Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы әлемге есігін айқара ашты

1591
0
Бөлісу:

Жиырма бес жылдан астам уақыт ішінде екі жарым ғасырға бергісіз жолды еңсерген қазақ елінде әлем жұртшылығын елең еткізген маңызды оқиға болды. ХХІ ғасырдағы ең жас астана саналатын Қазақстанның  елордасы – Астананың халықаралық әуежайына Елбасының есімі берілді.


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҮКІМЕТІНІҢ ҚАУЛЫСЫ

2017 жылғы 20 маусым №381 Астана, Үкімет үйі

Астана халықаралық әуежайын қайта атау туралы

«Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының заңы 10-бабының 4-1 тар­мақшасына, «Қазақстан Республикасының аумағындағы әуежайларға, порттарға, темір жол вокзалдарына, темір жол стансаларына, метрополитен стансаларына, автовокзалдарға, автостансаларға, физикалық-географиялық және мемлекет меншігіндегі басқа да объектілерге атау беру, сондай-ақ оларды қайта атау, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке адамдардың есімін беру қағи­даларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 5 нау­рыздағы № 281 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:

1. Астана халықаралық әуежайы «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» болып қайта аталсын.

2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Б.САҒЫНТАЕВ


Енді бүкіл әлем бас қаламыздың халықаралық әуежайын Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың аты-жөнімен қатар ауызға алатын болады. Сарап­шылардың айтуынша, бұл – халықаралық тәжіри­беге толық сәйкес келеді. Яғни, еліміз өзгеден алабөтен, дамыған елдер ұста­нымына қайшы келер тосын ештеңе де ойлап тауып отырған жоқ.
Мәселен, әлемдік алпауыт ел – Америка Құрама Штаттарының Нью-Йорктегі аса ірі халықаралық әуежайы осы мемлекеттің президенті болған Джон Кеннедидің атымен аталады және John F.Kennedy International Airport деген рес­ми атауға ие. Бұл әуежай – әлемдегі біраз әуекомпаниялар үшін «халықаралық хаб».
Бауырлас түркі елінің ғана емес, бүкіл Еуропаның ең ірі «әуе қақпасы» (Еуропа бойынша 3-орында) – Ыстам­бұлдағы әуежайға 1980 жылы Түркияның тұңғыш президенті және барша түріктің ұлттық қаһарманы Мұстафа Кемал Ататүріктің есімі берілген, ол İstanbul Atatürk Havalimanı деп аталады.
Үндістанның астанасы Нью-Дели­дегі халықаралық әуежайы атауында үнді елінің атақты мемлекет басшысы – Премьер-министрі Индира Ганди есімі ұлықталған (Indira Gandhi International Airport). Бұл – осы мемлекеттегі ең көп жүктелген терминал және Үндістанның азаматтық авиациясының ең басты хабы. Айтпақшы, Үндістанда тағы бір әуежайда осы елдің тағы бір Премьер-министрі Раджива Гандидің есімі бекі­тілген (Rajiv Gandhi International Airport).
Таяу Шығыс аймағында «жолау­шыларды қанағаттандыру» көрсеткіші бойынша үш рет ең үздік болып танылған Израильдың Тель-Авивінің халық­аралық әуежайы атауында еврейлер елінің тұңғыш Премьер-министрі Давид Бен-Гурионға құрмет көрсетілген (Ben Gurion International Airport). 1936 жылы негізі қаланған израильдік басты әуежай Израиль­дың ұлттық әуе тасымалдаушысы және басқа да ірі әуекомпаниялары үшін хаб қызметін атқарады. Ол терроризмнен қорғалуы бойынша әлемдегі №1 әуежай ретінде танылған.
Тіпті алысқа бармай-ақ, посткеңестік кеңістіктегі бауырлас ел – Әзірбайжанды алсақ, оның астанасы Бакудің халық­аралық әуежайы 2004 жылы Әзірбай­жанның үшінші президенті Гейдар Әлиевтің есімімен қайта аталды (Heydar Aliyev International Airport).
Сарапшылардың мәліме­тінше, бүгінде әлемнің 30-дан астам елінде «әуе қақпалары» сол елдердің көрнекті мемле­кет қайраткерлерінің есімімен аталады.
