Сенат басшысы «ЭКСПО»-ға барды

1373
0
Бөлісу:

Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесіндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы күнінің ашылу салтанатына қатысты.

Қ.Тоқаев «Болашақ энергиясы» деп аталатын көрменің тақырыбы БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттарына толығымен сәйкес келетінін атап өтті. Спикер БҰҰ мен оған мүше мемлекеттер «ЭКСПО – 2017» көрмесіне қатыса отырып, жа­һан­дық климаттың өзгеру проблемасын шешуге қомақты үлес қосатынына сенім білдірді.
Төраға сондай-ақ, Қазақстанның халықаралық қоғамдастыққа табысты ықпалдасуы мен ядролық қару сынақ­тарына тыйым салу және ядролық қару­ды таратпау режимін нығайту жөніндегі біздің еліміздің ұстаным­дарына БҰҰ тарапынан қолдау көрсетілгеніне назар аударды.
– Президент Н.Назарбаевтың Семей ядролық полигонын жабу туралы Жар­лығына қол қойылған күн – 29 тамыз «Ядролық сынақтарға қарсы іс-қи­мыл­дың халықаралық күні» ретінде БҰҰ-да атап өтіледі, – деді Сенат төрағасы.
Қ.Тоқаев 2030 жылға дейінгі кезең­дегі орнықты даму саласындағы БҰҰ-ның жаңа күн тәртібін ілгерілетудегі және климаттың өзгеруі мәселелерін шешудегі Қазақстанның үлесіне тоқталды. Ол біздің елімізде «Жасыл көпір» әріптестігі бағдарламасы іске асырылып жатқанына, «жасыл» экономикаға көшу жөніндегі тұжырымдама ұлттық деңгейде қабыл­данғанына тоқталды.
БҰҰ-мен өзара іс-қимылдың келе­шегін тілге тиек еткен Қасым-Жомарт Кемелұлы оның Қазақстанның Қауіпс­із­дік кеңесіне тұрақты емес мүшесі ретіндегі өкілеттігін іске асыруға бағытталып отырғанын жеткізді.
– Біздің күш-жігеріміз ядролық қарудан азат аймаққа қол жеткізуге, ха­лықаралық терроризммен және зор­лықшыл экстремизммен күреске, жаһан­дық соғыс қатерінің алдын алуға, Еуропа мен Америка, Азия мен Африканың ұжымдық қауіпсіздігі жөніндегі аймақтық ұйымдарының бәрінің арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге арналып отыр, – деді Төраға.
Қ.Тоқаев БҰҰ аясында алдағы уақытта Астанада ашылатын «жасыл» техно­логияларды дамыту бойынша инвести­циялық жобалардың халықаралық орталығына да назар аударды. Орталықты орналастыру үшін «ЭКСПО» павильон­дарының бір бөлігін пайдалану көзделуде.
Салтанатқа қатысушылар халық­аралық көрмедегі БҰҰ күніне арналған осы жаһандық ұйымның Бас хатшысы Антониу Гутерриштің бейнежазбадағы үндеуін тамашалады. Шара барысында БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі, БҰҰ-ның Еуропа және ТМД елдері жөніндегі Даму бағдарламасы аймақтық бюросының директоры Джихан Султаноғлу мен Біріккен Ұлттар Ұйымының өнеркәсіпті дамыту жөніндегі (ЮНИДО) бас ди­ректоры Ли Йонг те сөз алды.
Қ.Тоқаев «ЭКСПО – 2017» халық­аралық көрмесін аралау аясында қазақ­стандық «Нұр Әлем» павильонына қойылған жобалармен танысты.

Ерік ЕРДЕНОВ

Бөлісу:

Пікір жазу


*