Қазақ елі тебіренген күн!

1462
0
Бөлісу:

Кеше бүкіл ел тарихында «алтын жазу-әріппен», тағдырында үлкен өнеге-дәріппен қалатын ғаламат оқиға бастау алды. 2017 жылдың 9 маусымы күні Қазақстанның бас қаласы – Астанада «ЭКСПО – 2017» жаһандық көрмесі салтанатты түрде ашылды. Енді барша Қазақ елі дөңгеленген дүниені үш ай бойы жаңашылдық пен жаңғырудың жасампаз рухына бөлеп, «жасыл» дамуда жаңа белестерге бастайтын болады.

«ЭКСПО – 2017» көрмесінің ашылу салтанатына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Сонымен бірге, әлемнің ғылыми және мәдени басты шарасын өз көзімен көріп, тамашалауға әлемнің әр елінен мемлекет және үкімет басшылары арнайы жиылды. Тұтастай алғанда, ЕХРО – 2017 ашылу рәсіміне 17 мемлекет және үкімет басшылары қа­тысты. Оларды көрме кешенінде Қазақ­стан Президенті өзі қарсы алды. Осыдан кейін биік мәртебелі меймандар Қазақ­стан көшбасшысына еріп, «Нұр Әлем» атты Қазақстан павильонын аралады.
Мемлекет басшылары мен үкімет жетекшілері өз елдерінің де павильон­дарын бірге аралады.

