шетелге көшіп кеткен, қазір соларда үлкен ғалым болып, зертханаларда зерттеулер жасап жүрген қазақстандықтар жетерлік. Меніңше, олар да елге келуге ынталы. Соларды шақырып, еліміздің өркендеуіне еңбек етуіне ынталандыруымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен бірге, Үкіметке осындай аза­маттарды елге тартып, мамандығына, мүм­кіндігіне қарай жағдай жасаудың тетіктерін қарастыру туралы тапсырма берді. Осы тұста Президент шақыруға еріп, елге келген ше­тел­дегі кейбір ғалымдардың еңселі кең­селердің табалды­рығын тоздырып, ешкімнен қолдау көрмей, сұраныс таппай, қайтып кет­кен кездері де болғанын еске салды және жа­уапты тұлға­ларға бұдан былай ондай ке­лең­сіздіктерге жол бермеуді қадап тапсырды.
Сегізіншіден, еліміздегі жұмыс қолы шектен тыс көп өңірлерден азаматтарды еңбек ресурстары тапшы өңірлерге өз еркі­мен қоныстануын ынталандыратын «Серпін» бағдарламасы шеттен келетін аға­йынға бейімделеді. Қазақстан көшбасшысы ел халқының басым көпшілігі оңтүстік өңірлерге шоғырланғанына назар аудартты.

– Солтүстікте халық тым сирек. Кең байтақ жеріміз бар. Қойны қазынаға толы. Шөбі шүйгін. Жұмыс өрісі кең, өндіріске мүмкіндік мол. Бірақ адам аз. Сол себепті, арнайы бағдарлама қабылдап, жұмыс таппай жүрген оңтүстіктің тұрғындарын солтүстікке көшіріп, орналастырып, жұмыс беріп, балаларын оқытып, мамандық беріп жатырмыз. Ағайындар еңбек күші аз, бірақ барлық жағдайы бар теріскей жаққа қоныстануға ынталы болуы керек, – деді Елбасы.
Н.Назарбаев оралмандардың, әсіресе, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, Түркі­менстаннан, Ауғанстаннан келген ағайындардың Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстарына қоныстануға жан салатынын, тиісінше, онсыз да жергілікті жұртшылығы «екі қолға бір күрек» таба алмай отырған өңірлердің жағдайын ауырлата түсетінін айта келе, Атажұртқа бет алған ағайынға қайырылды:
– Ештеңеден – Отанның суығынан да, ыстығынан да қорықпаңыздар! Бұл өңірлердің барлығы да – біздің Отанымыз. Оның әр сүйем жеріне ата-бабамыздың қаны мен тері төгілген. Шетелде кездесу өткізгенде кейбіреулер «Қа­зақстанның өте суық екенін» айтып жатады. Сонда оларға: «Мұның барлығы – менің Отаным! Басқа елдің ыстығы маған керек емес!» деп жауап қатамын. Бізге бұйырған бақ бұл. Өзімізге осы ұнайды, – деген Елбасы сөздеріне сүйсінген әрі риза болған зал толы халық дүркірете қол соқты.
Мемлекет басшысы «Серпін» бағдарламасын кеңейтуді ұсынды:
– Бұл бағдарламаны көшіп келген ағайындарға да бейімдеуіміз қажет. Сол жақтарда бейімдеу орталықтары түсіндіру жұмыстарын жүргізсе, мамандығы жоқтарын мамандыққа баулыса, жұмыссыздарын жұмысқа орналастырса, сол кезде келушілер тұрақ тауып, қалатын болады. Келген ағайындарды қоныстандыратын үйлер салып, әлеуметтік инфрақұрылым жасау қажет. Оны бағдарлама түрінде қолға алуымыз керек. Қажетті мамандық алуына жәрдем беріп, жұмыспен қамту үшін жол картасын жасау қажет. Осының барлығы ұлтымыздың, еліміздің жарқын болашағы үшін атқарылатын маңызды шаралар болмақ! – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы сөз соңында құрылтайға қа­тысушыларға Астананы аралап, EXPО – 2017 мамандандырылған көрмесін тамашалау жөнінде ұсыныс айтты.
Құрылтай соңында Мемлекет басшысы шетелдегі ағайынның атамекенді ұмытпай, оны әрдайым құрмет тұтуға шақырды.
– Шетелдегі қазақтардың елге жиі келіп, туған жерімен байланыстарын нығайтып отырғаны дұрыс. Қай елде тұрсаңыздар да, әрдайым Қазақстанды жүректеріңіздің төрінде ұстаңыздар. Қазақтың тарихи Отаны біреу-ақ.
Ол – Қазақстан! – деп түйіндеді Нұрсұлтан Назарбаев.
Өзбекстан делегациясының басшысы Серікбай Үсенов Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Төрағасы ретінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты қайта сайлауды ұсынды. Дауыс беру нәтижесінде, бұл ұсыныс бірауыздан қолдау тапты.
Өз кезегінде Н.Назарбаев Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары қызметіне Зауытбек Тұрысбековтың кандидатурасын ұсынды. Құрылтай делегаттары бұған бірден келісті. 2004 жылдан бері осы қызметті Талғат Мамашов басқарып келген болатын. Бұл ретте қауымдастық алдына «Отандастар» қорының жұмыстары сыртында, дүниежүзінде, әсіресе, дамыған елдерде жүрген қазақ ғалымдарын Қазақстанға тарту, олардың инновациялық өнертабыстарын елімізде енгізуіне жәрдемдесу, шетел қазақтарынан шыққан инвесторлардың келуіне ықпал ету секілді жаңа міндеттер тұр.
Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайына барлығы 750-дей делегат пен қонақ қатысты. Оның 350-і алыс және жақын шетелдегі 39 мемлекеттен келді. Бұлар – ғылыми-шығар­машылық және педагогикалық зиялы қауым өкілдері, бизнес, спорт, бұқаралық ақпарат құралдары салаларының мамандары, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың қызметкерлері. Құрылтай делегаттары мен қонақтарының 80 пайызы оған алғаш рет қатысқаны хабарланды.

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*