Төрт күнде – 88 мың адам

1429
0
Бөлісу:

«ЭКСПО – 2017» көрмесін алғашқы 4 күнде 88 мың 300 адам тамашалаған. Бұл туралы Астана қаласы әкімшілігінің «Астана Кон­веншн бюро» ЖШС-нің директоры Санияр Әйтекенов хабарлады.
Миграциялық полицияда 1970 қонақ тіркелсе, өңірлерден 6 мың 200 бала келген. Көр­меге келген қонақүйлердегі келу­ші­лер­дің саны – 27 мың адам. Қонақүйлердің – 81 пайызы, хостелдардың 25 пайызы толық. Қоғамдық көліктер осы уақыт ішінде 2,6 миллион жолаушыны тасыған.
Көрмеде әр елдің ұлттық күндерін атап өтуге арналған Ұлттық күн сахнасы бар. Онда күн сайын әр ел өкілдерінің, өнерпаздарының қатысуымен Ұлттық күн аталып өтеді.

Украина «ЭКСПО»-ға рекордты сүлгі сыйлады
Украина «ЭКСПО»-ға электр өнді­ретін инновациялық күн генераторла­рын, жоғары технологиялы перделер мен ақылды үй жобасын әкелді. Бұл туралы халықаралық мамандандырылған көр­ме­нің шеңберінде Украинаның Ұлттық күнін мерекелеу барысында Украина мемлекетінің вице-премьері Геннадий Зубко айтып берді.
Суды және ғимараттарды жылытатын генератор күн энергиясын сорып алатын пластелиннің көмегімен барлық жылуды генератордың орталығына жинайды. Онда ваккум жасайтын шыны түтік орналасқан. Вакуум Цельси бойынша 900 градусқа дейін қызып, соның нәти­жесінде алынған жылумен еденді, бассейнді және көлемі шағын үйлерді жылытуға болады. Ұйымдастырушылар аппараттың қуаты 4 киловатт болған­дықтан, үлкен үйлерді жылытуға келмей­тінін айтады. Алайда қазір 8 киловаттық аппарат жасалынып жатыр екен. Құ­рылғының бірегейлігі ол күннің бағытын өзі тауып, пластелинді соған қарай бұрып отырады.
Күн жалюзі өзіне күн сәулесін сіңіріп, энергия өндіреді. Олар үй шамдарының жарығын сіңіріп энергия өндіре алады. Бұл энергия кішігірім тұрмыстық техни­каларды, мәселен, телефон мен ноутбук­ты қуаттауға пайдалануға болады. Украи­наның Ұлттық күнін атап өту шарасында ұзындығы 30 метрге дейінгі сүлгі көрсе­тілді. Ол Гиннестің рекордтар кітабына кіреді. «ЭКСПО – 2017» көрмесінен кейін бұл туынды Қазақстандағы Украина елшілігіне сыйланады.

Энергия көзі – адамдар
Грузия – «ЭКСПО»-ға қатысатынын растаған алғашқы мемлекеттердің бірі. Бұл мемлекеттен көрмеге он мың адам келеді деп күтілуде. Кешегі Грузияның Ұлттық күнін тойлауға мемлекет бас­шысы Георгий Маргвелашвили қатысты.
500 шаршы метр аумаққа орналасқан Грузия павильонының тақырыбы – «Энер­гия көзі – адамдар». Павильонда су, жел, күн арқылы пайдаланылатын энергия көздері көрсетілген. Сонымен қатар павильон ішінде ұйымдастырыл­ған жәрмеңкеде грузин қолөнер шебер­лерінің бұйымдары қойылып, грузин шарабының түр-түрі ұсынылған.
«ЭКСПО – 2017» көрмесіндегі Грузия комиссары, энергетика вице-министрі Илия Элошвилидің айтуын­ша, елде өнді­рілетін энергияның 80 пайызы жаңғыр­малы энергия.
– Біздің павильонның маңызды экспонаттарының бірі тек жаңғырмалы энергия ғана қолданылатын бола­шақтың қаласына көз тастауға мүмкіндік беретін автомобилдің макеті. Сондай-ақ үздіксіз қозғалыс пен энергияның символы мультимедиялық турбинаны да келу­шілер тамашалай алады, – деді ол.
Шара соңында көрермендер грузин өнерпаздарының өнерін тамашалады.

1 Пост = 1 Ватт
Дүниежүзіндегі әрбір төртінші фото­элементтерді өндіруші Малайзияның павильоны Азиядағы көршілері Қытай мен Үндістанның ортасында орна­лас­қан. Оның аумағы – 727 шаршы метр. Көр­медегі тақырыбы – «Жасыл энер­гияны көбейту». Ең ірі орман алқаптары бар елдердің ішінде – бірінші орында, ал дамып келе жатқан нарық­тардың ара­сында төртінші орында тұрған­дықтан, «жасыл» энергетиканы да­мы­ту бойынша көшбасшы. Малайзия – дүниежүзіндегі күн фотоэлектрлік мо­дульдер мен ұяшық­тарын өндіруші­лердің бірі.
Малайзияның павильоны «1 Пост – 1 Ватт» байқауын жариялады. Ол үшін Facebook, Instagram және VK әлеуметтік желілерінде «жасыл» энергетика, «жасыл» технологиялар тақырыпта­рындағы #MyButterflyEffect хэштегімен жолданған әрбір хабарламаға бір ватт күн энер­гиясын қосуға міндеттенеді.
«Жасыл өсу» тақырыбындағы 2 әсерлі жарияланым жазған Малайзия мен Қазақстан азаматтары «ЭКСПО – 2017» көрмесін тамашалай алады. Сапар ке­зінде туындаған барлық шығындарды, оның ішінде «ЭКСПО – 2017» көрмесіне кіру, Астанаға келіп-қайту билеттерін Малай­зия жағы көтеріп алады. Малайзия аза­маттары үшін сайыс – 10 шілдеде, ал қа­зақ­стандықтар үшін 30 шілдеде аяқталады.
Сонымен қатар Малайзия өкілдері көрмеге қатысып жатқан жүзден астам мемлекеттерді де #MyButterflyEffect-ке қатысуға шақырды. #MyButterflyEffect компаниясының арқасында және қара­пайым #Wattif сұрағына жауап іздей оты­рып, біз «көбелек әсерін» іске қоса ала­мыз, ол өз тұрғысынан Future Energy-ге негізделген әлемге жетелейді.

Таңшолпан ТӨЛЕГЕН

Бөлісу:

Пікір жазу


*