Елбасы Шетелдік инвесторлар кеңесіне қатысты

1221
0
Бөлісу:

Қазақстан Көшбасшысы Н.Назарбаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің 30-пленарлық отырысына қатысты. Қазақстанға қаржы құйған жатжұрттық бизнес өкілдерінің биылғы жиынына «Болашақ энергиясы» тақырыбы арқау болды. Осы орайда Қазақстан Президенті әлемдік қоғамдастық энергияның жаңа көздерін белсенді түрде іздестіріп жатқанын әрі технологиялық ілгерілеу қарсаңында тұрғанын атап өтті.
– Биыл Астанада EXPO – 2017 көр­месін өткізудің идеологиясы мемле­кеттердің таза энергияны дамытуға ба­ғытталған күш-жігерін тоғыстыруға не­гіз­делген, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Ол EXPO-ны өткізуі – Қазақстанның экологиялық таза технологияларға өтуді жақтайтынын куәландыратынын жет­кізді.
Елбасы еліміздің ірі мұнай, көмір, газ және уран қорларына ие екенін еске салды. Олардың көлемі мұнай эквива­лен­тінде 32 миллиард тоннаны немесе бүкіл­әлемдік қорлардың 4 пайызын құрайды. Сондықтан Президент бас­тапқыда шетелдік инвестициялардың үлкен ағыны дәл осы салаларға келгенін «қисынды» деп бағалады.
– Әлемдік нарықтардағы жақсы за­манда біз салмақты қорлар түздік, солар­дың есебінен біз қазір елімізді индус­трия­ландыру және инновациялық дамыту бойынша кең ауқымды жұмыс жүргі­зудеміз, қуатты инфрақұрылымдық бағдарламаны іске асырудамыз. Соны­мен бірге, біз әрдайым экономи­каны әрта­раптандыруға және оның орнықты­лы­ғын қамтамасыз етуге, шикізаттық р­е­сурс­тарға тәуелділіктен әкетуге ұмты­ламыз, – деді Н.Назарбаев.
Мемлекет басшысы энергия өндірудің аралас жүйесі еліміз үшін ең қолайлы екенін айтты.
– Бұл жаңартылатын энергетиканы қоса дамыта отырып, дәстүрлі қуат көз­дерінен энергия өндіру дегенді білдіреді. Бізде жаңартылатын энергия көздерінің әлеуеті орасан зор. Жел энер­гетикасы жылына 920 миллиард киловатт/сағатқа бағаланады. Еліміздің су энергиясының әлеуеті 62 миллиард киловатт/сағатты құ­райды. Күн энергиясының әлеуеті жы­лына 2,5 миллиард киловатт/сағатқа дейін жетеді, – деді Қазақстан Прези­денті.
Ол мемлекеттік қолдаудың жүйелі шаралары түзілгенін, мақсаттар қойыл­ғанын, еліміздің қабылданған концеп­ция бойынша қозғалып келе жатқанын айтты. 2020 жылдың соңына дейін жалпы қуат­тылығы шамамен 2 мың мегаватт болатын жаңғыратын энергия көздерінің (ЖЭК) 50-ден астам нысанын қолданысқа беру жоспарла­нуда. Қазақ­станның қуат балан­сындағы баламалы энергия үлесі 2050 жылға қарай 50 пайызға дейін артуға тиіс.
Нұрсұлтан Назарбаев EXPO – 2017 көрмесінің базасында «Болашақ энер­гиясы» деген атаумен жасыл техно­ло­гиялар мен инвестицияларды дамы­тудың халықаралық орталығы құры­­ла­тынын хабарлады.
Өз сөзінде Елбасы ЖЭК-тер өндіретін қуатты аукциондар арқылы сатып алу жүйесіне көшуді ұсынды. Әзірге Қазақ­станда ЖЭК-тердің электр энергияларын кепілдендірілген түрде сатып алу және олардың тарифтерін нақты белгілеу заң жүзінде бекітілген. Бұл осы сектордың қалыптасуының бастапқы кезеңінде барынша тиімді екен. Бірақ техноло­гиялар қазір қарқынды дамуда. Тиісінше, қалпына келетін көз­дерден алынатын қуат құны да жыл сайын арзандауда. Сондықтан Президент енді аукциондар жүйесін ендіру туралы міндет қойды.
Шетелдік инвесторлар кеңесінің пленарлық отырысында Еуропалық қайта құру және даму банкінің прези­денті Сума Чакрабарти, еліміздің Инвес­тициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, Азия даму банкінің вице-президенті Дивакар Гупта және басқа­лары сөз сөйледі.

 

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*