Байқоңырды дамыту – басты міндет

861
0
Бөлісу:

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин мен Ресей Үкіметі төрағасының орынбасары Дмитрий Рогозиннің төрағалығымен «Байқоңыр» кешені бойынша Қазақстан-Ресей Үкіметаралық комиссиясының 5-отырысы өтті. Үкіметаралық комиссия мүшелері Байқоңыр кешенінің жұмыс істеуін, бірлескен жобаларды іске асыру, «Бәйтерек» ғарыш зымыраны кешенін құрудың өзекті мәселелерін талқыға салды. Сондай-ақ, Байқоңыр қаласы әкімшілігіне жаңа басшы тағайындалып, таныстырылды.
2016 жылы желтоқсанда Елба­сы­ның Ресейге іссапары барысында «Байқоңыр» кешеніндегі одан әрі ынтымақтастық тұжырымдамасына және «1995 жылғы 23 желтоқсанда Байқоңыр қаласының мәр­тебесі және оның атқарушы билік орган­дарының мәртебесі мен қалыптастыру тәртібі туралы мемлекетаралық келісімнің ҚР мемлекеттік органдарының тізбесі бөлігіне өзгерістер енгізу туралы» хаттамаға қол қойылған еді. Аталған құжат ғарыш айлағын бірлесіп дамыту және пайдалану, екі ел мүддесінде жаңа ғарыш жобаларын іске асыру, сондай-ақ Байқоңыр қаласын дамыту бағыттарын стратегиялық сипатта және ұзақ мерзімді перспективада ай­қындайды.
– «Бәйтерек» жобасын іске асыруды жеделдету және жаңа зымыранды ұшыру мерзімін 2025-тен 2022 жылға ауыстыру бо­йынша Ресей тарапының ұсынысын қол­даймыз. Тұжырымдамада сондай-ақ, Байқоңыр қаласының инфрақұрылымын дамыту, қолайлы әлеуметтік-эконо­микалық орта, жаңа жұмыс орындарын құру, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету, туризмді дамыту бойынша шаралар кешені қамтылған, – деді Асқар Мамин.
Кешеннің пайдаланылмайтын ны­сан­дарын жалға алудан шығару және кәдеге жарату мәселелері де қаралды. 2016 жылғы 20 желтоқсанда «Байқоңыр» кешенінің Ресей Федерациясы пайдаланбайтын ны­сан­дарын кәдеге асыру бойынша пилотты жобаны іске қосу туралы шешім қабыл­данған еді. Сонымен бірге Байқоңыр қа­ла­сын дамытудың 2017-2025 жылдарға арнал­ған бағдарламасының жобасы талқыланды.
– Бұл бағдарламаны әзірлеудің және іске асырудың мемлекет үшін маңызы өте жоғары. Оны қабылдау арқылы инженерлік және әлеуметтік инфра­құрылымды дамы­ту, жаңа әлеуметтік, мәдени, өндірістік нысан­дарды құру көзделіп отыр. Бұл қала­ның тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік бе­реді. Осы орайда құжатты жақсылап дайын­дап, орындауды қамтамасыз ету қажет, – деді Премьер-министрдің бірінші орынбасары.
Осы жылдың үшінші тоқсанында Байқоңыр қаласы, Төретам және Ақай кенттерінің тұрғындарына медициналық қызмет көрсету тәртібі туралы екіжақты құжатқа қол қоюды жеделдету шешімі қабылданды.
Сондай-ақ, үкіметаралық комиссия оты­рысында Қазақстан тарапынан қала­ның дамуын қаржыландыру тәрті­біне байланысты мәселелер қаралды. Оты­рыс қатысушылары «Байқоңыр» ғарыш айлағы қызметінің экологиялық қауіп­сіздігі мәселелеріне баса назар аударды.
Сонымен бірге, Асқар Мамин мен Дмитрий Рогозин Байқоңыр қаласы әкім­шілігінің жаңа басшысы Конс­тантин Бусы­гинді таныстырды. Ол әр жыл­дары Мәс­кеудің Солнцева қала­сының басқарма бас­тығы, мемлекеттік шекараны абаттан­дыру феде­ралдық агент­тігінің басшысы лауазымды қыз­меттер атқарған.

 

Жадыра АҚҚАЙЫР

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*