Балалар болашағына бағытталған жоба

819
0
Бөлісу:

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралды.

Заң жобасы Мемлекеттік білім беру жи­нақтау жүйесі саласындағы қаты­настарды құқықтық реттеуді жетілдіру мақсатында әзірленген. Заң жобасымен «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексіне, Қылмыстық-процестік кодекске және «Білім туралы», «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы», «Ең төмен әлеуметтік стандарттар және олардың ке­пілдіктері туралы», «Төлемдер және тө­-
лем жүйелері туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Енгізілетін өз­герістер мен толықтырулар Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне қатысушы банктер қызметін реттеуге және салым­шылардың құқығын қорғауға бағыттал­-ған. Балалардың құқықтарын қорғау жө­ніндегі уәкілетті органның салым­шы­лардың басым санаттары бойынша ақпа­рат ұсыну жөніндегі құзыретін айқындау арқылы басым санат бойынша (жетім балалар мен ата-анасының қамқорлы­ғынсыз қалған балалар) мемлекет сый­лықақысын алу құқығын іске асыру көз­делген. Салымшылардың қарызын білім беру жинақтау банктік шоттардағы ақшаға тыйым салуға немесе ол жинақтағы қа­рызды өндіріп алуға тыйым салу көзделіп отыр. «Білім туралы» заңға «жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативі» деген жаңа ұғым енгізіледі, бұл – білім берудің барлық деңгейлеріндегі мемле­кеттік кепілдендірілген оқыту құнының қаржылық қамсыздандырылу нормативі. «Мемлекеттік білім беру тапсырысы» ұғы­мына орта білім беру жөніндегі көр­сеті­ле­тін қызметтер көлемі енгізілген. Ко­ми­тет төрағасы Бірғаным Әйтімова тал­­қылау­ды қорытындылай келіп, заң жоба­сының әлеу­меттік маңызы зор екенін атап өтті.
Сенатордың айтуынша, қазіргі уақытта елімізде білім беру жинақтау жүйелері 3 миллион оқушының 17,5 мыңы ғана қамтылған. Енді мемлекет пен банктер, елімізде және шетелде балалар мен жас­тардың білім алуын қаржыландыруға мүмкіндік беретін қосымша салымдар ке­пілдіктерін қамтамасыз етеді. Б.Әйті­мова­ның айтуынша, мұндай жүйе біздің бала­ларымыздың болашағына бағытталған. Жаңа енгізілімнің әрбір отбасына әсері болары анық. Сондықтан комитет бас­шысы мемлекеттік органдарды, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құрал­дарын қабылданған ережелердің мән-маңызын халыққа жан-жақты түсіндіруге шақырды. Заң жобасы Палата қарауына жіберілді.
Сондай-ақ осы күні Қазақстан мен Өзбекстан шекарасы арқылы өткізу пункттері туралы хаттама қаралды. Се­нат­тың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасы­ның Үкiметi және Өзбекстан Республи­ка­сының Үкiметi арасындағы Қазақстан-өзбек мемлекеттiк шекарасы арқылы өт­­кiзу пункттерi туралы келiсiмге 2006 жыл­ғы 4 қыркүйектегі Хаттамаға өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы хат­тама­ны ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды. Хаттамамен еліміздің Бейнеу станциясындағы теміржол өткізу бекетін Оазис станциясына ауыстыру көз­деліп отыр. Сондай-ақ Қапланбек, Қазы­ғұрт және Атамекен автомобиль өткізу бекет­теріне халықаралық (көпжақты) мәртебе беріліп, тәулік бойы жұмыс іс­тейтін тәртіпке көшеді. Одан басқа, тек жеңіл автокөліктерге арналған Целинный және Сырдария екіжақты (мемле­кетара­лық) өт­кізу бекеттері ашылады. Бұл бе­кеттерден жүк пен коммерциялық мақ­саттағы тауар өткізілмейді және кедендік рәсімдер аясын­дағы тауарға байланысты кедендік операциялар жүзеге асырыл­майды. Бұл заң жобасы да Палатаның қарауына жіберілді.
Өз тілшімізден

Бөлісу:

Пікір жазу


*