Ханкелді ӘБЖАНОВ, ҰҒА академигі: Дұрысы осы ғой…

997
0
Бөлісу:

– Астанадағы халықаралық әуежайға Елбасы есімін беру жайлы ұсынысты Қазақстан Үкіметі жанындағы мемле­кеттік ономастикалық комиссияның мүшесі ретінде қалтқысыз қолдадым.
Астаналардағы бас әуежай қай елде болмасын кіретін қақпа саналады. «Ауылына қарап, азаматын таны» деген қағидат бар. Алыс-жақын елден келген қонақ әуежай табалдырығынан аттаған сәттен-ақ қуанса да, ренжісе де сол ел туралы пікірге келетіні сөзсіз.
Қазақстанда зәулім әуежайлар жоққа тән. Енді ғана сең бұзылған тәрізді. Сол ғимарат Президенттің есімімен аталып тұрса, ұлық есімге лайық деңгейдегі сәулет ескерткіші биігінен кө­ріне алса, алғаш көргендегі сезім – өмір бойы естен кетпейтіні рас.
Астанаға ұшақпен жиі баратын жанның бірімін. Ескі ғимарат түкке жарамайды демеймін, дегенмен заманауи талапқа сай келмейтіні көрініп тұратын. Мұнда жолаушыларға қызмет көрсету үшін қажетті кеңістік жете бермейді. Газет-журнал, кітап сататын бір ғана дүңгіршек жұмыс істеп тұр. Бейжіндегі, Сеулдегі әуежайлардың бір шетінен екінші шетіне метро тәрізді арнайы көлікпен жетесіз. Біздегі үрдіс жалғаса берсе, соларға жақындармыз. Жаңа әуежайымыздың сырт келбеті көз тойғандай. Келім-кетім техниканың тұрағы атшаптырым аумақты алып жатыр.
Ғимарат – Қазақстандағы түбегейлі өзгерістер мен ілгерілеуді бейнелейді. Соның бәрінің бастау-бұлағында Елбасымыз тұрған жоқ па?!
Бұдан былай да, Астанадан ұшқан қазақстандық пен шетел азаматын тұңғыш Президентіміз өзі шығарып салып, кел­гендерді тағы да өзі қарсы алып тұр деген сезімнен айрылмайық. Дұрысы осы ғой…


Николай КРЕМЕНИШ, Кеңес Одағының батыры, Ауған соғысының ардагерi:

Елбасы – нағыз батыр

– Өмір мен өлім арпалысқан қан құйлы соғыс пен ажал апанын көріп, елге аман-есен оралған жауынгермін. Сондық­тан бейбітшіліктің қадірі мен бағасын жақсы білемін.
Әкем – Одессада дүниеге келген болгар азаматы, анам – орталық Ресейдің тумасы. Тағдырдың жазуымен бас сауғалап келіп, Екібастұзда танысқан. Кіндік қаным қазақ топырағында тамғандықтан, өзімді ұлы халықтың төл перзентімін деп есептеймін. 18 жасымда Ауған соғысына аттанып, дәм бұйырып осы қасиетті мекенге қайта оралдым. Арқамнан қағып шығарып салып, құшақ жая қарсы алған Отаным – осы. Әлі күнге майдангер батыр деп құрмет-қошемет көрсетеді, бар жақсылықтың ортасында жүремін. Дегенмен менің ойымша, нағыз батыр – біздің Елбасы.
Украина мен Сириядағы, Түркия мен Ресейдегі жағдайларға байланысты бітімгерлік жасап, әлем елдеріне үлгілі тұлға бола білді. Соның нәтижесінде, Астанада халықаралық EXPО – 2017 көрмесі сән-салтанатымен ашылып, төрткүл дүние назарын салып отыр.
Қазіргі таңда «Халықаралық Алматы әуежайы» АҚ сервистік қызмет көрсету бөлімі басшысының орынбасарымын. Елбасының есімі Халықаралық Астана әуежайына берілуі құптарлық қадам деп есептеймін.
Әуежай қызметкерлері үшін бұл – үлкен құрмет әрі жауапкершілік жүктейді. Өз кезегімізде Ұлт Көшбасшысының атына лайық болу үшін бар күш-жігерімізді салып, аянбай еңбек етеміз деп сендіргім келеді. Қазақстанның бейбіт аспаны астында Нұрсұлтан Назарбаев әуежайы қонақтарды үздіксіз қабылдай берсін!


