Қазақстан Қырғызстанға қолдау көрсетуде

784
0
Бөлісу:

Қырғызстанның Еуразиялық одақтың толыққанды мүшесі ретінде қалыптасуына Қазақстан үлкен көмек көрсетуде. Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыстарында қалаулылар қырғыз еліне жәрдемдесуді қарастыратын бір топ ратификациялық актілерді мақұлдап, Сенатқа жолдады. 

Қырғыз республикасының Еуразиялық экономикалық одаққа интеграциялану процесіне жәрдемдесу мақсатында Қазақстан бұл елге 100 миллион доллар көлемінде көмек көрсетеді. Көрсетілетін көмек бөлек-бөлек транштармен арна тартады.
Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, екі ел үкіметтері арасында бекітілген Техникалық жәрдем көрсету туралы хаттама және оған өзгерістер енгізу туралы хаттамаға сәйкес, 1-транштың сомасы 41 038 096 долларды құрайды. Бұл қаржы Қырғызстанда «кедендік әкімші­лендіру рәсімдерін жеделдетуге, бақылау сапасын арттыруға, ЕАЭО кедендік аумағына әкелінетін тауарлардың қажетті қауіпсіздік деңгейін қамтамасыз етуге» бағытталмақ.
Тағы бір заң жобасы екі ел үкіметтері арасындағы «Көмек көрсету және оны пайдалануды бақылау тәртібі туралы хаттаманы» ратификациялауды көздейді.
– Қырғызстан Еуразиялық одаққа қосылғалы бері одақтың кедендік шекарасы сыртқы контурға, яғни, қырғыз-қытай, қырғыз-тәжік, қырғыз-өзбек шекараларына ауысты. Бұл ретте, қырғыз шекарасының инфрақұрылымы сапалы жарақтандыру мен жаңғыртуды қажет етеді. Елдің экономика­лық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және одақ­тың сыртқы шекарасын бақылау мақсатында мемлекет басшылары деңгейінде Қыр­ғызстанға көмек көрсету туралы шешім қабылданды. Көмек Қырғызстанның одаққа қосылуы жөніндегі «жол карталарында» көзделген іс-шараларды іске асырады, – деді министр Б.Сұлтанов.
Оның айтуынша, бүгінде «Көмек көрсету тәртібі» мен «Техникалық жәрдем көрсету іс-шаралары тізбесі» (шығындар сметасы) әзірленген. Аталған тәртіпке сәйкес, бірін­шіден, көмек бірнеше транштармен беріледі. Әр транш бойынша жеке «Тех­никалық жәрдем көрсету туралы хатта­маларға» қол қойылады және оларды Парламенттің ратификациялауы міндет. Екіншіден, іс-шаралар тізбесіне Қырғызстанның ЕАЭО-ға қосылуы бойынша «жол картасының» іс-шаралары ғана кіреді. Үшіншіден, көмек ақшалай қаражат, жабдықтар, тауарлар мен қызметтер, оқыту формалары арқылы көрсетілуі мүмкін. Төртіншіден, қырғыз тарапы көмекті пайдалануға және ұсынылған құжаттардың дұрыстығына жауапты. Бесіншіден, транштар­дың жүзеге асырылу қорытындысы бойынша оны пайдалануды бақылау қамтамасыз етіледі.
Қаржы министрі бұл көмекті жүзеге асырудың рәсімдеріне де егжей-тегжейлі тоқтала кетті. Ең алдымен, Қырғызстан біздің қарауымызға іс-шаралар, сомалар және растайтын құжаттар тізбесін ұсынады. Содан кейін оларды Қазақстанның мүдделі органдары – Инвестициялар және даму, Ақпарат және комуникациялар, Ауыл шаруашылығы, Денсаулық сақтау, Ішкі істер министрліктері төл бағыттары бойынша қарастырып, өз шешімдерін хабарлайды. Қаржы министрлігі еліміздің меморган­дарының қорытындылары негізінде іс-шаралар тізбесі мен шығыстар сомасын қалыптастырады. Тараптар Техникалық жәрдем көрсету туралы хаттаманы ресімдейді және қол қояды. Осы хаттама ратификация­ланғаннан кейін Қазақстан тарапы көмек көрсетеді.
Бұл ретте іс-шараларды жүзеге асыру қорытындысы бойынша тараптар көмектің қалай пайдаланылып жатқанына бірлескен ревизиялық бақылауды қамтамасыз етеді. Құқықбұзушылықтар анықталған жағдайда, одан әрі қаржыландыру туралы мәселе қазақ-қырғыз үкіметаралық кеңесіне шығарылады.
Б.Сұлтанов тағы бір транш сомасы 7 526 789 долларды құрайтынын жеткізді. Көмектің 7 млн доллары – ақшалай формада, ал жарты миллионы оқыту бойынша көр­сетілетін қызметтер түрінде ұсынылады. «Берілетін жәрдем арқылы келесі іс-шаралар қаржыландырылады:
1 286 800 долларға қырғыздың «Достук», «Карамык», «Ма­даният» кедендік өткізу пункттерін жай­ластыру, 5 662 149 долларға сынақ зерт­ханаларын жаңғырту, сондай-ақ техникалық реттеу саласында оқыту, 577 840 долларға көлік саласында зертханаларды жарақ­тандыру қаржыландырылады. Қаржы­ландыру көзі – Қазақстанның республикалық бюджеті» деді Қаржы министрі.
Осы күні Мәжіліс Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы тарифтік саясат негіздерін қоса алғанда, темір жол көлігі көрсететін қызметтерге қол жеткізуді реттеу тәртібін қолдану туралы келісімді рати­фикациялайтын заң жобасын да мақұлдады. Ол бойынша теміржол көлігімен Қазақстан аумағы арқылы транзитпен Қырғызстанға, Қырғызстаннан Еуразиялық одаққа мүше мемлекеттерге тасымалданатын жүктерге қатынас түрлері бойынша бірыңғай тарифтер (экспорттық, импорттық және мемле­кетішілік тарифтер) туралы ережелер уа­қытша қолданылады.
Мәжіліс депутаттары осы отырыста бірқатар жаңа заң жобаларын жұмысқа алды. Олардың арасында архив ісі, коммерциялық емес ұйымдардың қызметі туралы, сондай-ақ ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы жаңа жобалар бар.

Бөлісу:

Пікір жазу


*