Кәсіпкердің беделі ескеріледі

1214
0
Бөлісу:

Қазақстанда мемлекеттік органдар мен мемлекеттiк мекемелер 6 миллиард теңгеге орталықтан­дырылған түрде жиһаз сатып алыпты. Бұл мәлімет Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында белгілі болды. Жиында Үкімет мүшелері сатып алу саласында қабылданып жатқан шараларды, сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын дамыту жөніндегі Бірыңғай перспективалық жоспарды қарады.
Ел Үкіметі жиһаз өндірушілерді және жеңіл өнеркәсіпшілерді қолдау мақ­сатында орталық мемлекеттiк ор­гандар мен мекемелердің және жергі­лікті атқа­ру­шы органдардың жиһаз өнімдерін ор­талықтандырылған түрде сатып алу жүйесін ендірді. Содан бері бес айдай уақыт өтіпті. Кеше Пре­мьер Б.Сағын­таев осы мерзімде қанша сома­ға кон­курстар өткізілгенін сұрады.
– Мемлекеттің сатып алу туралы заңына сәйкес, Қаржы министрінің тиісті бұйрығы порталдағы жиһазға қатысты барлық сатып алуды бұғат­тауға мүмкіндік береді. Яғни, енді бар­лық мемлекеттік органдар мен мем­лекеттік ­мекемелер бұл конкурстарды өз бе­тінше өткізе алмайды. Заң бо­йынша бұл тек орталықтандырылған деңгейде жүзеге асырылады. Сандарға келсек, әзірге олар былтырғыдай сонша қо­мақты емес. Себебі, жиһазды қазір не­гізінен орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар ағым­дағы шығыстарынан үнемделген қар­жы есебінен сатып алады. Әзірше шама­мен 6 миллиард теңгеге жиһаз­-дар алынды, – деді қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.
Ол жыл соңына дейін бюджетті нақтылау жолымен тағы шамамен 10-12 миллиард теңгеге орталықтан­дырылған түрде жиһаз сатып алынуы мүмкін екендігін қосты.
Б.Сұлтанов бір жарым жыл бұрын іске қосылған мемлекеттік сатып алу­лар веб-порталының платформасы ар­қасында сатып алулар жүйесі толы­ғы­мен автоматтандырылғанын, сондай-ақ ол қатысушыларды веб-портал арқылы онлайн режимде электронды каме­ралдық бақылауға мүмкіндік береті­нін баяндады. Жалпы қабылданған шаралар бір конкурсқа қатысушы­лар­дың орташа санын 4 есеге ұлғай­тыпты. Яғни, бәсекелестік пен ашық­тық арт­қан.
Жүйені одан ары жетілдіру мақ­сатында, формалды себептер бойын­-ша құжаттарды кері қайтаруға жол бермеу үшін сатып алуларға қатысу­шыларға қойылатын талаптар жеңіл­детіледі. Тендер кезінде қатысушы­лардың оң тәжірибесіне, беделіне, са­лық жүктемесінің коэффициентіне (мемлекетке қанша салық төлегеніне) баса назар ауда­ры­лады. Сонымен қа­тар тендерге қаты­сушыларды білікті­ліктері бойынша алдын ала іріктеу институты кеңінен қолданылмақ. Се­бе­бі, жұмысшылары да, еш техникасы да жоқ, біліктілігі жетпейтін компа­ниялар ең төмен баға ұсыну арқылы жеңіп шығып, кейін алаяқтық істер жа­сайтыны не тендерді басқа компа­нияларға – қосалқы мер­дігерге жүк­тей салатыны кездеседі.
Қаржы министрлігі Инвестиция­-лар және даму министрлігімен және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, отан­дық өндірушілерге қолдау көрсету шараларын әзірлепті. Оның ішінде Бірыңғай ұйымдастырушы арқылы орталықтандырылған түрде сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар­дың, қызмет көрсетулердің тізімі ұл­ғайтылды. Ұсақ сатып алуларды бір үлкен лотқа біріктіру жоспарда бар.
Қаржы министрі Б.Сұлтановтың мәліметінше, квазимемлекеттік сек­тордың сатып алуларын заңнамалық реттеуді қарастыратын заң жобасы әзірленіп жатыр. Қаржы министр­лі­гінде «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек», «ҚазАгро» ұлттық холдингтері кіретін квазимемлекеттік сектордың барлық субъектілеріне бірыңғай сатып алулар ережесін бекіту бойынша уәкілетті органдарды анықтау жоспарланған. Ұлттық компаниялардың сатып алу­лары үшін жеке ережелер әзірленеді, олар мемлекеттік сатып алуға қара­ғанда барынша икемді болмақ.
Осы орайда сөз алған «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Ө.Шөкеев қаупін білдірді. Министрлік әзірлеген әлгі заң жобасында квазимемлекеттік сек­тордың сатып алулары әдістемесін Қаржы министрлігіне тапсыру қарас­тырылады. Өмірзақ Шөкеев «мұның бұрындары болғанын» еске сала кетті және «сол тәжірибеге қайта оралу кері қадамға айналуы ықтимал» деп са­найтынын жеткізді.
«Біз квазисектордың барлық су­бъектілері үшін сатып алудың бірың­ғай ережелерін бекітуге, сондай-ақ сатып алулар ережелерін бұзғаны үшін квазисектор қызметкерлерінің жа­уапкершілігін белгілеуге қарсы емес­піз. Бірақ біз квазимемлекеттік сек­тор сатып алуларын Қаржы министр­лігінің бақылауы астына қуып тығуға келіспейміз. Ұлттық компанияларды ІРО-ға шығару қарсаңында бұл сол компанияларды бағалауға теріс ықпал етуі мүмкін. Сатып алулар компания­лардың операциялық қызметіне жа­тады. Инвесторлар коммерциялық ұйым­дардың сатып алуларын мемор­ганның реттеуіне қалай қарайды?» деген «Самұрық-Қазына» басшысы заң жобасының осы нормаларын ква­зи­сектор келісімінен өткізуді ұсынды.
