Қазақ елі тебіренген күн!

Кеше бүкіл ел тарихында «алтын жазу-әріппен», тағдырында үлкен өнеге-дәріппен қалатын ғаламат оқиға бастау алды. 2017 жылдың 9 маусымы күні Қазақстанның бас қаласы – Астанада «ЭКСПО – 2017» жаһандық көрмесі салтанатты түрде ашылды. Енді барша Қазақ елі дөңгеленген дүниені үш ай бойы жаңашылдық пен жаңғырудың жасампаз рухына бөлеп, «жасыл» дамуда жаңа белестерге бастайтын болады.
«ЭКСПО – 2017» көрмесінің ашылу салтанатына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Сонымен бірге, әлемнің ғылыми және мәдени басты шарасын өз көзімен көріп, тамашалауға әлемнің әр елінен мемлекет және үкімет басшылары арнайы жиылды. Тұтастай алғанда, ЕХРО – 2017 ашылу рәсіміне 17 мемлекет және үкімет басшылары қатысты. Оларды көрме кешенінде Қазақстан Президенті өзі қарсы алды. Осыдан кейін биік мәртебелі меймандар Қазақстан көшбасшысына еріп, «Нұр Әлем» атты Қазақстан павильонын аралады.
Мемлекет басшылары мен үкімет жетекшілері өз елдерінің де павильондарын бірге аралады.
Таныстыру рәсімі аяқталған соң, көп күткен «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесінің ашылу салтанаты да басталды.
Алдымен сымдай тартылған сымбатты «Ұлттық Ұлан» жауынгерлері Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын салтанаты түрде сахнаға алып шығып, ту тұғырға көтерді. Қазақ елінің мемлекеттік рәмізін зал толы қазақстандықтар мен шетелдік меймандар тік тұрып қарсы алды. Осы тік тұрған бойы жұртшылық Қазақстанның Мемлекеттік әнұранын тыңдады.
Осыдан кейін ерікті-волонтерлардың төрт өкілі Халықаралық көрмелер бюросының туын әкеліп, тутұғырға ілді. Артында ұйымның ресми Гимні орындалды.
Ресми бөлімде сахнаға «ЕХРО» көрмелеріне жауапты ұйым – Халықаралық көрмелер бюросының президенті Стин Кристенсен шақырылды. Кристенсен мырза «ЭКСПО – 2017» көрмесін ұйымдастырғаны үшін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа, ел халқына және барлық ұйымдастырушыларға алғысын айтты.
– Бұл халықаралық мамандандырылған көрмеге арқау болған «Болашақ энергиясы» тақырыбы бүкіл әлемде өте өзекті. Ол тек дамыған мемлекеттерге ғана емес, сондай-ақ дамушы елдерге де қызықты. Бұл көрмеге халықаралық қоғамдастықтың жоғары ынта-ықылас танытып отырғанын қатысушылардың санының өзі айғақтайды, – деді Халықаралық көрмелер бюросының президенті. Астанадағы «ЭКСПО» көрме-кешенінде 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым өз павильондарын ашқаны мәлім.
Сөз соңында Стин Кристенсен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа, ел Үкіметіне, барлық ұйымдастырушылар мен көрме қатысушыларына атқарған жұмыстары үшін ризашылығын білдірді және Қазақстанның бас қаласы – Астанадағы көрмеге қатысу өзі үшін құрмет екенін мәлімдеді.
Қалың қауымның қол шапалақтап, қуаттауымен сахнаға көтерілген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ең алдымен баршаны «ЭКСПО – 2017» көрмесінің ашылу салтанатымен құттықтады. Елбасының шын тебіренгені толқыған дауысынан сезіліп тұрды.
– Қымбатты қазақстандықтар! Қымбатты қонақтар! Қонақжай Қазақстанның елордасы – әсем Астанаға қош келдіңіздер! Бүгін – біздің елде ғана емес, дүниежүзілік көрмелер тарихында айтулы күн. Біз «ЭКСПО» көрмесін ТМД және Шығыс Еуропа елдері арасында тұңғыш рет өткізгелі отырмыз. Осылайша, қазақ елінің басты ордасы осынау айтулы көрмені өткізген әлемдегі небәрі 35 қаланың қатарына қосылды. Астана енді үш ай бойы бүкіл адамзаттың жетістіктерін әйгілейтін басты алаңға айналады. Тәуелсіз Қазақстанның символы – Астана ХХІ қаласы ретінде жаңа қырынан әлемге танылады, – деді Қазақстан көшбасшысы.
Н.Назарбаев «ЭКСПО – 2017»-ге төрткүл дүниенің әр атырабынан арнайы келіп, қатысып отырған барлық елдер мен халықаралық ұйымдарға халқымыздың атынан ризашылық білдіріп, сәттілік тіледі.
– Біздің өтінішімізді және ұсынған тақырыбымызды қабыл алғандары үшін барлық елге ризашылығымды білдіремін. Осындай ауқымдағы көрме – бір мемлекеттің ғана атқарған ісі емес, бұл – осында өз жетістіктерін көрсетуге келген халықаралық қоғамдастықтың еңбегі, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы осыдан бір жарым ғасыр бұрын Лондонда өткен алғашқы дүниежүзілік көрмеден кейін адамзат орасан зор технологиялық өзгерістерді бастан өткергеніне тоқталып, бүгінде тиімді және қауіпсіз энергия саласындағы тың жаңалықтар қарсаңында тұрғанымызды атап өтті. Қазақстан Президенті «ЭКСПО – 2017» көрмесі осы жаһандық үдеріске өзінің айрықша үлес қосатынына сенім білдірді.
