«ЭКСПО» – түрлі өркениеттің тоғысқан жері

1266
0
Бөлісу:

9 маусымда Астана «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесінің ресми ашылу салтанаты өтті. Көрме үш айға созылады. Осы уақыт ішінде 5 миллионнан астам адам көрме кешенін аралап, 20 халықаралық ұйым мен мыңдаған кәсіпорынның болашақ энергиясы саласында ұсынған инновация­лық шешімдері көрсетілмек.

Болашақтың энергиясы тақырыбын­дағы «ЭКСПО – 2017» көрме кешенінің аумағы – 25 гектар. Көрме аясында «CO2 қалдықтарын азайту», «Энергия тиім­ділігі», «Энергия бәріміз үшін» тақыры­бында іс-шаралар өтеді. «ЭКСПО – 2017» көрмесіне 44 елдің өкілдері билет сатып алған. Қонақ­тардың көпшілігі Қытай мен Ресейден ке­леді. Бірінші күні келуші­лердің саны 10 мың адамға жеткен. Ең үлкен павильон – шар шеңберінде салынған биіктігі 100 метрге жететін Қазақстан кешені. 7 қабаттық павильонды аралап шығуға 3 сағаттан астам уақыт кетеді. Бүкіл па­вильон­дарды қарап шығуға кемі 4 күн уақыт керек.
«ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі – заманауи инновациялық техно­логиялардың ғана емес, жүздеген мә­де­ниет­тің тоғысқан аймағы. Мұнда 115 ел­ден келген миллиондаған жұрт өзге елдің өркениетімен танысуға мүмкіндік алады.

Франция – дәстүрін танытқан ел
Франция павильонының бас комиссары Паскаль Лоро 10 маусым күні павильонның ресми ашылу салтанатын өткізді. Павильон аумағы – 1084 шаршы метр. Бұл – көрме ке­шеніндегі ең ірі павильондардың бірі. Ашылу салтана­тында бас комиссар Паскаль Лоро:
– Астана «ЭКСПО – 2017» көрмесіндегі Франция павильоны біздің инновациялық технология саласындағы білім, білігімізді көрсете отырып, жетекші кәсіпорындары­мызды біріктіреді және Францияның халықаралық аренадағы абыройын арттыра түседі, – деді ол.
Сонымен бірге, ол павильонда эко-қала, жаңғырмалы энергия және эко­логиялық көлік сынды үш тақырыпқа басымдылық берілгенін атап өтті. Павильонда бұған дейін еш жерде көр­сетілмеген автокөліктің таныстырылымы өтті. Француз халқы өзінің ұлттық ән-күйлеріне көп көңіл бөлді. Көрме аясында келушілерге музыка кеші өткізіліп, кабаре мен цирк қойылымдары ұсынылмақ. Сондай-ақ павильон қонақтары француз елінің атақты суретшілері мен мүсін­шілерінің де өнерін тамашалай алады.

Ресейдің мұзды жару жобалары
Ресей Федерациясы павильонының ресми ашылуы 10 маусым күні өтті. Ашылу салтанаты қонақтарды стандартты лента қиюмен емес, мұзды лентаны жарып ашылғанымен таң­дандырды. Мұның өзі солтүстік көршіміздің көрмеге әкелгендерінің басым бөлігі мұзжарғыш флоттары екенінен хабар береді. Сондай-ақ павильон Ресейдің энергетика облы­сындағы жетістіктерін көрсетеді. Көрмеге әлемде ең мықты саналатын, бір дегенде 2,8 метрлік мұзды жаруға қауқары бар «Росатом» атомдық мұзжарғыш флот­ы­ның макеті қойылған. Аталмыш мұз­жарғыш кеме ауа райы жағдайына тәуелсіз түрде Арктикада жыл бойы навигациялау жұмыстарын жүргізе алады. Мұның барлығы Солтүстік теңіз жолымен жүк тасымалдау ұзақтығын барынша қысқар­туға мүмкіндік береді. Сонымен қатар келушілерге әлі салынып бітпеген, солай болса да «Росатомның» алдын орайтын мұз­жарғыш қуатына ие «Лидер» атомдық мұз­жар­ғысының презентациясы ұсы­ныл­ды. 4 метрлік мұзды жаруға күші жететін мұзжарғыш кеме – солтүстіктегі алыс ау­дандарға жүк жеткізу, туристерді солтүстік полюске апару қызметтерін атқармақ.

Татарстан туристерді шақырады
Кеше Ресей павильонының ішінде Татарстанның көрмесі ашылды. Тақырыбы – «Адам қуаты – халықаралық кооперация мен технологиялық дамудың драйвері». Олар өз елінің түрлі саласында жетістікке жеткен адамдарын таусыл­майтын энегрия көзі ретінде таныстырды. Ол үшін интерактивті тақтаға жақындап, қызықтырған саланы таңдайсыз. Онда сол саланың алдыңғы қатарлы өкілі өзінің жұмыс өтілін, жеткен жетістігін, сол арқылы еліне тигізген пайдасын тізбелеп айтып береді. Олардың қатарында студенттер мен ғылыми қызметкерлерді, компания басшылары да бар. Көрмеде 1 апта бойы Татарстанның өнеркәсіп, білім, туризм саласында жеткен жетіс­тіктері көрсетіледі. Ұйымдастырушылары көрмені пайдаланып туристерді кәсіби шеберлікті арттыруға бағытталған WorldSkills Competition – 2019 халықаралық чемпионатына шақырды. Көрме 18 мау­сымға дейін жалғасады.

Судан энергия алуға бейім Тәжікстан
8 миллионнан астам халқы бар Тәжікстан павильонының тақырыбы – «Орнықты дамуға арналған су және су ресурстарының ра­ционалды қолданысы». Бұл елде қазір 23 су электр стансасы бар. Болашақта 40-тан астам гидро электр стансалары салынбақшы. Көрмеде олар суды рационалды қолдану, яғни, бірнеше рет пайдаланып, энергия алуға болатынын көрсеткісі келеді. Көрмеге тәжік халқы «бақыт пен денсаулық ағашы» деп есеп­тейтін ағашты да қоса алып келіпті. Ол лазулит, мрамор, афит, нифрит секілді 20-дан астам құнды тастардан құрасты­рыл­ған. Оның жанына шын арқардың мүйізі қойылған. Тау арқары – жерінің 90 пайызы таудан тұратын Тәжікстанның символдарының бірі.

Таңшолпан ТӨЛЕГЕН

Бөлісу:

Пікір жазу


*