Елбасы «Үздік мемлекеттік қызметші» байқауының жеңімпаздарымен кездесті

1127
0
Бөлісу:

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік органдардың қызметкерлерін Мемлекеттік қызметші күніне орай өткізілген конкурстағы жеңістерімен құттықтады.
Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік қызметтің миссиясы халыққа адал қызмет ету және еліміздің ұлттық мүддесін тиімді қор­ғай білу екенін атап өтті.
– Мемлекеттік аппараттың үйлесімді жұмысы мықты әрі тәуелсіз Қазақстанды құруға септігін тигізді. Бүгінде еліміз әлем­нің барлық жетекші рейтингінде сенімді түрде лайықты орындарға ие болуда. Эко­номиканың оң қарқыны сақталуда, қо­ғамдық келісім мен бірлік орнықты қол­дауға ие, – деді Мемлекет басшысы.
Елбасы мемлекеттік қызметшілер елі­мізді дамытуға зор үлес қосқанын атап өтіп, ауқымды реформаларды іске асыруда мемлекеттік аппараттың маңызды рөл атқаратынына назар аударды.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттігін арттыру тұрғысынан мемлекеттік аппаратты ­жүйе­лі түрде трансформациялау жөніндегі шара­ларға ерекше тоқталды.
– Мемлекеттің ашықтығын қалып­тастыру жалғасуда. Мемлекеттік қызмет­тер көрсетудің бірыңғай провайдері – «Аза­маттарға арналған үкімет» мемлекет­-
тік корпорациясы құрылды. Орталық және жергілікті атқарушы органдардың же­тек­шілері жыл сайын халық алдында есеп бе­реді, – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар Елбасы мемлекеттік қызметтің меритократия және ашықтық қағидаттарына негізделген жаңа фор­-матын енгізудің нәтижелерін атап өтті.
– Қызметкерлерге еңбекақыны жұмыс нәтижесі бойынша төлеу, сондай-ақ білік­тілік пен кәсіби қабілетті тұрақты түрде арттыру мәселесі заң жүзінде бекітілді. Қазақстан мемлекеттік басқару саласында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің қағидаттарын енгізуде. Мемлекеттік аппараттың тұрақтылығы нығайды – мемлекеттік қызметтегі ауыс-түйістер екі есе қысқарды. Басқа жұмысқа ауысу 18 есе, ал жұмыстан босау – екі есе азайды, – деді Мемлекет басшысы.
Соңында Қазақстан Президенті мем­лекеттік қызметшілердің жоғары әдеп нормаларын қатаң сақтауының маңызды екенін айтты.
– Бәсекеге қабілетті мемлекеттік қыз­метті орнықтырмасақ, өркендеген Қаза­станды қалыптастыру жөніндегі басты мақ­сатымызға да қол жеткізе алмаймыз. Бұл орайда мемлекеттік қызметшінің абы­рой-беделін сақтау маңызды. Сіздер ре­фор­малардың бел ортасында жүрсіздер. Еліміздің табысқа жетуі мен гүлденуі көп жағдайда сіздердің жемісті жұмыс­тары­ңызға байланысты. Сіздер алдағы уақытта да мемлекетке мүлтіксіз қызмет етіп, хал­қымызға адал еңбек ететіндеріңізге сенім­дімін, – деді Елбасы.
Әңгіме барысында Нұрсұлтан Назар­баев кездесуге қатысушылардың ел ішінде жүргізіліп жатқан реформалар мен рухани жаңғырудың негізгі бағыттарын іске асыру барысы туралы пікірін білді.
Кездесуге Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл агенттігінің төрағасы Қ.Қожам­жаров, Республикалық бюджеттің орындалуын бақылау жөніндегі есеп комитеті заң бө­лімінің меңгерушісі М.Ахметов, Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Мемлекеттік қызмет көрсетуді дамыту жөніндегі департаменттің басқарма бас­шысы Н.Бажаева, Алматы қалалық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қыз­метінің басшысы Ж.Байкенов, Павлодар облысы Ақсу қаласы Евгеньев ауылдық округінің әкімі Т.Бейсенбаева, Жамбыл облысы Жуалы ауданы Көкбастау ауылдық округінің әкімі аппаратының іс жүргізу бөлімінің басшысы М.Бектұрғанов, Ақтөбе облысы Тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Н.Бертілеуова, Павлодар об­лысы Шарбақты ауданы Орловка ауылдық округінің әкімі И.Галлямова, Павлодар облысы Павлодар аудандық мәслихаты аппаратының басшысы В.Гейнц, Прези­дент Әкімшілігі Стратегиялық әзірлемелер және талдау орталығы меңгерушісінің орын­басары Ж.Ереева, Президент Әкімшілігі Жалпы бөлімінің меңгерушісі М.Жақыпов, Инвестициялар және даму министрлігі Кадр жұмысы департаменті директорының орынбасары Е.Қапышев, Алматы қаласы Қаржы басқармасының басшысы А.Құдайбергенова қатысты.

Серік САДЫР

Бөлісу:

Пікір жазу


*