Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, Сенат төрағасы: Әділ әрі дұрыс шешім

1349
0
Бөлісу:

– Астана халықаралық әуежайына Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру туралы шешім елорданың 20 жылдығы қарсаңында қабылданып отыр. Мемлекет басшысының Астананы көшіру туралы стратегиялық шешімінің маңызы зор. Жиырма жыл бұрын Президенттің бұл шешімнің мән-мағынасын тіпті Елбасының қасында жүрген әріптестері де түсіне қоймаған еді. Алайда Елбасының мықты ерік-жігерінің арқасында еліміздің стратегиялық мүддесіне сай батыл шешім қабылданды.
Астана шын мәнінде әлемдік брендке айналды. Елордамызда жаһандық саясатқа тікелей ықпал ететін халықара­лық форумдар жиі өтеді. Елбасының тапсырмасы бойынша Астанада әлемдік сәулет өнерінде баламасы жоқ ғимарат­тар салынды. Президент инфрақұрылым нысандарына ерекше көңіл бөліп, жо­ғары талаппен қарайды. Бірінші ке­зек­те, ол Астана мен бүкіл еліміздің бет-бейнесі болып табылатын әуежайға да қатысты болып отыр. Таяуда күрделі жөндеу, жаңғыртудан өткен біздің әуежай жаңа келбетке ие болып, елорда мәртебесіне толықтай сай болды.
Астана – инновациялық және жоғары технологиялық жетістіктерге ие жоба екені ақиқат. Ғылым мен жоғары тех­нологияның үздік жетістіктері қойыл­ған «EXPO – 2017» халықаралық көрмесі – соның айқын дәлелі.
Нұрсұлтан Назарбаев көркейген мемлекет – Қазақстан Республикасының негізін салған тұлға ретінде әлемдік тарихқа енді. Әлемдік деңгейдегі саясат­кер, ядролық қаруға қарсы жа­һа­н­дық көшбасшы ретінде Елбасын шетел­­дер де жақсы біледі және құрмет­тей­ді. Әлемдік саясат пен экономика мәселелері бойын­ша Қазақстан көшбасшысының пі­­кірімен барлық мемлекеттердің бас­шы­лары санасып отыр.
Астана әуежайына Президент
Н.Назарбаев есімінің берілуі әділ әрі дұрыс шешім болды. Бұл шараны барша қазақстандықтар да, шетелдіктер де қолдайтынына сенемін.

Бөлісу:

Пікір жазу


*