Батыл бастамалар – өзгелерге үлгі

1225
0
Бөлісу:

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келген Швеция Корольдігі Парламентінің төрағасы Урбан Алинмен кездесті. Кездесу барысында Нұрлан Зайроллаұлы екіжақты парла­мен­та­ралық қатынастардағы оқи­ғаның тарихи сипатын атап өтті және бұл сапар Қазақстан мен Швецияның жан-жақты ынтымақтас­тығына, соның ішінде екі ел парламентшілерінің қарым-қатынас­тарына жаңа серпін беретініне сенім білдірді.

Спикердің айтуынша, бұл сапар сон­дай-ақ екі мемлекеттің жаңа деңгейдегі өзара ынтымақтастығын одан әрі терең­детуге деген ынталылығын білдіреді.
Мәжіліс төрағасы Швецияны «Қа­зақстанның Солтүстік Еуропадағы маңызды әріптесі» деп бағалай келе, дип­ло­матиялық қатынас орнаған 25 жыл ішін­­дегі жетістіктерге тоқталды. Осы уа­қытта елдер арасында сын­дарлы бай­ланыс орнады. Екі ел арасындағы тауар айналым өткен жылы 310 млн доллардан асты. Біздің елімізде швед капиталының қаты­суымен жұмыс істейтін 50 кәсіп­орын бар.
Тараптардың пікірінше, Қазақстан мен Швеция арасында экономикалық әріптестікті одан әрі күшейтудің әлеуеті зор. Әсіресе, ауыл шаруашылығы, ға­рыш­­тық өнеркәсіп, энер­гетика, фарма­цев­­тикалық өндіріс, білім, тау-кен, тұр­ғын үй салалары басым бағыттардың бірі. Спи­кердің байламынша, жоғары техноло­гиялар саласындағы көшбасшы­лар­дың бірі ретінде Швеция біздің еліміз үшін елеулі қызығушылық тудырады.
Жаһандық мәселелерді тілге тиек еткен Мәжіліс төрағасы Қазақстанның ядролық қарусыздану және таратпау жолындағы бастамаларына айрықша на­зар аударып, ел Президенті Н. Назарбаев­тың адамзатты ядролық қарудан азат әлем құруға үндеп келе жатқан ше­шімдері мен батыл қадамда­рына тоқталды. Осы ретте әлемдік қа­терге айналған терроризм мен экстре­мизм мәселесі де назардан тыс қалмады.
Өз кезегінде мәртебелі мейман қазақ елінің қонақжайлығы үшін шексіз алғысын жеткізе келіп, Қазақстан Пре­зидентінің маңызды стратегиялық бастамалары, соның ішінде, ядролық қаруды таратпау жөніндегі нақты іс-қимылы Швеция тарапынан зор қолдауға әрі құрметке лайық екенін атап өтті. Одан әрі тараптар парламентаралық әріптестікті нығайтудың өзекті мәсе­лелерін талқы­лады. Бұл орайда бейінді комитеттер арасындағы байланысты күшейтіп, заң шығару жұмысында етене тәжірибе алмасудың маңызы өте зор. Мәжіліс төрағасы Швеция Корольдігі Парламенті төрағасының алғашқы ресми сапары елімізде өте маңызды кезең – бүкіләлемдік «ЭКСПО» көрмесі аясында өткізіліп жатқанын атап өтті. Урбан Алин Қа­зақстанда бұл көрменің өте табысты өтетініне сенім білдірді.
Осы күні Мәжіліс төрағасы ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясының төрайымы Кристин Муттоненмен кез­десті. Нұрлан Нығматулин бұл кездесу біздің еліміздің ЕҚЫҰ-ға толыққанды мүше болғанына 25 жыл толған кезде, сондай-ақ біздің мемле­кетіміз үшін елеулі кезең – бүкіл әлемдік «ЭКСПО» көрмесі аясында өтіп отырғанын атап өтті.
Бұл ретте спикер ЕҚЫҰ сияқты беделді ұйымның «ЭКСПО»-ға қатысуы көрменің маңыздылығын арттыра түсе­тінін жеткізді.
Нұрлан Нығматулин мен Кристин Муттонен ЕҚЫҰ мен Қазақстан арасын­дағы ынтымақтастықтың өзекті сұрақ­тарын талқылады. Мәжіліс басшысы атап өткендей, Қазақстан мен ЕҚЫҰ-ның әсіресе, аймақтық қауіпсіздік пен тұрақ­тылықты нығайту жолындағы ұстаным­дары ұқсас. Осы орайда спикер ғаламдық проблемаға айналған экстремизм мен терроризм мәселесіне жан-жақты тоқтала келіп, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ аясында ғаламдық контртеррорлық желі құру туралы бастамасының өзектілігіне тоқталды.
Өз кезегінде К.Муттонен Қазақстан­ның халықаралық деңгейдегі, соның ішінде, Украина, Сирия елдеріне қатысты маңызды мәселелерді шешуде маңызды рөл атқарып келе жатқанын алға тарта келіп, біздің елі­міздің 25 жыл ішінде жеткен жетістіктеріне өте жоғары баға берді. Мейман «ЭКСПО» көр­месіне арқау болған болашақ энергиясы та­қырыбына да айрықша мән беріп, Қазақстан­ның жаңартылған энергия көздеріне бай­ланысты батыл баста­малары өзгелерге үлгі болатындығын жеткізді.
Тараптар ЕҚЫҰ-ның экономика-экологиялық өлшемдері аясында қауіп­сіздік саласындағы ынтымақтас­тықты күшейту жайына да баса көңіл бөлді. Мәжіліс төрағасы мейманды Парламент Мәжілісінің қазіргі қызметі жайында толыққанды хабардар ете келіп, өзара ықпалдастықты нығайтудағы Парламент рөліне тоқталды. ЕҚЫҰ ПА төрайымы Мәжіліс төрағасын Австрияға ресми сапармен келуге шақырды.

Бөлісу:

Пікір жазу


*