Икрам ХАШИМЖАНОВ, Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестіктері «Дўстлик» қауымдастығының төрағасы:

Бүкіл халқымыздың құрметі

– Ұлт көшбасшысы Тәуелсіз мемлекетімізді 25 жыл ішінде әлемге паш етіп, қазақ халқының абыройын көтерді. Еліміздің 2050 жылға дейінгі экономикалық, саяси және рухани жаңғыруымен дамуының жаңа бағыттарын көрсетіп берді.
Басты мақсаттарымыздың бірі – Қазақстанды әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосу. Біз, жаңа әлемдегі жаңа қазақстандықтар, жаңа дәуірде өмір сүріп әлеуметтік жағдайымызды өсіп-өркендегеніне шүкіршілік ететін кезіміз келді. Осы жетістіктердің барлығы – Елбасымыздың сара және сарабдал саясатының арқасында деп білеміз.
Көпұлтты қазақстандықтардың елдігі мен бірлігі, ерлігі мен еңбегі сыналып, шыңдалып, талай асуларды бағындырды. Бұл жетістіктеріміздің барлығы ұлт Көшбасшысының арқасында екендігі баршамызға мәлім.
Елбасымыздың ел бірлігі, жер тұтастығы, мемлекеттің қуатты да табысты болуына, халықтың болашағы мен тағдырын ойлайтыны әр адамның көңілінен шығып отыр. Қазақстанды мекендеген түрлі этнос өкілі қоғамдағы тұрақтылық пен келісімнің қалыптасуына үлкен үлесін қосуда.
Астана халықаралық әуежайының Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы болып қайта аталуы – бүкіл халқы­мыздың құрметі.


Айдана АРЫНБЕК, «Нұр Отан» партиясы Саяси талдау және стратегиялық зерттеулер орталығы халықаралық зерттеулер бөлімінің сарапшысы:

Әлемдік тәжірибенің үлгісі

– Тәуелсіз Қазақстан және оның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевты әлем елдері біртұтас ұғым ретінде қа­был­дайды. Мемлекет басшысы әлем тарихына табысты елдің ір­гетасын қалаушы тұлға ретінде кірді. Осыған байланысты, Ас­тана қаласының әуежайына Президент Нұрсұлтан Назар­баев­­тың атын беру – дер кезінде қабылданған шешім деуге болады.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, жер шарындағы елдерде ірі әуежайларға мемлекетке еңбек сіңірген қайраткерлердің атын беру үрдісі қалыптасқан дәстүр. Мәселен, 1998 жылы АҚШ-тың 42-президенті Билл Клинтонның бастамасы және Конгрестің қолдауымен Вашингтон ұлттық әуежайына Рональд Рейганның есімі берілді. Бұл жаңалықты амери­калықтар қуана құптады.
Хьюстон қаласындағы әуежайға АҚШ-тың 41-президенті Үлкен Джордж Буштың аты берілді. Тіпті ескерткіші де қо­йылды.
2012 жылы Литл-Рок муниципальды әуежай комиссиясы ғимарат атауын өзгертуге ұсыныс жасады. Сөйтіп, Арканзас губернаторы болған елдің 42-президенті Билл Клинтонның атын беру ұсынылды. Билл Клинтон елді басқарған жылдары ішкі саясатқа көп көңіл бөліп, нәтижесінде АҚШ сыртқы қарыздарын қысқартқан, жұмыссыздық төмендеген.
Мұндай үрдіс Польшада да бар. Гдань әуежайы Польша президенті Лех Валенсаның есімімен аталады. Бұл бастаманы поляктар қызу қуаттады.
Тіпті Мадейр аралындағы әуежайға «Реала» командасының шабуылшысы Криштиану Роналдудың аты берілуі де қызық оқиға. Биылғы 27 наурыздан бері Португалияның қақпасы сана­латын әуежай – «Криштиану Роналду атындағы халық­аралық Мадейр әуежайы» деп аталады. Мұндай мысал Сауд Арабиясында да бар.
Қорыта айтқанда, шетелдік тәжірибе елге еңбегі сіңген қайраткерлерге әуежай атауын берудің үлгісі барын көрсетеді және ол мемлекеттің дамуына, көркеюіне еңбек сіңірген тұлғаларға ризашылықтың белгісі ретінде қабылданады.
Қазақстан Республикасының астанасындағы халықаралық әуежайдың Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы деп аталуын заңдылық ретінде қарау керек.


