Көрші тату болса, келешек жарқын

1397
0
Бөлісу:

Көршісімен тату тұрған елдің өрісі кең, ырысы мол. Шекаралас елдер арасындағы түсіністік пен сыйластық сол елдердің дамуына азық, жарқын келешегіне берік қазық болатыны сөзсіз. Өркениетті қатынастар мен достық диалог өркендеуге, өрлеуге дәнекер болатынын жақсы түсінген Қазақстан мен Қытай сенім мен өзара тиімділікке негізделген ынтымақтастықты өрістетуде. Ақордада Қазақстан Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев елімізге ресми сапармен келген Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті.

Қос мемлекеттің басшылары алдымен шағын құрамда кездесу өткізді. Сөз бастаған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елдеріміз арасында сенім мен ынты­мақтастықтың жоғары деңг­ейі орныққанын атап өтті. Си Цзиньпин ҚХР басшысы болғалы бері Қазақстанға үшінші рет сапармен келуі соның дәлелі болса керек. Мұның сыртында бір жыл­дай уақыт ішінде екі ел көш­басшысы әртүрлі алаң­дарда осымен үшінші рет кездесіп отыр екен.
– Біздің сенімді байланыс­ымыз үкіметтер арасындағы өзара іс-қи­мылдың барлық бағытына әсер етеді. Қазақстан мен Қытай ара­с­ын­дағы мемлекетаралық қаты­настар үлгі етуге тұрарлық деп нық сенім­мен айтуға болады. Біздің ара­мызда шешімі табылмаған мәселелер жоқ. Туындайтын кез келген проб­лемалар өз шешімін тауып келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті тікелей шетелдік инвестициялардың, бө­лінген несиенің көлемі мен бірлес­кен кәсіпорындардың саны жөнінен ҚХР еліміздің негізгі экономикалық серіктестерінің біріне айналғанын атап өтті. Қазақ жерінің қойнауынан шығарылатын барлық мұнайдың
25 пайызын қытайлық компания­лар өндіреді екен. «Қазір олар келісім­шарттардың мерзімін ұзарту туралы мәселе көтеруде. Біз бұл мәселеге мұқият ден қоямыз. Себебі, олар – біздің жақсы серіктестеріміз. Бірлесе жұмыс істеген жылдар ішінде Қазақстаннан 100 миллион тоннадан астам мұнай, 180 миллиард текше метр газ жеткізілді» деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ жалпы ауқымы 28 млрд доллар инвестиция құйылатын 51 кәсіпорынды Қытайдан Қа­за­қ­станға көшіру жүзеге асырылып жатқандығы тілге тиек етілді. Оның үшеуі ендігі жұмыс жасауда. Тағы алтауы жүзеге асырылуда. 10 жобасы пысықталу үстінде екен. Басқалары бойынша да жұмыстар жалғасуда.
Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ көлік және логистика саласында атқарылып жатқан жұмыстардың маңыздылығына тоқталды.

– Өзіңіз алғаш рет Қазақстанда жария еткен Ұлы Жібек жолын дамыту жөніндегі «Бір белдеу, бір жол» идеяңызды ерекше атап өткім келеді. Біз осы идеяны белсенді қолдадық және оны өзіміздің «Нұрлы жол» бағдарламасымен ұштастыру жөнінде сіздермен бірлескен келісімге қол қойдық. Қазақстан Қытайдың шекарасынан Каспий теңізіне дейінгі темір жолды жалғастырып, Қорғасты Алматымен байланыстырды. Сол арқылы ҚХР-дың Қазақстанмен және бүкіл Орталық Азиямен байланысы жолға қойылды. Енді салынған көлік магистральда­рының толыққанды жұмысын және толық жүктелуін қамтамасыз ету керек, – деді Н.Назарбаев.
Сөзін түйіндей келе, Қазақстан Президенті Қытайдың жақын көрші ғана емес, стратегиялық сипаттағы өзара сенімді қатынас орнатқан достық ниеттегі серіктес екенін атап өтті.
ҚХР төрағасы бүгінгі кездесуді екіжақты байланыстардың достық сипатын танытатын шара ретінде қарастыратынын айтты.
