Экономика өсімі тың серпін алды

1333
0
Бөлісу:

Қазақстан экономикасының өсу қарқыны ай өткен сайын жеделдеуде. Бұл жайында Б.Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мәлім болды. Жиында көктемгі егіс жұмыстарын өткізу қорытындылары шығарылып, жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау мәселелері талқыланды. Сондай-ақ орталық және жергілікті атқарушы органдардағы сыбайлас жемқорлықтың жай-күйі қаралды.
Қазақ елі биыл «бестікке» кіруге әзір­ленуде. Бұл ілгерілеушілік ауыл шаруа­шылығы саласында болады деп күтілуде. Ауыл ша­руашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғановтың мәліметінше, биыл еліміздегі егіс алқабының жалпы ауданы 22,5 миллион гектарды құрайды. Бұл – өт­кен жылмен салыстырғанда 650 мың гек­тарға көп. Егін егу жұмыстарын әрта­раптан­дыру аясында әлемдік нарықта сұранысы жоғары дақылдар алқаптарының ауқымы 1 миллион 348 мың гектарға ұлғайтылған. Бұл агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағ­дарламасы индикаторынан 340 мың гектарға жоғары.
– Жасымық-чечевица егістігі бұрынғы 105 мың гектардан 2017 жылы 295 мың гектарға дейін, яғни үш есе ұлғайтылды. Бұл Қазақ­станға әлемде осы дақыл егілетін аумақ бо­йынша 5, оның экспорты бойынша 4-орынды иеленуіне мүмкіндік береді. Экспорт көлеміне біз сенімдіміз, өйткені барлық көлемі сыртқы нарықта сатып алы­натын болып, келісім­шарттары бе­кітілген. Бұдан өзге, биыл қант өндірісі 1,5 есеге, майлы дақылдар 1,3 есеге ұлғайтылады, – деді Қ.Айтуғанов.
Оның мәліметінше, көктемгі егіс жұ­мыс­­­тарын жүргізуге қажетті дизельдік отын­ға деген сұраныс толығымен қамта­масыз етілді. Үкіметтің жаздық егіс кезе­ңінде ак­циздердің мөлшерлемесін төмендету туралы шешімі дизельдік отын бағасын республика бойынша орта есеппен литріне 123 теңгеге дейін төмендетуге мүмкіндік беріпті.
Отырыс барысында өңірлердегі көктемгі егіс жұмыстарының нәтижелері және АӨК дамыту бағдарламасында қарастырылған шаралардың орындалуы туралы Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Алматы об­лыстарының әкімдері А.Мұхамбетов, Қ.Ақ­сақалов, М.Мұрзалин, А.Баталовтың және Қызылорда облысы әкімінің орын­басары Р.Рүстемовтің, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өндірушілері – шаруа қожалықтарының басшылары А.Касицин мен М.Фазуловтың баяндамалары тыңдалды.
Өз кезегінде вице-премьер – ауыл ша­руа­шылығы министрі Асқар Мырзахметов ағым­дағы жылы тұқым шаруашылығын қолдау 3,3 есеге, минералды тыңайтқыш­тарды қолдану 1,5 есеге ұлғайғанын хабар­лады. Жалпы АӨК дамыту мемлекеттік бағ­дарламасындағы «өндірісті әртарап­тандыру» бойынша инди­катор асыра орындалуда екен. Көктемгі егіс жұмыстары аясында жоспарланған инди­каторлар толық жүзеге асырылған.
Талқылауды қорытқан Премьер Бақыт­жан Сағынтаев Инвестициялар және даму ми­нистрлігіне тыңайтқыш өндірушілерге қолдау көрсетуді және минералды тыңайт­қыштар өндірісі көлемін арттыру мен оларды тұты­нушыларға жеткізу мәселелерін пысықтауды тапсырды. Ауыл шаруашылығы министрлігіне фитосанитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлу, өсім­дік­терді аурулар мен зиянкестерден қорғау құралдары мен заманауи өңдеу шараларын қолдану жүктелді. Бұл жұмысты жалпы үйлестіруге Асқар Мырзахметов жауап береді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша баяндаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова да Қа­зақ­­станның ендігі әлемдік көшбасшы­лар «отыз­дығына» енгенін жариялады. Өткен жыл­дың қорытындысы негізінде еліміз Дүние­жүзілік экономикалық форумның бәсекеге қабілет­ті­лік бойынша жаһандық рейтингінде 20-орын­ды иеленген, «еңбек нарығының тиімділігі» факторы бойынша «отыздыққа» кірген.
Министр «зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қазақстандықтардың денсау­лығын жақсарту мақсатында алдағы 3 жылда қысқартылған жұмыс уақытын, ақысы тө­ленетін қосымша жыл сайынғы еңбек демалы­сын беру және сүт жеткізу немесе сүтпен баға­лас өзге емдік-профилактикалық тамақ­тандыру өнімдерін жеткізу бойынша салалық нормативтер қайта қаралатынын» мәлім етті.
