EXPO – 2017: Әлем БАҚ-тары не дейді?

2584
0
Бөлісу:

Астанада EXPO – 2017 халықаралық көрмесі ашылған сәттен бастап, әлем назары елордамызға ауғаны анық. Әлемнің түкпір-түкпірінен туристер де «Болашақ энергиясы қандай?» деген сауалдың астарына үңіліп, Астанаға келуде. Ендеше, шетелдік БАҚ көрме жайында не дейді? Сараптап көрсек…

Көзтартар сәулет
Әлемге танымал әрі беделді архитектура және дизайнға арналған басылымдардың бірі – Dezeen журналы өз сайтында Астана қаласының келбетіне таңданысын білдіріп, «Астана ЭКСПО көрмесінде сәулетшілер тақырыптық павильондарын ашуда» атты мақаласын жариялады. Журналист Джессика Майерc фотограф Пол Рафтеридің фотосуреттерін таныстыра отырып, көрменің ерекшеліктеріне тоқталған. Автор мақалада «Болашақ энергиясы» тақырыбымен өтіп жатқан көрмеге 100-ден астам ел қатысып, павильондарын таныстырып жатқанын, 173 гектар аумақты алып жатқан көрме алаңы Chicago Arian Smith+Gordon Gill Architecture компаниясының жобалауымен жүзеге асқанын атап өтті. Сәулетшілер Смит пен Джил жобалаған Қазақстанның ұлттық павильонындағы «Нұр Әлем» әйнек шары – мұндағы көзтартар бас нысан екенін жасырмады. «Шардың бір жартысы түгелімен ашық әйнектен тұрса, екінші жартысы көлегей әйнекпен көмкерілген» дей келе, көпдеңгейлі терассалар әйнек фасадқа ерекше жарасып, ел назарын аударып тұрғанына таңданысын білдірді. Сонымен қатар автор әр елдің айрықша деп санаған ғимараттарын талдаған. Мәселен, Frade Arquitectos жобалаған испандық павильонды үй формасындағы қызыл кеңістіктегі ағаштың үлкен моделіне ұқсатса, Түркіменстан павильоны «руб эль-хизб» стилінде жасалғанын алға тартты. Иоганн Мозер мен BWM Architects дайындаған австриялық павильонның ерекшелігі ретінде интерактивті инсталляцияларына айрықша тоқталған. Ұлыбритания өз павильонын жасауда әуен мен дыбысқа айрықша мән бергені анық. Британиялық архитектор Асиф Хан мен музыкант Брайан Эноның бірлескен дыбыстық ландшафты жайлы да атап өтілген.

Тоғыз жолдың торабындағы шаһар
Атақты Forbes журналы да EXPO-ның маңызына тоқталуды жөн көрген. Жур­налда жарияланған «EXPO – 2017» көрмесі – Қа­зақ­станның халық­аралық аренаға жасаған тағы да бір қадамы» атты ма­қа­лада халықаралық көр­мелер бюросының Бас хатшысы Висенте Лос­серталес «Қазақстан экономикасын әртарап­тандыруға тырысып, дұрыс бағытта қадам жа­саған. Бұл ел жаң­ғырты­ла­тын қуат көз­дерін да­мыту үшін жаңа мүм­­­­кін­діктер ашып, эко­ло­гия­­­лық таза техно­ло­гиялар сала­сына инвести­циялар тар­тып жүр» деген ойын жеткізген.
Сонымен қатар Forbes-та жа­рық көрген келесі материал – «Астанадағы көрмені тамашалаудың бес себебі» де көпшіліктің қызығушылығын тудырғаны анық. Автордың айтуынша, бұл көрмеге келгендер «жасыл технологияның» соңғы жетістіктерімен танысып қана қоймай, Астана қаласының келбетімен тамсанып қайтады. Тіпті Астананы көрме өткізіліп жатқан таңғажайып қалалардың біріне теңеген. Бірінші ерекшелік ретінде EXPO көрмесінің алғаш рет Орталық Азияда өткізіліп отырғаны айтылған. «Тарихқа үңілсек, мұнда көш­пен­ді қазақ халқы тұрғанын, Ұлы Жібек жолы өткенін, яғни Еуропа мен Азияны байланыстырушы тоғыз жолдың торабы да осы аумақта болғанын аңғарамыз. Сондықтан Астандағы EXPO – 1991 жылы Кеңес Одағынан бөлініп тәуелсіздігін жариялаған, ғаламдық бірегейлігін қалыптастырып келе жатқан жаңа елді тамашалау мүмкіндігі» деп бұл саяхаттың берері мол екенін ашық айтқан. Екінші ерекшелік ретінде Астананың футуристикалық стильдегі архитектуралық ерекшеліктерін, яғни Бәйтерек, Президент сарайы мен Бейбітшілік және келісім сарайының қала ажарын мәдени астана ретінде ашып отырғанын сөз еткен. Астананың тағы бір ерек­шелігі – тоғыз жолдың то­ра­бында орналасуы. Яғни, қарқынды дамып келе жатқан жас қаланың басты басымдық беретін тұсы логистика екеніне тоқталған.
CNN телеканалының журналистері де Астана қаласының көрікті жерлері мен мәдени ғимараттарына шолу жасаған.