– Заманымыздың озық ойлы адамдарының қатысуы жоспарланған іс-шаралар адамзат дамуының жаңа бағыттарын айшықтайды. Миллиондаған қазақстандықтар мен дүниежүзінің түкпір-түкпірінен келетін жүздеген мың қонақ әлемдік ғылыми және инженерлік ақыл-ойдың керемет жетістіктерімен танысатын болады. «ЭКСПО» бағдарламасында 6 мың түрлі іс-шара өткізу жоспарланған. Олар әлем елдері арасындағы өзара түсіністікті дамытуға, ғылым, бизнес және қоғам арасындағы табысты іс-қимылға, сондай-ақ Қазақстан мәдениетімен танысуға септігін тигізеді. Біз келуге тілек білдіргендердің барлығын еліміздің басқа да өңірлерін аралап көруге, бірегей табиғатымызбен және тарихи мұрамызбен танысуға шақырамыз! – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы әлемнің экологиялық және орнықты дамуының маңыздылығына тоқталып, «ЭКСПО – 2017» тақырыбының еліміз үшін өзекті екеніне ерекше назар аударды.
– Қазақстан орасан зор көмірсутек қорының бар екеніне қарамастан, жаңартылатын энергия көздеріне белсенді түрде көшетін болады. Осындай мақсат біздің «Стратегия – 2050» бағдарламамызда және «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдамамызда көрініс тапты. Қазақстан 2050 жылға қарай жаңартылатын көздердің есебінен электр энергетикасының жалпы көлемінің жартысын өндіре алатын болады. Сонымен бірге, экономикада энергияның жұмсалуы да азаяды, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев көрме кешенінің нысандары мен халықаралық павильондардың қалай пайдаланылатыны жөнінде де айтып берді.
– Көрмені аралаушылар назарына басты нысан – жер шарын бейнелейтін «Нұр Әлем» сферасы ұсынылады. Оның әр деңгейі энергияның белгілі бір түріне арналған. Сфераның өзегінде біздің Ұлттық павильон орналасқан. Онда қазақстандық ғалымдардың ең озық жобалары көрсетілген Қазақстанмен танысу аймағы және «Жасампаз энергия» аймағы бар. «ЭКСПО» көрмесіне мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың 130-дан астам экспозициялары әкелінді. Екі тақырыптық павильонда энергетиканың эволюциясы, оның ХХІ ғасырдағы проблемалары және осы саладағы технологиялық өрлеу сәті көрсетіледі, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті көрменің іскерлік бағдарламасына тоқталды. Оның аясында Астана экономикалық форумы, Шетел инвесторларының кеңесі, Ислам ынтымақтастығы ұйымының саммиті сияқты бірқатар ірі халықаралық іс-шаралар өткізу жоспарланған.
Мемлекет басшысы көрменің халықаралық өзара ынтымақтастыққа елеулі тың серпін беріп, еліміздің ғылымын дамытуға және экономикамызды жаңғыртуға септігін тигізетініне сенім білдірді.
Нұрсұлтан Назарбаев «ЭКСПО – 2017» көрмесі аяқталған соң оның инфрақұрылымы одан әрі пайдаланылатыны туралы айтты.
– Бұл жерде «Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмыс істейтін болады. «Жасыл» технологиялар мен инвестицияларды дамыту жөніндегі халықаралық орталық құрылады. ІТ-стартаптардың халықаралық технопаркі ашылады. Осылайша, еліміздің, өңіріміздің және әлемнің игілігі үшін «ЭКСПО»-дағы «инновацияның тамыр соғысы» жалғасатын болады, – деді Қазақстан Президенті.
Соңында Мемлекет басшысы
«ЭКСПО – 2017» көрмесін дайындау үдерісіне қатысушылардың барлығына шынайы қолдау көрсеткендері және көрме идеясын жүзеге асыруға атсалысқандары үшін өз атынан алғыс айтты.
– Біздің мәртебелі қонақтарымызға – Астанадағы «ЭКСПО – 2017» көрмесінің ашылу салтанатына қатысуға уақыт тауып келген мемлекеттер мен үкіметтер басшыларына ерекше ризашылық білдіремін, – деп түйді Нұрсұлтан Назарбаев.
«ЭКСПО» көрмесінің ашылу салтанаты концерттік бағдарламаға және естен кетпестей ғажайып лазерлік шоуға ұласты. Салтанатты шара көздің жауын алар ғаламат отшашумен тәмамдалды.
Енді Қазақстан азаматтары мен шетелдік қонақтар үш ай бойы 115 елдің ұлттық павильондарын аралап, көркемдігі мен тартымдылығына баға бере алады. Ал ұйымдастырушылар бүгінгі ашылу рәсімінде қойылған қойылымды қалың жұртшылық тамашалай алуы үшін алда тағы төрт күн бойы қайталауға уәде етеді.
Айхан ШӘРІП