Әлем қазақстанға көз тігіп отыр

1335
0
Бөлісу:

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Финляндия Республика­сының президенті Саули Ниинистемен бірге «Астана ЭКСПО – 2017» көрме кешеніне барып, Финляндияның ұлттық павильонын аралап көрді.
Осы орайда сарапшылар мына қызықты дерекке назар аударды. Финдер көшбасшысының есімі қазақ тіліне «Сәуле» болып ауда­рылады екен. Күн қуатын бейне­лейтін «Сәуле» кейіпкері – «ЭКСПО – 2017» көр­ме­сінің символдарының бірі екені мәлім.
Екі елдің президенттері Финлян­дияның ұлттық павильонындағы экспо­зициялармен танысып, «Нұр әлем» кешенінде орналасқан Қа­за­қ­стан­­ның көрме павильонын аралап көр­ді. Сондай-ақ мемлекеттер бас­шы­л­ары көрме кешенінің Конгресс-орта­лығында екіжақты келіссөз жүр­гізді.
Нұрсұлтан Назарбаев С.Ниинис­теге елі­мізге сапармен келіп, Фин­ляндия павильонын ашуға қатыс­қаны үшін алғыс айтып, екі ел ара­сындағы қарым-қатынастың жоғары деңгейде екенін атап өтті.
– Біздің қарым-қатынасымыз – үлгі етуге тұрарлық. Бірнеше рет түр­лі әлемдік басқосуларда жүздестік. Финляндия «ЭКСПО – 2017» көр­месін өткізу орнын таңдау, сондай-ақ БҰҰ Қауіпсіздік кеңе­сінің тұрақты емес мүшесі мәр­тебесін алу кезінде бізге, Қа­зақстан кандидатурасына қолдау білдірді. Қазақстан да халық­аралық аренада Финляндияны әр­дайым қолдап келеді, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті екіжақты байланыстарды дамытудың маңыз­дылығына тоқталып, өнеркәсіп, фар­мацевтика, ақпараттық техноло­гиялар, білім және медицина сияқты салалардағы қарым-қатынасты ны­ғайтуға мүдделі екенімізді айтты.
С.Ниинисте Н.Назар­баев­­­­қа кездесудің ұйымдастырыл­ғаны үшін ризашылық білдіріп, Қазақстан­ның жаһандық және өңірлік өзекті мә­­се­лелерді шешудегі рөліне тоқ­талды.
– Сіздің екіжақты қарым-қа­тынас мәселелеріне ғана емес, сонымен бірге, жаһандық пробле­ма­ларға қа­тысты пікіріңіз де мен үшін әрдайым маңызды. Қазір бүкіл әлем Қа­зақстан­да өтіп жатқан келіс­сөздерге көз тігіп отыр. Бұл – Аста­надағы Сирияға қа­тысты келіссөздер, – деп назар ау­дарды Финляндия президенті.
С.Ниинисте Мемлекет басшысына ұлттық павильонмен танысқаны үшін алғыс айтып, Финляндияға сапармен келуге шақырды.

 

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*