Жасыл энергетикаға көшу – басты мақсат
Италиялық Il Sole 24 Ore интернет-басылымы Астана жаңа энергия көздерін жаңғыртудың дискуссиялық орталығына айналғанын жазды. Басылым 900 шаршы метрді құраған Италия павильонынан 1940 жылдардан бастап Италия тарихындағы энергетика саласындағы жетістіктерін көрсете отырып, тарихын тереңірек білуге мүмкіндік алуға болатынын айтқан.
Еуропаның ең танымал басылымдарының бірі – Wiener Zeitung «Қазақстан жаңар­тылатын энергия көздерінің қолданысын арттыруда алдына үлкен мақсат қойып отыр» деген. Австрияның Ұлттық секция ко­миссары Ричард Шенцтің бұл басылымға берген сұхбатында EXPO – 2017 көрмесі энергетика саласының дамуына оң әсер ететінін айтып, әлем жұртшылығы дәстүрлі энергия түрлерінен жаңа энергетика өндіру жолдарына көшуі қажет екенін, Австрия да көрмеде тың жобаларын таныстыратынын алға тартқан.
Көрменің өту барысы жайында испандық Eldiario.es басылымы жіті назар аударып, ашылу салтанатында болған қонақтар қатарында Испания королі VI Филипптің болғанына айрықша тоқталды. Мақала авторлары көрме экологиялық көкейкесті мәселелерді шешудегі үлкен қадам екеніне сенімді.
Швейцариялық swissinfo.ch интернет басылымы «Швейцарлар таза энергияны Астанадағы ЭКСПО-да үгіттеуде» атты мақаласын жариялап, көрмеге сараптама берген. Мақала авторы 115 ел қатысатын көрмеге 2 миллион адам келеді деп болжанып отырғанын туристер, әсіресе, бұрынғы Кеңес Одағы елдерінен және Қытайдан келеді деп күтілетінін жазған. 560 шаршы метрді құраған Швейцария павильоны 4 та­қы­рыптық «үйлерден» тұратынын таныс­тырған. Павильонның ерекшелігі туралы Швейцарияның ресми өкілі Николя Бидо тілге тиек етіп, Швейцария табиғаты, биік таулары, таза суы мен ұлттық тамағы арқылы энергетиканы көрсетуді мақсат тұтқанын айтты. «Павильонда біз таудағы үйдің бала­масын салдық. Бұл жаңа технологияларды пай­даланып жасаған экологиялық таза үй еке­нін айта кетейік. Бұған қоса ғарышқа ұшатын аэроплан жобасы да бар» деді ол. Швей­царлықтар ұлттық тағамдарын да көрмеге ұсыну арқылы өз ерекшеліктерін көрсеткен.
Brussels Express ақпараттық порталында журналист Антонио Бускардинидің «Болашақ энергиясы – Орталық Азиядағы пікірталас» атты мақаласы жарық көрді. Ол 2017 жыл Қазақстан үшін тарихи маңызды даталардың біріне айналатынын айта келе, үш айға созылған көрме алдында көмірқышқыл газының үлесін азайта отырып, сенімді әрі тұрақты энергия көздерін таныстыру мақсаты тұрғанын жазды. Журналист Астана қаласының әкімі Әсет Исекешовтен алған сұхбатынан көрменің Қазақстан үшін маңызын ұғынғанын баса айтқан. Қазақстан – мұнай, газ, уран және басқа да қазба байлықтарын экспорттаушы ірі елдердің бірі. Бірақ бұл жағдай баламалы қуат көздерін дамытуды мақсат еткен Астанада өтіп жатқан шараға қайшы келмейді. Әсет Исекешов сұхбатында бұл шара Қазақстанның 2050 жылға дейін дамыған 30 ел қатарына кірудегі үлкен қадам екеніне баса мән берді.
Индонезияның The Jakarta Post газеті EXPO – 2017 көрмесінің ашылу сал­танатын таныстырып, шараның маңыздылығы туралы «Көрме әлем жұртшылығын қоршаған ортаны қорғауға, табиғи қорды үнемдеуге, жаңғыртылатын жасыл энергияға көшуге үндейді» деп жазды.
www.chinadaily.com интернет басылымы Астанадағы EXPO көрмесінде Қытай павильоны «Болашақ энергиясы және Жасыл Жібек жолы» тақырыбын таныстыратынын, бұл орайда Қазақстан мен Қытайдың экономикалық байланыстары жайында жазған. «Қытай үшін Чжэцзян провинциясы таза энергияның орталығы. Сондықтан провинция инновациялық технологияларды пайдалана отырып, жаңа энергияның таза түрлерін қолдануға жол ашуда. Көрмеге Чжэцзяннен энергетика, қоршаған ортаны қорғау, электронды және химиялық инженерия салаларында көш бастап тұрған Zhejiang Energy Group, China New Energy Development сынды 85 компания қатысуда» дей келе, көмірді қолданатын электростанциялар түтінін тазалуға бағытталған жаңа технология таныстырылатынына тоқталған.

 

Ақбота ИСЛӘМБЕК

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*