Логистикалық орталық салынады

936
0
Бөлісу:

Қарағандыда 20 гектардан астам аумақта азық-түлік көтерме-үлестіру логистикалық орталығының құрылысы басталды.

Мұнда жергілікті ауылшаруашылық өнімдерін өндіретіндер өз өнімдерін делдалсыз өткізе алады. Ол азық-түлік бағасын төменде­туге көмектеседі. Бұл жайлы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі ха­барлады.
Жер телімі ескі әуежай аумағынан бөлінді. Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановтың қатысуымен құрылыс жұмыстарының ал­ғашқы кірпіші қаланды.
– Елбасының аграрлық секторды экономиканы дамытудың жаңа драйвері ету туралы тапсырмасы бар. Біз оның алғашқы қадамдарын жасаудамыз. Бүгінгі таңда көтерме-үлестіру логистикалық орталы­ғы­ның құрылысын бастадық. Бұл біздің облысымызға өте маңызды әрі қажет нысан. Ең бастысы – барлық халық үшін азық-түлік бағасын тө­мендетуге көмектеседі, – деді Ерлан Қошанов.
Жобаны іске асыру 2017 жылдан 2019 жылға дейін екі кезеңге бө­лінген. Бірінші кезеңнің құны – 10,5 млрд теңге. Оның ішіне көтерме азық-түлік орталығының, қоймалардың, көкөніс сақтау орындарының, кедендік рәсімдеу аумағының құрылысы кіреді. «Альфарух» ЖШС көтерме-логистикалық орталығының қуаттылығы тауарларды жүктеу, жүк түсіру және жүкті өңдеу бойынша жылына 350 мың тоннадан асады.
Жоба инвесторы – танымал қарағандылық кәсіпкер Анвар Осин. Орталықтың құрылысына компания меншікті және қарызға алынған қаражатын салады.
«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша бұл жоба­ға қолдау көрсетіледі. Мемлекеттік қаражат есебінен қажетті инфра­құрылым салынып, темір жол торабы өткізіледі деп жоспарлануда.
– Көтерме-үлестіру логистикалық орталығы аймағымызды және елімізді азық-түлікпен қамту мақсатында салынғалы жатыр. Келешекте көршілес елдерге де таратылатын болады. Мұнда жергілікті ауылша­руашылық өнімдерін өндіретіндер өз өнімдерін делдалсыз өткізе ала­ды. Оларға 2500 сауда орны беріледі. Көтерме саудамен қатар демалыс күндері бөлшек сауда да ұйымдастырылатын болады. Облысымызда өсірілген көкөністерді және ауылшаруашылық кооперативтерінен келген мал өнімдерін сақтау қарастырылады, – деді «Альфарух» ЖШС қаржылық директоры Тамир Даутов.
Орталық 2018 жылдың үшінші тоқсанында іске қосылады деп жоспарлануда.
Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,
Қарағанды облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*