Нұрлан НЫҒМАТУЛИН, Мәжіліс төрағасы: Стратегиялық реформалар бастамашысы

1548
0
Бөлісу:

– Астана халықаралық әуежайы Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен атала­тын болды.
Бұл – Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаған Елбасымыздың ерен еңбегіне берілген тағы бір ерекше құрмет.
Сондықтан құрметті әріптестер, сіздерді және барша қазақстандықтарды қа­былданған шешіммен құттықтағым келеді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекетімізді тұрғызудағы теңдесіз еңбегін бекіту туралы ұсыныс Қазақстан Республикасының 25 жылдығы жөніндегі тарихи Декларациясы Парламент қабыл­да­­ғаннан кейін қоғамда белсенді талқы­лан­ды.
Тұңғыш Президенттің есімін Аста­наның жаңа халықаралық әуежа­йы­ның атауында ұлықтауға да қатысты болды. Аталған бастама – Қазақстан азамат­та­ры­н­ың кең ауқымды қолдауын иеленді. Бұған біз өңірлерге сапарымыз бары­сын­да, халықпен кездесулерде көз жеткіздік.
Нұрсұлтан Әбішұлы – елімізді жаңартқан стратегиялық реформалардың бастамашысы, қазақстандық мемлекет­ті­лік­тің нағыз архитекторы.
Сондықтан бүгінде Тәуелсіз Қазақ­стан мен оның Тұңғыш Президенті деген тарихи ұғымдар бүкіл әлемнің қабыл­да­уын­да тел ұғымға айналды.


Сауытбек АБДРАХМАНОВ,
Мәжіліс депутаты, Қазақстан халқы ассамблеясы депутаттық тобының басшысы:

Елдіктің келісті көрінісі

– Ел табалдырығы әдетте әуежайдан басталады. Қай елге бағыт алғанда да алдымен ел астанасының әуежайы аталады. Сол әуежайдың атауын жадымызда жаттап қаламыз. Сондықтан да Астананың халықаралық әуежайына Нұрсұлтан Назарбаевтың атын беру туралы қаулысы бұл нысанның ел өмірі үшін де, елдің әлемдегі орны үшін де ерекше мәні бар екенін дөп басудың көрінісі деп білеміз.
Парламент депутаттары Тәуелсіздіктің 25 жылдығы Декларациясында Тұңғыш Президент – Елбасының ерен еңбегін Конституцияда атап көрсету, Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін елдің айтулы нысандарында айшықтау қажеттігін ұсынған болатын. Көптің көкейінен шыққан бұл ұсыныстар жүзеге аса бастағаны қуантарлық.
Әлемде әуежайларға әйгілі тұлғалардың атын беру тәжірибесі талайдан бар. Бұған мысал жеткілікті. 57 елде болдым. Кейбіріне ғана өз бетіммен бардым. Бәріне дерлік соңғы ширек ғасыр ішінде журналист ретінде жол түсті, яғни, ел көру, жер көрудің мол мүмкіндігі тәуелсіздік жылдарында ғана ашылды. Сонда көптеген елдерде осындай құрмет көрсету мысалдарына жолықтық. Ондай әуежайлар тізімін Наполеон атындағы, Бен-Гурион атындағы, Ататүрік атындағы, Вашингтон атындағы, Фредерик Шопен атындағы, Даллес атындағы, Коперник атындағы, Лех Валенса атындағы, Моцарт атындағы, Джон Леннон атындағы, Сент Экзюпери атындағы, Гейдар Алиев атындағы, Джон Кеннеди атындағы, Индира Ганди атындағы, Федерико Феллини атындағы, Хосе Марти атындағы, Христофор Колумб атындағы, Шарль-де-Голль атындағы деп жалғастыра беруге болады. Тек мемлекет басшыларының атымен аталған әуежайлардың санының өзі отыздан асады екен. Демек, Үкіметтің бұл шешімі – уақыты жеткен, өркениеттік үрдісінде қабылданған, асылымызды ардақтайтын, басымыздағы бақты бағалайтын ел екенімізді кемел көрсететін келісті шешім.


Азат ПЕРУАШЕВ, Мәжіліс депутаты:

Президент тарихта қалуға лайық

– Нысандардың атын ел тарихында қалатын, дамуына үлкен үлес қосқан тұлғалардың құрметіне атаған жөн. Соның ішінде мемлекеттің қалыптасуындағы Елбасының рөлі орасан. Сол себепті, барша қазақстандықтарды құттықтағым келеді. Бұл – құрметтің, еңбек еленгенінің жарқын көрінісі. Мемлекеттік маңызы бар нысандардың атын ауыстыру тәжірибесі әлемде көптеп кездеседі. Өз басым Джон Кеннеди, Шарль-де-Голль халықаралық әуежайларында болып көрдім. Жақында ғана салынған әуежайдың жаңа заман мазмұнына сай болғаны дұрыс. Осы ретте мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атын беруге толықтай қосыламын.
Нұрсұлтан Әбішұлы жаңа қазақ мемлекетін құрушы ретінде тарихта қалуға лайық. Оның аты инновациялық, технологиялық шешімдермен тығыз байланысты болғаны дұрыс. Ондай нысандар қатарында Астана қаласындағы әуежай, Назарбаев зияткерлік мектебі бар.