– Біз мемлекетаралық өзара іс-қимылдың жоғары деңгейінде тығыз араласып келеміз. Бұл Қазақстан – Қытай қатынастарының стратегиялық сипаты бар екенін білдіреді. Біздің арамызда ең жақын қарым-қатынас орныққан. Өзіңіз орынды атап өткендей, менің бастамаммен Қазақстанда көтерілген «Бір белдеу, бір жол» идеясы бүкіл дүние­жүзінде қолдау тапты. Бұл бастама әлемдік үдерістердің қазіргі заманғы жалпы үрдіс­теріне сай келеді. Шын мәнінде, бұл – әлемнің экономикалық жаһандануының қатерлеріне жауап беретін ортақ бастама, – деді Си Цзиньпин.
Ол Астанада қытайлық сәулет өнерінің үлгісінде тұрғызылған «Пекин палас» қонақүйіне тоқтағанын, «Астанада өзін үйдегідей сезінетінін» айтты.
«Өзімнің «Бір белдеу, бір жол» бастамамды да осы Астанада, Назарбаев университетінде жария еткенім рас. Содан бері өткен төрт жыл­да бұл бастама халықаралық қоғамдас­тық­тың кең қолдауына ие болды. Бұған, яғни, осы бастаманың жалпыәлемдік үдерістерге жауап беретініне таяуда Бейжіңдегі жаһандық форумда көз жеткіздік. Бұл – экономикалық жаһандануға, әлем жұртшылығының қа­жеттіліктеріне, ынтымақтастық мүдделерге жауап беретін ортақ идея» деген ҚХР төрағасы «Нұрлы жол» мен «Бір белдеу, бір жол» бастамаларының ұштастырылуы барлық елдерге тиімділік пен пайда әкелетінін, одан барлығы ұтатынын жеткізді.
Екі елдің әр саладағы ықпалдастығы мә­селелері Ақордадағы кеңейтілген құрамдағы келіссөздерде де жалғасын тапты. Келіс­сөз­дерді ашқан Елбасы ҚХР бас­шысының осы сапарына үлкен мән-маңыз беріп отырғанын айтты. Қазақстан Президенті екі ел арасында дипломатиялық байланыстар орнаған сәттен бергі 25 жыл ішінде эко­но­ми­каның түрлі секторларындағы екіжақты қа­тынастарды дамытудың нәтижелерін атап өтті.
– Биыл біз елдеріміз арасындағы дипло­матиялық қатынастардың 25 жылдығын атап өтудеміз. Бұл әрине, өткенді бағамдап, ынтымақтастығымыздың аралық қорытын­дыларын жасап, қол жеткен нәтижелерімізді салмақтауға және болашақта дамудың жолдарын айқындап, алдағы келешекке жол мен жөн-жоба белгілеуге мүмкіндік беретін белес саналады. Біздің бүгінгі кездесуіміз де осыған арналып отыр, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Қытай БҰҰ, АӨСШК, ШЫҰ және басқа да халықаралық және өңірлік алаңдар аясында белсенді ынтымақтастық құратынына назар аударды.
– Осындай үйлесімді жұмыстың жарқын мысалы – Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясындағы ынтымақтастығымыз. Ертең біз ұйымның тарихи отырысына қатысамыз. Онда ШЫҰ Үндістан мен Пәкістанның қосылуы арқылы кеңейеді. Осы астаналық саммиттен кейін ШЫҰ-дағы төрағалық Қытайға өтеді. Сіздерге сәттілік тілейміз, – деді Мемлекет басшысы.
Елбасы сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда айналымының көлемі артқанын мәлім етті. Қазақстанның ресми мәліметі бойынша, биылғы жылдың бірінші тоқсанында өзара сауда 30 пайызға өскен. Елімізде қытайлық капиталдың қатысуымен шамамен 985 кәсіпорын жұмыс жасауда.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол» бағдарламасы мен «Бір белдеу, бір жол» бастамасының ұштасуы нәтиже­леріне тоқталды.
