Конституциялық заң жобалары қаралды

Спикер Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Сенаттың жалпы отырысы өтті.
Отырыс барысында сенаторлар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мемлекеттiк шекара арқылы өткiзу пункттерi туралы үкіметаралық келiсiмге өзгерістер мен толықтырулар енгізетін хаттаманы ратификациялады. Онда еліміздің «Бейнеу» стансасындағы теміржол өткізу бекетін «Оазис» стансасына ауыстыру көзделіп отыр. Сондай-ақ «Қапланбек», «Қазығұрт» және «Атамекен» автомобиль өткізу бекеттеріне халықаралық (көпжақты) мәртебе беріліп, тәулік бойы жұмыс істейтін тәртіпке көшеді. Одан басқа, тек жеңіл автокөліктерге арналған «Целинный» және «Сырдария» екіжақты (мемлекетаралық) өткізу бекеттері ашылады. Бұл бекеттерден жүк пен коммерциялық мақсаттағы тауар өткізілмейді және кедендік рәсімдер аясындағы тауарға байланысты кедендік операциялар жүзеге асырылмайды.
Осы жиындарда сенаторлар биыл Ата заңға енгізілген өзгерістерді заңнамалық қолдауға бағытталған заң жобалар топтамасын қарады. Мысалы, «Кейбір заңнамалық актілерге мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілдіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екі оқылымда қаралып қабылданды. Әділет министрі Марат Бекетаевтың түсіндіруінше, заң жобасы Президенттің экономикалық үдерістерді реттеу саласындағы және ұйымдастырушылық сипаттағы, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар кейбір өкілеттіктерін Үкіметке береді.
Сенат отырысы барысында сенатор Қ.Айтахановтың көпбалалы аналарға міндетті медициналық сақтандыру жарналарын мемлекеттің өз мойнына алуы қажеттігі туралы депутаттық сауалы тыңдалды.
Елдос СЕНБАЙ