Талғамы бөлек жазушы

926
0
Бөлісу:

Атырауда қоғам қайреткері, Президент сыйлығының лауреаты, көрнекті жазушы Мереке Құлкеновтің «Елім деп соққан жүрегі» атты шығармашылық кеші өтті.

Әдеби кештің мазмұнын көрнекті қаламгерге арнал­ған деректі фильм мен жазу­шының өмір жолында әде­биет айды­нына жол сілтеп, бата­­сын берген жандармен жүздесуі сахналанған дра­малық қойы­лым­мен жалғасты. Әже әлдимен қаза­қылықты бойына сіңірген перзент Мереке Әбдешұлы алаштың ұлы Халел Досмұхамед­ұлы, Фариза Оңғар­сы­нованың рухымен ойша сырласып, жанына тыншу бер­меген Ұлт, Жер, Ана тілі тағдыры моно­лог­тарын актерлер шебер жеткізе білді.
Мереке Әбдешұлының азаматтық ұстанымы, парасаттылығы, елдікті көздеген мақсаты туралы мерей­­гердің замандастары, інілері тұщымды ойларын айтты.
Жазушы Несіпбек Дәутайұлы «Елдің, жердің қадірін түсінетін, қаламшәріп кие­сін бойына дарытып, ел алдындағы жауап­кершілігін сезініп жүрген, әр туындысында ақылдың жүгі, азаматтық ұстанымы қалам­герлерге ой салатын Мерекенің қанындағы қасиеті сол, оның ханға да, қараға да жаса­ған жақсылығы көп. Кісілігі бір төбе» деп жа­зу­шының публицис­тикасының ерек­ше­лі­гіне тоқталып, қалам­гер ұлын ардақтап отыр­ған туған жердің халқы­на алғысын айтты.
Жазушы-драматург Рахымжан Отар­баев, шы­ғар­ма­ларына талғаммен, сыни көз­­­қа­­­рас­­­­пен қараған Мереке Әбдешұлынан әлем­дік дәрежедегі дүниелерді күтетінін, жазатын уақыт келгенін айтып жұртшы­лық­тың көкейіндегі ойды дөп басып қуантты.
Жерлес жазушымыздың қаламгерлігін емес, қайраткерлігі туралы саясаттанушы Айдос Сарым: «Әлихан Бөкейханұлы «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген. Мереке аға аз жазса, ол да мінезінен. Қай­раткерлігіне келсек ол да мінезден. Жаңаөзен оқиғасы кезінде де, Жер мәселесі көтеріл­генде де Ұлт мүддесі үшін күрескер­лік та­ныт­қан сізді ел сыйлайды, аман болы­ңыз»,– деп жүрекжарды құттықтауын жет­кіз­ді.
Драмалық қойылым мен жылы лебіздер жалғасқан шығармашылық кеште мерейгер жазушы Мереке Әбдешұлы: «Біз қазір не жазсақ та кейінгі ұрпаққа оқылатындай етіп жазуымыз керек. Болашаққа қадам басуы­мыз үшін, әдебиет дамуы үшін қазақ көбеюі қажет. Басынан кешкен нәрсенің бәрін жаза беру – жазушылықтың белгісі емес. Өзгенің ойына әлі келе қоймаған, келмейтін дүниелерді қамти білгенде ғана жазушы болады. Кейде жазу машыққа айналып кететін кездер болады. Бұл жазушыны өсір­мей­ді, өшіреді. Жазудың азабын түсін­ген адам болса, ол ешқашан жазушы бола­мын де­мес еді» деп ойын білдіріп, жазу­шы­лық өнер­дің ерекшелігін жеткізеді.
Алаш арыстары мен батырларының Ұлт тарихын­дағы ерліктерін том-том етіп ұрпаққа ұсынып отырған талғамды қалам­гер Мереке Құлкеновтің шығарма­шылық кеші туған жердің әуендеріне ұласты.

 

Тұрсын ҚАЛИМОВА
Атырау облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*

Оқуға кеңес береміз