Т.Дүйсенова өз ведомствосының Кәсіп­одақтар федерациясымен бірлесіп, кәсіп­одақтардың қызметін жетілдіру және еңбек дауларын шешу мәселелері бойынша заң жобасының тұжырымдамасын әзірлегенін хабарлады. Өз кезегінде, Жоғарғы сот еңбек дауларын шешу кезінде соттардың заңна­маны қолдану мәселелеріне қатысты жаңа нор­мативтік қаулы дайындаған.
Кейін журналистерге сұхбат берген ми­нистр ханым Қазақстанда әйелдерді таға­йын­дауға тыйым салынған кәсіптер тізімі де қайта қаралатынын жеткізді. Елімізде әйелдерді өте ауыр жағдайда жүретін қара жұмыстарға салуға рұқсат етілмейді. Ол тізім 25 жұмыс түрін қамтиды.
Үкімет отырысында еңбекті қорғау та­қы­рыбында Кәсіподақтар федера­циясының төрағасы Ә.Құсайынов, «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС бас директоры Р.Ізмұханбет, сондай-ақ Маң­ғыстау, Оңтүстік Қазақстан және Пав­­лодар облыстарының әкімдері Ж.Түй­ме­баев, Е.Тоғжанов және Б.Бақауов сөз сөйледі.
Талқылауды түйіндеген Бақытжан Са­ғынтаев жұмыс орындарындағы жара­қатта­нушылық деңгейін төмендету және қазақ­стандықтардың еңбек құқықтарын сақтау бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
Осыдан кейін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев Үкімет мүшелеріне жем­қорлық секілді кесір құбылыстың алдын алу бойынша қолданылатын шаралар туралы баяндады.
Айтпақшы, Агенттік жариялаған ба­лалар сурет байқауының жеңімпаздары «сыбайлас жемқорлықты – үлкен мұзтау-айсбергке, мем­лекетті – кемеге, мемлекеттік қаржыны – қап-қап ұнға, ал парақор шенеуіктерді – кемедегі егеуқұйрықтарға және өзінің тұтқыр қармауыштарымен кемені терең тұңғиыққа тартатын тойымсыз сегізаяққа теңепті. Бұл кеселдің қаупін жас ұрпақ та түсінеді.
Агенттік «мемлекеттік қызмет көрсету кезінде азаматтардың шенеуніктермен тікелей байланысын шектеу үшін мемор­ган­дардың ақпараттық базаларын авто­мат­тандыру және ықпалдастыруды» сы­байлас жемқорлықтың таралуына тосқауыл қоятын шара ретінде атады. Сондай-ақ мемлекеттік қадағалаушы-бақылаушы функцияларды ғана емес, оның органдары санын да қысқартуды ұсынды.
А.Шпекбаев 2016 жылы 7 ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметін әшкереле­ген­дерін, 90-нан астам лауазымды тұлға қыл­мыс­тық жауапкершілікке тартылғанын жеткізді. Бұл топтар Алматы қаласында, Ақтөбе, Ақмола, Жамбыл, Қарағанды, Солтүстік және Оңтүстік Қазақстан облыс­тарында әрекет етіпті. Мұның сыртында алдын ала ымыраласу жолымен бір топ тұлға жасаған сыбайлас жемқорлықтың 89 фактісін анықтапты. Олар бойынша 360 адам жазаға тартылуда екен.
Премьер Бақытжан Сағынтаев барлық салаларда талдау жүргізуді қамтамасыз етуді және анықталған жемқорлық тәуекелдерді жою бойынша нақты шаралар қолдануды тапсырды. Сондай-ақ басқару органдарында сыбайлас жемқорлықтың жай-күйіне ішкі талдау жүргізу және әрекет етудің кешенді шараларын қолдану қажеттігі айтылды.
Үкімет отырысында Қазақстанның биылғы жылдың бес айындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жария етілді. Оған сәйкес, Қазақстанның ЖІӨ өсімі осы кезең қорытындысында 4,1%-ды құрады. Алдында 4 ай қорытындысында бұл көрсеткіш 3,7% болған.
Өнеркәсіпте 7,8%-дық өсім тіркелуде. «Қызылорда, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақ­стан облыстарынан өзге барлық өңірлерде өнеркәсіп өндірісінің деңгейі бойынша өсім байқалған. Құрылыста, сауда мен көлік саласында да оң қарқын белгіленген. Инфляция 7,5% деңгейінде сақталды» деді Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлей­менов.
Үкімет жетекшісі Бақытжан Сағынтаев меморгандардың басшыларына және өңірлердің әкімдеріне биылғы жылдың нәтижелері бойынша экономикадағы жос­парланған индикаторларға қол жеткізудің кешендік жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

 

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*