БҰҰ бастамаларын қолдайды

1088
0
Бөлісу:

Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесті.

Мемлекет басшысы БҰҰ Бас хатшысы­на Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының кеңесіне қатыс­қаны үшін шынайы риза­шылығын білдірді.
– Шанхай ынтымақтастық ұйымының тарихында БҰҰ Бас хатшысы оның жұмысына бірінші рет қатысуда. Сіздің осы шараға келуіңіз ұйым үшін тарихи сәт – ШЫҰ-ға Үндістан мен Пәкістанның қабылдануымен тұспа-тұс келіп отыр. Сол арқылы бұл ұйым аймақтық деңгеймен шектелмей, елеулі саяси күшке айналуда, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы БҰҰ қызметінің қа­ғидаттары мен оның барлық бастамасын Қа­зақстан әрдайым қолдап келгенін атап өтті.
– Өзіңіз білетіндей, Қазақстан ан­тиядро­лық қозғалыстың көшбасшысы саналады және БҰҰ тарапынан 29 тамыз – Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні болып жарияланды. Қа­зақстан та­рапынан Ядролық қарусыз әлем және жа­һандық қауіпсіздік үшін берілетін сыйлық тағайындадым. Иордания Королі ІІ Абдалла осы халықаралық сыйлықтың бірінші лауреаты атанды, – деді Қазақстан Президенті.
БҰҰ Бас хатшысы Нұрсұлтан Назарбаевты Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитін өткізуімен құттықтап, оған Үндістан мен Пәкістанның мүше болып қабылдануын атап өтті.
– Осы саммитке Шанхай ынты­мақтастық ұйымының бірте-бірте бүкіл әлемдегі ықпал­дастық орталығына айнала бастағанын жете сезініп келдім. Бұл ұйым, бүгінгі әлемдік құрылымның маңызды тірегі болып саналады. Үндістан мен Пәкістан осы басқосуда сындарлы диалог жүргізу үшін жаңа мүмкіндіктерге ие болады, – деді А.Гутерриш.

 

 Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*