Елбасының есімі Қазақстанда бұған дейін «Назарбаев зияткерлік мектеп­теріне» және «Назарбаев универси­тетіне» берілген болатын. Әрине, қандай да бір озық мектеп жайында халық­аралық дең­гейде оқушылар мен олардың ата-ана­лары, сондай-ақ ұстаздар қауымы жақсы білуі мүмкін. Әлемдік белді универ­ситеттер болса, ғылыми ортада, акаде­миялық қоғамдастықта кеңінен танымал.
Әуежайдың жөні бөлек. Алыстан ат арылтып жеткен шетелдік қарапайым қонақтар да, аты әлемге мәшһүр мәр­тебелі меймандар да кез келген елмен танысуды сол мемлекеттің басты «әуе қақпасынан» бастайды. Тіпті Қазақ­станға кірмейтін, тек өз бағдарында Астанадан басқа ұшаққа отыратын транзиттік жолау­шылардың аузында да енді «Назарбаев» болады.
Биылғы 31 мамырда Елбасы Астана әуежайының жаңа терминалын ашқан болатын. Жаңа терминалдың жалпы ауданы – 47 мың шаршы метр. Ол 4 дең­гейден тұрады. Оның үшеуі халықаралық рейстерге арналса, төртіншісі халық­аралық демалу аймағына және ішкі рейстер жолаушыларының аймағына бөлінген. Жаңа әуежай ішінде 42 пас­порттық бақылау кабинасы, халықара­лық жолаушылар және VIP терминалдар, сон­дай-ақ әуе көліктеріне арналған 6 жаңа тұрақ бар.
Құрылысы 2015 жылы басталған бұл «әуе айлағы» – «Нұрлы жол» бағдар­ламасының жобасы.
– Жаңа терминалдың ашылуы арқа­сында біз 45 жаңа, апта сайынғы рейс­тарды тарта алдық. Бұл инфра­құры­лымның тартымдылығының белгісі. Бар­ша қазақстандықтар жаңа терминал­ды мақтан тұтатын болады, – деді «Астана халықаралық әуежайы» АҚ басқарма төрағасы Паоло Ричиотти.
Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының жаңа терминалы әсем­дігімен тамсандырып қана қоймайды, ол сондай-ақ өз уақытынан озуымен таңдан­дырады. Онда тіпті еуропалық дамыған елдерде де жоқ жаңалықтар ендірілген. Атап айтқанда, әуежай басшылығының мәліметінше, мұнда өнімдігі сағатына 1200 сөмкені қам­титын жартылай авто­мат­тан­дырылған жүк өңдеу жүйесі ор­натылған. Жүк өңдеудің осы жүйесі Еу­ропада тек 2020 жылдан бастап жаппай енгізіле баста­мақ. Бұл жүйе сезік туды­ратын жүктерді өзі анықтап, оны тер­ми­налдың басқа бөлігіне шығарып жібереді.
Жаңа терминалдың жобалық қуат­ты­лығы жылына 5 миллион адамды құрайды. Қауырт шақтарда сағатына 1775 жолаушыға дейін өткізе алады екен. Жалпы алғанда, енді Астананың «әуе қақпасы» жылына 8 миллионнан астам жолаушыға қызмет көрсетуге қабі­летті болады. Ол ішкі және халық­аралық рейстерден келетін 12 ұшақты бір уақытта қабылдай алады.
«Эйр Астана» ұлттық әуе тасымал­даушысының президенті Питер Фостер Елбасының қамқорлығының арқасында қазақстандық авиация аяғынан тік тұрғанын, нәтижесінде қазір Қазақстан азаматтары кез келген елге ұшақпен сапарлай алатынын айтады.
– Астананың халықаралық жаңа әуежайы – Н.Назарбаев қолдауымен жүзеге асқан ғаламат жоба. Біздің бизнес тікелей желілік трафикке тәуелді, ал ол мәселен, Қытайдан Еуропаға немесе Еуропадан Үндістан бағытындағы тран­зиттің болуын қарастырады. Нәтиже­сінде, Қазақстанда халықтың аздығына қарамастан, әуе тасымалы бизнесі қарқын алуда. Жаңа терминал оны одан әрі өрістетуге мүмкіндік береді. Сон­дықтан біз Президент мырзаға шексіз алғысымызды айтамыз. Ол – кез келген құрметке лайық лидер!», – деп жоғары баға берді П.Фостер.
Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайын хаб ретінде пайдаланатын отандық және шетелдік әуе компа­ния­лары өкілдерінің ойлары бір арнада тоғысты: олар Елбасының қамқорлығы арқасында Астананың жаһандық әуе тасымалындағы ықпалының және рөлі­нің артып келе жатқанын айтады. Мұны жыл сайын жаңа бағыттардың ашылуы куәландырады.
Күннен тараған нұрлы шұғыладай Астананың басты «әуе қақпасынан» әлемнің әр атырабына қарай әуе байла­нысы орнауда. Мәңгілік елге айналу осындай қадамдардан басталады!

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*