Таныстыру рәсімі аяқталған соң, көп күткен «ЭКСПО – 2017» халықаралық көр­месінің ашылу салтанаты да бас­талды.
Алдымен сымдай тартылған сым­батты «Ұлттық Ұлан» жауынгерлері Қа­зақстан Рес­публикасының Мемлекеттік туын салтанаты түрде сахнаға алып шы­ғып, ту тұғырға көтерді. Қазақ елінің мем­лекеттік рәмізін зал толы қазақ­стандықтар мен шетелдік меймандар тік тұрып қарсы алды. Осы тік тұрған бойы жұртшылық Қазақ­станның Мемлекеттік әнұранын тыңдады.
Осыдан кейін ерікті-волонтерлардың төрт өкілі Халықаралық көрмелер бюро­сының туын әкеліп, тутұғырға ілді. Артында ұйымның ресми Гимні орын­далды.
Ресми бөлімде сахнаға «ЕХРО» көр­мелеріне жауапты ұйым – Ха­лықаралық көрмелер бюросының президенті Стин Кристенсен шақырылды. Кристенсен мырза «ЭКСПО – 2017» көрмесін ұйымдас­тыр­ғаны үшін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа, ел халқына және барлық ұйымдастыру­шыларға алғысын айтты.
– Бұл халықаралық мамандандырылған көрмеге арқау болған «Болашақ энергиясы» тақырыбы бүкіл әлемде өте өзекті. Ол тек дамыған мемлекеттерге ғана емес, сондай-ақ дамушы елдерге де қызықты. Бұл көр­меге халықаралық қоғамдастықтың жо­ғары ынта-ықылас танытып отырғанын қа­тысу­шылардың санының өзі айғақтайды, – деді Халықаралық көрмелер бюросының президенті. Астанадағы «ЭКСПО» көрме-кешенінде 115 мемлекет пен 22 халық­ара­лық ұйым өз павильондарын ашқаны мәлім.
Сөз соңында Стин Кристенсен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа, ел Үкіметіне, барлық ұйымдастырушылар мен көрме қатысушы­ларына атқарған жұмыстары үшін риза­шылығын білдірді және Қазақ­станның бас қаласы – Астанадағы көрмеге қатысу өзі үшін құрмет екенін мәлімдеді.
Қалың қауымның қол шапалақтап, қуаттауымен сахнаға көтерілген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ең алдымен баршаны «ЭКСПО – 2017» көр­месінің ашылу салтанатымен құттықтады. Елбасының шын тебіренгені толқыған дауысынан сезіліп тұрды.
– Қымбатты қазақстандықтар! Қым­батты қонақтар! Қонақжай Қазақ­станның елордасы – әсем Астанаға қош келдіңіздер! Бүгін – біздің елде ғана емес, дүниежүзілік көрмелер тарихында айтулы күн. Біз «ЭКСПО» көрме­сін ТМД және Шығыс Еуропа елдері арасында тұңғыш рет өт­кізгелі отырмыз. Осылайша, қазақ елі­нің басты ордасы осынау айтулы көр­мені өткізген әлемдегі небәрі 35 қаланың қатарына қосылды. Астана енді үш ай бойы бүкіл адамзаттың жетістіктерін әйгілейтін басты алаңға айналады. Тәуелсіз Қазақ­станның символы – Астана ХХІ қаласы ретінде жаңа қырынан әлемге танылады, – деді Қазақстан көшбасшысы.
Н.Назарбаев «ЭКСПО – 2017»-ге төрткүл дүниенің әр атырабынан арнайы келіп, қатысып отырған барлық елдер мен халық­аралық ұйымдарға халқымыздың атынан ризашылық білдіріп, сәттілік тіледі.
– Біздің өтінішімізді және ұсынған тақырыбымызды қабыл алғандары үшін бар­лық елге ризашылығымды білдіре­мін. Осын­дай ауқымдағы көрме – бір мем­лекеттің ғана атқарған ісі емес, бұл – осында өз жетіс­тік­терін көрсетуге келген халықаралық қо­ғам­дас­тықтың еңбегі, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы осыдан бір жарым ғасыр бұрын Лондонда өткен алғашқы дүние­жүзілік көрмеден кейін адамзат орасан зор технологиялық өзгерістерді бастан өткерге­ніне тоқталып, бүгінде тиімді және қауіпсіз энергия саласындағы тың жаңа­лықтар қар­саңында тұрғаны­мызды атап өтті. Қазақстан Президенті «ЭКСПО – 2017» көрмесі осы жаһандық үдеріске өзінің айрықша үлес қосатынына сенім білдірді.
– Заманымыздың озық ойлы адам­дарының қатысуы жоспарланған іс-ша­ралар адамзат дамуының жаңа бағыттарын айшық­тайды. Миллиондаған қазақстан­дықтар мен дүниежүзінің түкпір-түкпірінен келетін жүздеген мың қонақ әлемдік ғы­лыми және инженерлік ақыл-ойдың кере­мет жетіс­тіктерімен танысатын болады. «ЭКСПО» бағдарламасында 6 мың түрлі іс-шара өткізу жоспарланған. Олар әлем елдері арасындағы өзара түсіністікті да­мытуға, ғылым, бизнес және қоғам ара­сындағы табысты іс-қимылға, сондай-ақ Қазақстан мәдение­тімен танысуға септігін тигізеді. Біз келуге тілек білдір­гендердің барлығын еліміздің басқа да өңірлерін аралап көруге, бірегей таби­ғатымызбен және тарихи мұрамыз­бен танысуға шақырамыз! – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы әлемнің эколо­гиялық және орнықты дамуының маңыз­дылығына тоқталып, «ЭКСПО – 2017» тақырыбының еліміз үшін өзекті екеніне ерекше назар аударды.
– Қазақстан орасан зор көмірсутек қорының бар екеніне қарамастан, жаңар­тылатын энергия көздеріне белсенді түрде көшетін болады. Осындай мақсат біздің «Стратегия – 2050» бағдарламамызда және «Жасыл экономикаға» көшу жөнін­дегі тұжырымдамамызда көрініс тапты. Қазақстан 2050 жылға қарай жаңартылатын көздердің есебінен электр энергети­касының жалпы көлемінің жартысын өндіре алатын болады. Сонымен бірге, экономикада энергияның жұмсалуы да азаяды, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев көрме кешенінің нысан­дары мен халықаралық павильон­дардың қалай пайдаланылатыны жөнінде де айтып берді.
– Көрмені аралаушылар назарына басты нысан – жер шарын бейнелейтін «Нұр Әлем» сферасы ұсынылады. Оның әр деңгейі энергияның белгілі бір түріне арналған. Сфераның өзегінде біздің Ұлттық павильон орналасқан. Онда қазақ­стандық ғалымдардың ең озық жобалары көрсетілген Қазақстанмен танысу аймағы және «Жасампаз энергия» аймағы бар. «ЭКСПО» көрмесіне мемле­кет­тер мен халықаралық ұйымдардың 130-дан астам экспозициялары әкелінді. Екі тақы­рыптық павильонда энергетиканың эволю­циясы, оның ХХІ ғасырдағы проб­лемалары және осы саладағы техноло­гиялық өрлеу сәті көрсетіледі, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті көрменің іскерлік бағдарламасына тоқталды. Оның аясында Астана экономикалық форумы, Шетел ин­вес­­торларының кеңесі, Ислам ынтымақ­тас­тығы ұйымының саммиті сияқты бірқатар ірі халықаралық іс-шаралар өткізу жос­пар­ланған.
Мемлекет басшысы көрменің халық­аралық өзара ынтымақтастыққа елеулі тың серпін беріп, еліміздің ғылымын дамытуға және экономикамызды жаңғыртуға септігін тигізетініне сенім білдірді.
Нұрсұлтан Назарбаев «ЭКСПО – 2017» көрмесі аяқталған соң оның инфра­құры­лымы одан әрі пайдаланылатыны туралы айтты.
– Бұл жерде «Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмыс істейтін болады. «Жасыл» технологиялар мен инвести­ция­ларды дамыту жөніндегі халықаралық орта­лық құрылады. ІТ-стартаптардың халық­аралық технопаркі ашылады. Осы­лайша, еліміздің, өңіріміздің және әлемнің игілігі үшін «ЭКСПО»-дағы «инно­вацияның тамыр соғысы» жалға­сатын болады, – деді Қазақстан Прези­денті.
Соңында Мемлекет басшысы
«ЭКСПО – 2017» көрмесін дайындау үдері­сіне қатысушылардың барлығына шынайы қолдау көрсеткендері және көрме идеясын жүзеге асыруға атсалысқандары үшін өз атынан алғыс айтты.
– Біздің мәртебелі қонақтарымызға – Астанадағы «ЭКСПО – 2017» көрмесінің ашылу салтанатына қатысуға уақыт тауып келген мемлекеттер мен үкіметтер басшы­ларына ерекше ризашылық білдіремін, – деп түйді Нұрсұлтан Назарбаев.
«ЭКСПО» көрмесінің ашылу салтанаты концерттік бағдарламаға және естен кет­пестей ғажайып лазерлік шоуға ұласты. Салтанатты шара көздің жауын алар ғаламат отшашумен тәмамдалды.
Енді Қазақстан азаматтары мен шетелдік қонақтар үш ай бойы 115 елдің ұлттық павильон­дарын аралап, көркемдігі мен тартым­дылығына баға бере алады. Ал ұйымдас­ты­рушылар бүгінгі ашылу рәсімінде қойылған қойылымды қалың жұртшылық тамашалай алуы үшін алда тағы төрт күн бойы қайталауға уәде етеді.

 

Айхан ШӘ РІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*