Владислав КОСАРЕВ, Мәжіліс депутаты:

Әуежайда қолтаңбасы бар

– Бұл ұсыныс Қазақстанның тәуелсіздік алғанына 25 жыл толуына арналған ғылыми конференцияда айтылған. Сол кезде Парламент мәжілісі тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай декларация қабылдаған болатын. Онда Астана қаласындағы әуежайды Елбасы атына ауыстыру туралы ұсыныс көтерген едік. Күнделікті тірлікпен біз кейде мемлекетіміздің тұтқасын ұстап отырған Елбасымыздың парасаты мен сарабдал саясатының арқасында еліміздің дамып келе жатқанын естен шығарып аламыз. Мысалы, Астанада бой көтерген барлық ғимараттардың салынуына Елбасының өзі араласты деуге болады. Сәулеті тұрғызылатын орны, ақшаның бөлінуі, оның қалай пайдалануы сияқты жұмыстардың барлығы Президентке жақсы таныс. Әуежайда да қолтаңбасы бар. Сондықтан қалаға кірер қақпа басшымыздың атын иеленуі керек деп есептеймін. Аянбай еңбек етіп, ел болашағын құрып отырған адамға біз солай құрмет көрсетпекпіз. Өйткені оның еңбегі ерен.


Мәулен ӘШІМБАЕВ, Мәжіліс депутаты:

Елге көзқарас әуежайдан басталады

– Астана әуежайына Елбасының есімін беру – орынды әрі әділетті шешім. Өйткені әлемнің көптеген мемлекеттерінде халықаралық әуежайды сол елдің дамуына орасан зор үлес қосқан тұлғалардың құрметіне атау үрдісі қалыптасқан. Яғни, бұл халықаралық тәжірибеде бұрын-соңды бар нәрсе. Мысал ретінде, бірқатар Еуропа елдерінің әуежайларын келтіре аламыз. Түркияда – Ататүрік, Францияда – Шарль-де-Голль, АҚШ-та сол елдің президенті болған Джон Кеннеди атындағы халықаралық әуежайлар бар.
Мемлекетті жаңа деңгейге көтерген, үлкен еңбек сіңірген қоғам қайраткерлері, саясаткерлердің есімін беру үрдісі көптен бері бар. Оның болғаны да жақсы. Өйткені еңбек ақталып, соған сай құрмет көрсетілуі шарт. Яғни, алғысымызды осылайша білдіруге болады десек, қателеспейміз. Қазақстанға қатысты айтар болсақ, Елбасының егемендік алған тұстан бергі жасаған игі істеріне бәріміз куәміз. Оны ешкім жоққа шығармайды. Экономикалық, саяси және әлеуметтік салаларда бірқатар жүйелі реформалар жүзеге асырылды. Соның арқасында тәуелсіздігіміз нығайды. Сол себепті, Астанадағы халықаралық әуежайды Елбасымыздың атымен атау туралы шешіммен толықтай келісемін. Мемлекет имиджін қалыптастыруда әуежайдың алар орны ерекше.


Ирина АРОНОВА, Мәжіліс депутаты:

Мемлекетіміздің бас сәулетшісі

– Тәуелсіздік жылдары ішінде біздің мемлекеттілігімізді қалыптастыру үшін көптеген жұмыстар атқарылды. Ол – Президентіміздің бастамасымен жүзеге асқан экономика, әлеуметтік және мәдениет салаларындағы ірі серпінді жобалар. Мемлекет басшысын мемлекеттілігіміздің бас сәулетшісі деп атаған жөн әрі оған толық негіз бар деп санаймын.
Сондықтан Астана қаласының әуежайына Н.Назарбаевтың атын беру лайық екені сөзсіз. Мен барша қазақстандықтарды осы тарихи оқиғамен құттықтаймын.


Анатолий БАШМАКОВ,
Қазақстан халқы ассамблеясы кеңесінің мүшесі, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ кафедра меңгерушісі, экономика ғылымдарының докторы:

Халық бірлігінің айнасы

– Елордамыздағы халықаралық Астана әуежайына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілетіні туралы Үкімет шешімі баяндалған хабарламаны оқыдым. Өте орынды әрі аса көңілге қонымды бастама деп есептеймін. Елбасы мәдениет, өркениет пен халықтар арасын жақындастыра түсетін бастамаларды атқару, дамыту бағытында үнемі ізденісте жүретіні белгілі. «EXPO – 2017» – сондай мақсатта жүзеге асырылған игі бастамалардың бірі әрі бірегейі. Бұл көрмені тамашалауға әр мемлекеттен көптеген адамдар келуде. Сондай белсенді азаматтарды енді қарапайым қалашықты рухани тартылыс мекеніне айналдыра білген тұлғаның есімі берілген қонақжай әуежайы қарсы алатын болады.
Әрбір мемлекет алдында барлық ұлт пен ұлысты біріктіретін тетіктерді табу мен оларды нығайту мәселесі тұратыны анық. Бұл рухани біріктіргіш құрал – бірегейлік. Мемлекет басшысы сол қазақстандық бірегейлікті қалыптастырудың үлгісі іспеттес. Елордадағы әуежай – мемлекетіміздің бет-бейнесі десек, оған Елбасы есімінің берілуі – халықтың бірлігін айғақтайтын символ деп білемін.

Бөлісу:

Пікір жазу


*