Жалында, жаса, «Жайдарман!»

1694
0
Бөлісу:

Астана концерт залында сан жанарды жаулаған «Жайдарман» ойындары өтті. Бұл жолғысы күндегіден өзгерек, жылдағыдан басқарақ. Биыл көңілді әрі тапқыр жастардың басын қосқан бағдарламаға бір мүшел толып отыр. Ойынның меншікті мерекесі қарсаңында ұйымдастырылатын «Туған күн» жобасы биыл да жалғасын тапты.

«Жайдарман» ойындары алғаш рет 2005 жылдың 29 маусымда көрермендерге жол тартқан еді. Содан бері түрлі кезеңді бастан өткере келе бүгінде ер жетіп, сап түзеген жігіттей алғашқы мүшеліне де келіп жетті. Туған күн кешін Астана күні қарса­ңында атап өту – алғашқы жылдан бергі дәстүр ретінде қалыптасты. «Туған күніңмен, Астана!», «Туған күніңмен, Жайдарман!» десіп, келесі жылға аман жеткенше қоштасу да жобаның өміршеңдігін, көрерменімен қауышуға деген ыстық ықыласын көрсетсе керек.
Ойын алдында Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев сөз сөйлеп, жайдарман­шыларға сәттілік тіледі. «Бұл – жай ғана сайыс емес, жастармен байла­ныстыратын, олардың ой-пікірін, мұң-мұқтажын да білуге болатын алаң» деді ол. Министр ойынды тама­шалап қана қоймай, әділқазы ретінде қатысушыларға баға берді. Сонымен бірге, қазылар алқасы құрамында Мә­жіліс депутаты Бақтияр Мәкен, бел­гілі тележүргізуші Берік Уәли, қоғам қайраткері Мұрат Әбенов, театр және кино актері Әділ Ахметов болды.
Көрермені сағынған, көрерменін сағынған жайдарманшылар бұл мере­кені асыға күтеді. Өйткені бұл – сағы­нышты басатын, тынысыңды ашатын күн. Қанатыңды кең серпіп, көсіліп сахнаға шығатын күн. Биылғы туған күн тойында еліміздің ең танымал жайдарманшылары бас қосып, «Ағалар» мен «Інілердің» тартысты ойынын көрсетті. Алдыңғы буын аға­лар ішінде ардагер жайдар­ман­шылар болса, соңынан ерген қаралары ретін­де биылғы маусымда өнер көрсетіп жүр­ген жастар қатысты. Тағы бір ай­тар­­лықтай ерекшелік – уақыт пен та­қырып жағынан еш шектеу бол­мады. Соған байланысты түрлі тың тақырыптар қозғалып, сананы сер­пілтті.
«Сәлемдесу» және көрініс көрсету барысында жастардың бабында екендігі байқалды. Үлкендер болса, тәжірибенің арқасында «Сұрақ-Жауапта» басып озды. Дегенмен ойын нәтижесінде қос команданың ұпайы тең болып, үлкен кубок Есен Елеукеннің ұсынысымен «Ағалар» құрамасына табысталды. «Үздік ойыншы» аталымын жетісайлық жас жайдарманшы Марат Сәрсенбаев иеленді.
Бұл жобаның мақсаты – арзан әзілді азайту, жастардың таным көк­жиегін кеңейту. Бүгінде «Жай­дарман» халықтық жобаға айналып үлгерді. Алыс-жақын шетелде де ойыншы­ларымыздың өнер көрсетіп жүргеніне куәміз. Ендеше, он үш жылдың ішінде бой түзеп үлгерген «Жайдарманды» біз де туған күнімен құттықтаймыз!

Жадыра АҚҚАЙЫР

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*