«Парламент сөзі» сыйлығы табысталды

1162
0
Бөлісу:

Мәжілісте палата төрағасы Нұрлан Нығматулин журналистерді келе жатқан «Байланыс және ақпарат қызметкерлері күнімен» құттықтады. Сөз серкелері мен қарулы қалам иелеріне арналған салтанат Мәжілістің жалпы отырыс залында өтті. Дәстүр бойынша бұл күні журналистер түгелдей халық қалаулыларының орнына жайғасты.

Салтанатты шараға төрағалық еткен Нұрлан Зайроллаұлы кез келген қоғамда журналистердің орны ерекше екенін алға тартты.
– Қазақтың ардақты зиялысы Міржақып Дулатұлы «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы мықты» деген екен. Сондықтан Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік алған бірінші күндерден бастап, баспасөз саласының дамуына ерекше көңіл бөліп келеді. Барлық жағдай жасалып жатыр. Соның нәтижесінде, біздің ақпарат құ­ралдары елімізде ғана емес, халық­аралық, тіпті әлемдік деңгейде жылдам ақпарат алатын және жеткізетін жағдайға жетті, – деді спикер.
Н.Нығматулин атап өткендей, қалам­гер қауым күн-түн демей еңбек етіп, тә­уел­­сіз Қазақстанымыздың дамуына өл­шеу­сіз үлес қосуда. Соның ішінде, Мә­­жілістің де заң қызметін бүкіл рес­пуб­ли­каға, еліміздің әрбір азаматына жет­кізуде тілшілердің еңбегі зор. Осы еселі еңбекке деген құрмет ретінде өткен жылы тікелей палата төрағасының баста­ма­сымен Мәжіліс жур­налистерге арналған «Парламент сөзі» сыйлығын тағайындаған болатын.
– «Парламент сөзі» атауының да өзін­дік мәні барлығының назарын аудартты. Өйткені сөзге тоқтау, сөзді бағалау, сөзді қадірлеу – бабаларымыздан келе жатқан қасиетті жол. Сіздер осы үлкен жолдың заманға сай қалыптасқан ақпарат-насихат бағытын алып жүрсіздер. Сондықтан сіздердің бүгінгі еңбектеріңіз ол – ертеңгі тарихи мұра, – деді Нұрлан Нығматулин.
Осыдан кейін спикер сайыстан үздік шыққан жеңімпаздарға Парламент бейнесіндегі арнайы жасалған мүсіндер мен дипломдарды өз қолымен табыс етті. Атап айтқанда, «Парламенттік журналис­тиканы дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша «Халық Кеңесі» газетінің редакторы болған қарт журна­лист Сарбас Ақтаев, «Советы Казахстана» газетінің редакторы болған Юрий Тараков, «Үздік баспа жарияланымы үшін» номинациясы бойынша «Айқын» газетінің тілшісі Айхан Шәріпов, «Казах­станская правда» газетінің тілшісі Лаура Түсіпбекова, «Үздік интернет және радио материалы үшін» номинациясы бойынша Zakon.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Оксана Скибан және Қазақ радиосының ұжымы, «Үздік телевизиялық сюжет үшін» номинациясы бойынша «Қазақ­стан» телеарнасының тілшісі Индира Асанова мен «Хабар» телеарнасының тілшісі Асхат Ниязов, «Арнайы репортаж» номинациясы бойынша «Астана» телеарнасының тілшісі Айгүл Шайхимова және «Хабар 24» телеарнасының «Жаңа­лықтар бөлімі», «Үздік бейне – сурет материалы үшін» номинациясы бойынша «Егемен Қазақстан» газетінің фототілшісі Ерлан Омаров және «КТК» телеарна­сының операторы Владислав Воднев жеңімпаз деп танылды.
Айта кетейік, «Парламент сөзі» сыйлығын беру бойынша арнайы коми­с­сия құрылып, жұмыс жасады. Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов бас­шылық еткен комиссияға журна­листерден 80-нен астам өтінім түсіп, тыңғылықты іріктеуден өтті.
Мәжіліс Спикері жеңімпаздарды және барша журналистер қауымын кәсіби мерекемен құттықтай келе, жүгі ауыр, жауапкершілігі зор маңызды қызметке шығармашылық табыс тіледі. Салтанатты рәсімнен кейін қонақтарға мерекелік дастарқан жайылды.

Ерік ЕРДЕНОВ

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*