Бұған жауап берген қаржы ми­нистрі Б.Сұлтанов «ұлттық компа­ния­лардың бағасы мен рейтингінің тө­мендеуіне жол берілмейтінін» нық­тады.
«Бұған біз жол бермейміз және ол болмайды да. Шынында, бар мәселе халықаралық рейтингтік агенттік­-терге дұрыс түсіндіре білуге тіреледі. Бұл жерде заң жобасында ішкі аудит қызметтерін үйлестіру туралы сөз болып отыр. Себебі, дәл қазір ұлттық компаниялар арасында осы бағытта үйлесім жоқ. Біз бірінші кезеңде тек үйлестіру бойынша ғана жұмыс жүр­гіземіз. Егер ары қарай корпоративтік басқару жүйесі осы проблемаларды өзара шеше алса, біз бұдан бас тар­та­мыз» деген Бақыт Сұлтанов қазіргі уақытта ішкі мемлекеттік аудит қыз­меті барлық мемлекеттік органдар ара­сындағы үйлестірумен, сондай-ақ олар­дағы осы қызмет мамандарын оқы­тумен, сатып алулардағы ақау­лар­ды анықтауға үйретумен айналысып жатқанын мысалға келтірді. Енді осы тәжірибені квазисекторға да таратып көрмек.
Үкімет отырысында «Атамекен» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы А.Мырзахметов те баян­дама жасады.
Бірінші мәселені талқылауды қо­рыт­қан Премьер Б.Сағынтаев Қаржы министрлігіне мүдделі органдармен бірге жұмысты жалғастыруды және «Кейбір заңнамалық актілерге мем­лекеттік сатып алулар және квази­мемлекеттік сектордың сатып алулары мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын ары қарай пы­сықтауды жүктеді. Сонымен бірге, ол мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың сатып алулары саласын же­тілдіруге қатысты жұмысты уақытында аяқтауды тапсырды.
Кейін журналистерге арналған бас­пасөз конференциясында министр Бақыт Сұлтанов аталған заң жобасы жауапкершілікке және ережелерді сәй­кестендіру қағидаларына негіз­делгенін айтты. Оның түсіндіруінше, жаңа жобаның басты қағидалары – квазимемлекеттік сектордың барлық субъектілері үшін бірыңғай ережелер жасау және сатып алуға қатысушы­лардың жауапкершілігін арттыру. Бірыңғай тәсіл кәсіпкерлер үшін мем­лекеттік және квазимемлекеттік сек­торлардың сатып алуларына қатысу шарттарын жеңілдетеді. Сонымен қатар мемлекеттік сатып алу жүйе­сіндегі барлық ақпараттық жүйелерді біріктіру де жоспарланған.
– Бүгінде, өкінішке қарай, заң­намада квазимемлекеттік секторда сатып алулар бойынша ешқандай жауап­кершілік жоқ. Сондықтан Әкім­шілік құқық бұзушылық кодексіне және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға ұсынылатын жаңа өзгеріс­терде квазисектордың сатып алу­ла­ры­ның ережелерін бұзғаны үшін жауап­кершілік қарастырылады, – деді Б.Сұлтанов.
Министр заң жобасы бойынша «квазимемлекеттік секторды Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің бақылауына алу көзде­ле­тінін» мәлімдеді. Бұл шара «квази­мем­лекеттік секторда корпоративтік бас­қару жүйесін үйлестіру және сатып алулардың бірыңғай ережелерін жасау үшін қабылданған» көрінеді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бо­йынша баяндама жасаған денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов өз ведомствосының «Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың Бірың­ғай перспективалық жоспарын» әзір­легенін хабарлады. Медициналық ұйым­дардың желісі де осы Бірыңғай перспективалық жоспары негізінде жүйеленеді. Алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, ин­фрақұрылымды жаңғырту, медици­на­лық ұйымдардың менеджментін жақ­сарту, инвестициялар тарту және жеке сектордың үлесін ұлғайту, денсаулық сақтау жүйесінің сапасы мен эконо­микалық тиімділігін арттыру көзделген.
Үкімет жиынында Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі А.Браунның, Азия даму банкінің Қазақстандағы өкілдігінің директоры Дж.Капаннеллидің, сондай-ақ Алматы облысының әкімі А.Баталовтың осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндамалары тыңдалды.
Мәселені қарау қорытындысы бойынша Премьер Б.Сағынтаев Ден­саулық сақтау министрлігіне облыс­тар­дың, Астана мен Алматы қалала­рының әкімдерімен бірге, денсаулық сақтау нысандарының желісін жос­парлау жұмыстарын қосымша пы­сықтап, онда өңірлердің ерекше­лік­терін, халық санын, ауру-сырқаулар құрылымы мен саланы дамытудың ба­сымдықтарын ескеруді тапсырды.
Жауапты министрлікке сондай-ақ уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, жеке медицинаны дамыту бойынша жұмыстарды жандандыру, медици­на­лық мекемелердің құрылыс жұмыс­тарына қатысты санитарлық нормалар мен ережелерді жеңілдету, денсаулық сақтау саласын реттеу­сіз­дендіру (де­ре­гулирование) шараларын қабылдау жүктелді. Медициналық инфрақұры­лымды жаңғырту аясында денсаулық сақтау нысандарының құ­рылысына арналған типтік жобаларды құру мәсе­лелерін пысықтау туралы да тапсырма берілді.

Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*