Келісімдерге қол қойылды

1147
0
Бөлісу:

Үкіметте Астанада өтетін Шетел инвесторлары кеңесінің 30-отырысы аясында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев «Шеврон» атқарушы вице-президенті Джеймс Джонсонмен мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша кездесу өткізді.

Кездесу барысында Теңіз кен орнын кеңейту жобасы талқыланды. Тараптар аталған жоба, Қазақстан экономи­ка­сы­ның тұрақты дамуына, сондай-ақ ТШО-ның барлық серіктестеріне оң мультип­ли­кативті әсер беретінін атап өтті. Мемлекет басшы­сы­ның «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» жолда­уын­да қойған тапсырмаларын іске асыру аясын­да мұнай-газ секторын технологиялық жаң­ғыр­туға ерекше көңіл бөлінді. Сонымен қатар тараптар Астанада өтіп жатқан «EXPO – 2017» көрмесін талқылады.
«Шеврон» – Теңіз кен орнын өңдейтін «Теңізшевройл» (ТШО) акцияларының 50%-на ие. ТШО Сағалық қысымды басқару жобасын/Болашақ кеңейту жобасын (СҚБЖ/БКЖ) іске асыруды бастады, оның аясында қуаты жылына
12 млн тонна мұнай өңдейтін жаңа зауыт және қуаты 9,4 млрд м3/жыл шикі газды кері айдау нысандарын салу көзделген. СҚБЖ/БКЖ аясында елі­міз­де 20 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарланған. Кадрларды оқыту және даярлау шаралары қарастырылған, сондай-ақ пайдалану кезінде 700-ге жуық тұрақты жұмыс орны құрылады.
Бақытжан Сағынтаев Polpharma S.A. ком­паниясының қадағалау кеңесінің төра­ға­сы Ежи Старакпен кездесті. Жүзде­су­де Е.Старак Polpharma S.A. компа­ниясының Қазақстанда жүргізетін жұ­мыс­­тарының ал­да­ғы жоспарлары туралы айтты. Тараптар фар­­мацевтика сала­сын­дағы ынтымақтас­тық­ты дамыту мен оған қолдау көрсету мә­се­лелерін талқылады. «Химфарм» АҚ-ы SANTO Member of Polpharma Group (SANTO компаниясы) тауарлық маркасымен Polpharma S.A. құрамына кіреді және Қа­зақ­стан­дағы жетекші фармацевтикалық кәсіп­орын болып есептеледі. «Химфарм» ел ішін­де­гі дәрі-дәрмектердің 1/3-ден жоғары көле­мін шығарады.
Осы күні «Үкімет үйінде» Үкімет бас­шы­сы Бақытжан Сағынтаев Ресей мен ТМД елдері бойынша JPMorgan Chase басқарушы директоры, аға атқарушы офицері Ян Тавров­­скиймен қаржы сала­сын­дағы ынты­мақ­­­тастық мәселе­лерін талқылады. Кездесу аясында қа­зы­на­­шылық операциялар сала­сын­дағы қыз­мет­тер мен инвестициялық банкингті да­мыту, JPMorgan Chase қызме­ті­нің қа­зір­гі жағдайы мен Қазақстанда жүр­гі­зе­тін жұ­мыстарының алдағы жоспар­ла­ры қаралды.
Я.Тавровский Үкіметте қабылданып жатқан шаралар, солардың ішінде, жекешелендіру үдерісі қазақстандық нарықтың инвестициялар салуға тартымдылығын арттыруға оң әсер етіп жатқанын айтып өтті. Бұдан өзге, тараптар «Астана» халықаралық қаржы орталығы аясындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Айта кетейік, JPMorgan Chase – нарықтық капиталдандыру көлемі 220 млрд доллар және активтері шамамен 2,4 трлн доллар болатын әлемдегі жетекші қаржы институттарының бірі.
Сондай-ақ Бақытжан Сағынтаев Deloitte Еуропадағы, Таяу Шығыс пен Африкадағы тұрақты даму бойынша практикасының басшысы, серіктесі Оливье Жан, CNPC бірінші вице-президенті, PetroChina Company Limited президенті Ван Дунцзинь және Нидерландының экономика министрі Хенк Камппен алдағы екіжақты эконо­микалық ынтымақтастықты дамыту мәселелері жөнінде кездесу өткізді. Бұдан соң Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен Қазақстан Үкіметі мен халықаралық компаниялар арасында энергетика сала­сындағы ынтымақтастық туралы келі­сім­дерге қол қойылды.

Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*