АЛҒАШҚЫ КҮН, АЛҒАШҚЫ СЫНАҚ

Кеше елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағы басталды.
20 маусымда басталып, 1 шілдеде қорытындыланатын тестілеу мерзімі жаңа форматта өткізіліп отыр. Сондықтан да бұл тестілеу бұрынғы тестілеуден өзгерек болатын түрі бар.
Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне қарағанда, биылғы ҰБТ 165 пунктте өткізіледі. Бірыңғай тестілеуге қатысуға мектеп бітіруші 131 377 түлектің 92827-сі өтініш білдірген.
Жаңа формат бойынша, ҰБТ бес пән бойынша өтетіні белгілі. Түлектер Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы және таңдаған мамандығына сәйкес екі бейінді пәннен сынақ тапсырады.
Ұлттық бірыңғай тест тапсыруға ниетті түлектердің қатарында 69209-ы – қазақ тілінде, 23 618 түлек орыс тілінде бақ сынамақ. Мектеп бітірушілер 165 пунктте сынақ тапсырады дедік, ҰБТ өткізілетін әрбір аудитория байланыс сигналдарын бөгейтін құрылғылармен, металл детекторларымен, ҰБТ барысын бақылау және жазу камераларымен, сондай-ақ интернет арқылы онлайн тарату камераларымен жабдықталған.
Ата-аналар үшін де арнайы жағдай жасалған. 108 пункттегі ҰБТ барысы мониторға шығарылып, көрсетіліп отырады. Министрлік өкілдері арнайы медицина қызметкерлерінің де сақадай сай тұрғандығын айтады. ҰБТ өткізілетін орындарды қадағалау үшін министрлік арнайы жоғары оқу орындары мен колледждердің оқытушыларын да бақылаушы ретінде жіберіп отыр.
Өңірлерде ұйымдастыру мәселелерін шешу мақсатында арнайы комиссиялар да құрылған. Комиссия құрамына жергілікті жоғары оқу орындарының білім бөлімдері, әкімдіктер, құқық қорғау органдары, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері еніп отыр. Арнайы аппелляциялық арыздарды қадағалайтын комиссия да жұмыс істеуді бастап кетті. Олар техникалық ақауларға байланысты қателіктер орын алса, апелляциялық комиссияға шағым беруге мүмкіндігі бар. Комиссия шағымды бір күн ішінде қарап шығуға міндетті.
Жаңа форматтың түлекке берер пайдасы мол екендігін айтушылар да көп. Тағы бір ерекшелік, сынақ тестілеумен қатар, онлайн-тестілеуден өту мүмкіндігі ашылғанын айта кетуіміз керек. Маусым айынан бастап бұл қызмет бойынша ақы төлеу интернет-банкинг арқылы жүзеге асырылды. Бұған кез келген банк картасы жарамды, әрі комиссиялық пайыз ұсталмайды.
Гүлзина БЕКТАС