Шерзод ПУЛАТОВ, Астана қаласы өзбек этномәдени орталығының төрағасы, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі:

Ерекше толқып тұрмын

– Өмірімде алғаш рет Астана ха­лықаралық әуежайынан ерекше сезім­мен ұшып бара жатырмын. Әуежайға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілетінін білген соң, ерекше толқып тұрғанымды жасырмаймын.
АҚШ-тың президенті Джон Кеннеди атындағы Нью-Йорк әуежайы арқылы бірнеше рет ұштым. Сол сияқты, Ыстамбұлда болғанымда, ең әуелі Кемал Ататүрік есімі берілген әуежайын көреміз.
Нұрсұлтан Назарбаев ел дамуына, Қазақстанды барша әлемге танытып, беделін арттыруда өлшеусіз еңбек еткені анық. Еліміздің қақ төріне елордамызды көшіріп, жас қала Астананы салу да Елбасының қажырлы еңбегі екені сөзсіз. Сондықтан әуежайға Елбасының есімін беруді өте орынды әрі дұрыс шешім деп білемін.
Астана қаласының тұрғындары мен барша отандаста­рымызды бұл айтулы күнмен құттықтаймын. Еліміздің береке-бірлігі арта берсін! Бейбітшілік пен тұрақтылық – Қазақстанның гүлденуі мен табыс кепілі болсын дегім келеді.


Жабал ЕРҒАЛИЕВ, Сенат депутаты:

Елбасыға деген құрмет

– Елбасының батыл да көреген саясатының ар­қасында Астана қаласы салынды. ХХ ға­сыр­дың соңғы он жылдығының дүниесi өзгерiп, саяси жүйесi әлi қалыптасып болмай жатқан өлiара тұста, Қазақстан сияқты алып елдiң жаңа Астана­сын жаңа орынға көшiрiп алып келiп, сал­ғызудың өзi – Нұрсұлтан Әбiшұлының ер­лiкпен пара-пар тiптi көзсiз батырлығы. Желмаямен желіп жүріп жер ұйығын іздеген Асан қайғы бабасындай тәуелсіз елі үшін ендігі жер ұйығын іздеген Нұрсұлтан Назарбаев – Есілдің бойына ел қондырып, алғашқы қазығынан бастап өзі қағып, бүгінгі айдынды да айбынды Ақордалы Астананы дүниеге әкелгендігі біздің, яғни, Қазақ елінің мәңгілік ел бола алатындығын дәлелдеп, осыған ең әуелі өз жұрты­ның да, одан қалды дүние жұртының да көздерін жеткізіп, илан­дыра білген ұлылығы еді!
Астана – қасиетті қазақ жеріне, жүрегіне сыйған тұтас әлемді өз елі мен халқына деген шексіз сүйіспеншілігінің белгісіндей етіп өз дала­сына қондырып, орнықтыра білген Нұрсұлтан Назарбаевтың өзіндік бір әлемі! Астана – ел тәуелсіздігінің лүп-лүп соғып тұрған жүрегі.
Ендеше, Астанадағы халықаралық әуежайға Н.Назар­баевтың есімінің берілуі – Елбасының тәуелсіз ел болуымызға сіңіріп келе жатқан өлшеусіз еңбегінің бағасы. Өте дұрыс, өте жөн шешім жасалды. Бұл күндері Қазақстан Президентінің есімі мен адамзат мүддесі үшін жасап келе жатқан ізгі амалдарын бүкіл әлем халқы жақсы біледі. Әлем сүй­сі­неді! Ендеше, сол әлем сүйсініп отырған Нұрсұлтан Назарбаев­тай өз перзентін құрметтеп, әуелетіп жатқандығымыз да біздің елдігіміз деп санаймын.


Мұхтар АЛТЫНБАЕВ, Сенат депутаты:

Еңбегі атап өтілді

– Елордамызда күні кеше Астана экономикалық форумы өтті. EXPO – 2017 ха­лықаралық көрмесі, басқа да ауқымды шаралар ұйымдастырылған Астана – шын мәнінде, халықаралық және жаһандық мәселелер талқыланатын орталыққа айналды.
Жақсы хабарды барша қазақстандықтар қуана қабылдайтыны анық. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі Астанадағы халықаралық әуежайға берілді. Елбасы, Тұңғыш Президентіміздің елімізді құрудағы еңбегі осылайша атап өтілді.
Елбасының мемлекет құрудағы ерен еңбегін, ядролық қаруды таратпау және бүкіл әлемде бейбітшілік саясатын ілгерілету жөніндегі саясатын бүкіл әлем жақсы біледі. Сондықтан елорданың басты әуе қақпасының елімізді, мемлекетімізді құрған Тұңғыш Президент атымен аталуы – Елбасының зор еңбегін, қажыр-қайратын, күш-жігерін елеп-ескерудің бір көрінісі.


Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ, Сенат депутаты:

Дер кезінде қабылданды

– Астана халықаралық әуежайының Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев­тың есімімен аталуы – ұлт Көшбасының ерен еңбегіне халқы тарапынан берілген зор құрмет. Бұл тұрғыдағы мәселе – Парламентте тәуелсіздіктің 25 жылдығына
орай тарихи декларация қабылданған сәтте қоғамда белсенді талқыланған болатын. Бұл ұсыныс өте заңды.
Тарихты зерделесек, жаһандық кеңістікте елінің дамуына ерекше үлес қосқан белгілі тұлғалар есімін маңызды нысандарға беру үрдісі бұрыннан қалыптасқан. Оның негізінде сол елдің тарихи бейнесі айшықталатыны хақ. Осы тұрғыдан ал­ғанда тәуелсіз Қазақстанды Сарыарқа төсіне орнатып, оның атын бүкіл әлемге паш еткізген Пре­зи­дентіміздің еңбегі ұшан-теңіз.
Сондықтан елдігімізді, кемел тарихымызды бүкіл әлемге танытқан Елбасымыздың есімін сан ұлт ат басын тірейтін Астана ха­лықаралық әуежайына беру – өте ұтымды әрі дер мезгілінде қабылданған шешім.


Бақытбек СМАҒҰЛ, Мәжіліс депутаты, «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы:

Жаңа көкжиек ашылады

– Жиырма жылдық белесіне көтеріліп келе жатқан Астана қала­­сының әуежайын – Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы деп атауды қолдаймын.
Жалпы, «Ұлт Атасы» атанған мемлекеттің негізін салушыларға және басқа да ұлттық тау тұлғаларға жан-жақты құрмет көрсету – халықаралық ізгі тәжірибе. Мәселен, Дж.Вашингтонға АҚШ астанасында алып ескерткіш орнату туралы бастама оның көзі тірісінде-ақ көтерілген. 1783 жылы Континенталдық Конгресс тиісті қаулы шығарды. Парижде Эйфель мұнарасы бой көтергенге дейін дү­ниежүзіндегі ең биік нысан саналған.
«Азуын айға білеген әлемдік алпауыт держава – АҚШ-тың бас қаласы Вашингтонда неге көк тіреген заңғар ғимараттар жоқ?» деген сауалдың жауабы да осы. Ұлы ұлт өз мем­ле­кетінің негізін қалаған тұлғаны, оған деген құрметін бәрінен жоғары қояды, мұны ешбір экономикалық, не қаржылық пайдаға айырбастамайды. «Ұлт Атасының» рухы алдында мәңгілік тағзым ететін америкалықтардың барлық ұрпақтары әлгі тыйымға қатысты кез келген қолайсыздық пен қиындықтарға сөзсіз төзуге бар! Айтқандай, АҚШ-тағы ең бір ірі әуежай осы елдің бұрынғы президенті Джон Кеннеди атымен аталады.
Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі – жарқын болашақтың символы. Кезінде барар жерін білмей, келешек шырақтарын көрмей, шын дағдарған елдің тізгінін өз қолына алған Елбасы Қазақ елінің бойына Барыстың күшін құйды. Біз, Қазақстан халқы, Елбасымыздың көшбасшылығымен, Кеңес Одағының үйіндісінің орнында жаңа, заманауи мемлекетті тұрғыздық. Оның ажарлы Астанасын салдық. Біз сонымен бір уақытта, болмыс-психо­ло­гиямызды да түбегейлі өзгертіп, өз елімізде өзімізді қожайындарша ұстауға, бар ша­руаны иесіндей ұқсатуға үйрендік. Елбасы бізді Мәңгілік ел болу, «дамыған елдер қатарына қосылу» секілді ұлы мақсат-мұраттар жолында жұмылдыруда.
Демек, Қазақстанның Тұңғыш Президентінің есімі мен еңбегі қандай қошеметке де лайық.

Бөлісу:

Пікір жазу


*