Мәртебелі меймандармен кездесті

1423
0
Бөлісу:

Х Астана экономикалық форумы аясында Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев АҚШ сарапшыларымен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.
Олардың қатарында экономист және жазушы Нассим Талеб, публицист әрі жазушы Джон Перкинс, Принстон университетінің профессоры Харольд Джеймс бар. Кездесу барысында әлеу­меттік-экономикалық даму, энерге­тикалық саясат, климаттық өзгерістер, адам капиталын дамыту мәселелері талқыланды.
Бақытжан Сағынтаев қадірменді қонақтарға форум жұмысына қатысқаны үшін ризашылығын білдірді. Өз кезегінде сарапшылар экономиканы технологиялық жаңғырту, энергияның балама көздерін дамыту, білім беру саласындағы рефор­малар және т.б. бағыттар бойынша Қазақстан дамуында оң қарқынның байқалатынын атап өтті.
Осы күні Бақытжан Сағынтаев Ресей Федерациясының президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясы ректоры Владимир Маумен кездесу өткізді. Кездесу барысында Еуразия өңірінде орын алып жатқан өзекті экономикалық үдерістер, көлік инфрақұрылымын, адам капиталын, бәсекелестікті, бюджет және ақша сая­сатын дамыту келешегі, сондай-ақ әр­тарап­тандыруды ынталандыру мәселелері талқыланды.
Бақытжан Сағынтаев Швеция Парламентінің спикері Урбан Алинмен сауда және инвестициялар саласындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша кездесу өткізді. Кездесу барысында білім беру, техника және медицина, ғарыш өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және «жасыл» технологиялар салаларындағы ынтымақтастық әлеуеті қаралды. Соны­мен қатар «Болашақ» президенттік білім беру бағдарламасы аясындағы өзара іс-қимылды одан әрі жалғастыру мәселесі қозғалды. Бүгінгі таңда 30-дан астам қазақстандық студент – таңдаулы швед университеттерінің түлектері.
Сондай-ақ Премьер АЭФ аясында 2007 жылғы әлемдік Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунгпен кездесті. Жүздесу тақырыбы экономика, табиғат және қоғамның үйлесімін көз­дейтін Тұрақты даму тұжырымдамасын іске асыру, адам капиталына инвестиция салуға шақыратын «Жасыл өсім» тұ­жырым­дамасы болды. Бақытжан Сағынтаев пен Рае Квон Чунг Астанада өткізіліп жатқан «ЭКСПО – 2017» көрмесін талқылады.
Астана экономикалық форумының алаңында Бақытжан Сағынтаев Бреттон-Вудсты жаңғырту комитетінің бас директоры Марк Узанмен кездесу өткізді. Онда жаңа экономикалық сын-тегеу­рін­дер тұрғысынан алғандағы ынтымақтастық келешегіне қатысты мәселелер талқы­ланды. Айта кету керек, Комитет – Қа­зақстанның экономи­калық әртарап­тандыру және тұрақты даму үдерістерін ілгерілету жөніндегі серіктесі.

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*