– Жалпы, біздің жан-жақты әрі қарқынды өзара іс-қимылымызды үлгі тұтарлық ынтымақтастық деп нық сеніммен атауға болады. Оның оң динамикасына қарамастан, бұған қанағат етуге болмайды. Алға ілгерілей беруіміз керек. Бізде екіжақты қатынастардың басым бағыттарында да тиісті потенциал бар. Ең бастысы – Қазақстан аумағында үйлесімді жалғасын таба білген Жібек жолы идеясын игеру. 4 жыл ішінде біз 1500 шақырым темір жол және 3000 шықырым автокөлік жолдарын салдық. Біздің ортақ шекарамызда 2 темір жол және 6 автокөлік өткелі бар. Осылайша, ҚХР-мен сауданы дамыту есебінен, мұхитқа шығар мүмкіндігі жоқ Қазақстан өзі қалағандай, транзиттік мемлекетке айналып отыр. Енді Тынық мұхиттан Қытай және Қазақстан арқылы Еуропаға қарай жол ашылды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Ел Президенті Қазақстан – Қытай қатынастарын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударып отырғаны үшін ҚХР төра­ғасына алғыс айтып, елдеріміздің өркендеуіне арналған жобаларды жүзеге асыруда табыс тіледі.
Си Цзиньпин көрсетілген қонақжайлы­лық үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашы­лығын білдірді.
– Келесі жылы Қазақстанның өз ас­танасын көшіргеніне 20 жыл толады екен. 20 жылдың ішінде Астанада Қазақстанды жарқын болашаққа бастайтын аса ауқымды өзгерістер болды. Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан ұлттық жаңғыру мен құрылыс ісінде де жаңа табыстарға қол жеткізетініне сенімдімін. 25 жылдық ынты­мақ­тастық барысында барлық бағыттар бойынша көптеген нәтижеге қол жеткіздік, біздің саяси қарым-қатынасымыз сенімге негізделіп дамуда, – деді ҚХР төрағасы Си Цзиньпин. Ол екі ел арасындағы қарым-қатынастар алда қарқыны қазіргіден де жоғары болатын жаңа деңгейге көтерілетініне сенімді екенін білдірді.
Ақордадағы келіссөздер аяқталған соң, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай Халық Республикасының төра­ғасы Си Цзиньпин бірлескен мәлімдемеге қол қойды.
Осыдан кейін қос лидер екі елдің ақпарат құралдарына қайырылды.
– Бүгінгі келіссөздер барысында біз энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелерін, трансшекаралық су көздерін пайдалану және қорғау, қауіпсіздік жүйесін нығайту, ғылыми техникалық және киберқауіпсіздік салала­рындағы ынтымақтастық жайын талқыладық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы қытайлық әріптесімен «Ком­позитор» фильмін де әңгімеге арқау еткен­дерін хабарлай кетті. «Мәдени ынтымақтас­тық мәселесін сөз еткенде, «Композитор» деген атаумен кинотуынды түсіру жөніндегі бірлескен жобаны талқыладық. Фильм қазақ композиторы Бақытжан Байқадамов пен бізге қазіргі қытай музыкасының классигі ретінде танымал Си Синьхаяның достығына арна­лады» деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Си Цзиньпин Ақордадағы келіссөздерге «достық пейілдегі, ашық сипаттағы, табысты келіссөздер» деп баға берді. Ол «Жаңа Жібек жолы» бастамасы мен Елбасы жария еткен «Цифрлық Қазақстан» стратегиясын ұштастыру мәселесі де көтеріл­генін айтты.
Шың елі көшбасшысының елімізге ресми сапарының қорытындысы бойынша бірқатар құжаттар қабылданды. Олардың арасында «Жібек жолы» қорының жекелеген кірістерін салық салудан босату туралы келісім», «Киноөндірісі саласындағы ынтымақтастық туралы келісім», «Қорғас өзенінде «Шүкір­бұлақ» бірлескен сел ұстайтын бөгет салудағы ынтымақтастық туралы келісім» бар.
Мұның сыртында Қазақстанның Қаржы министрлігі мен ҚХР мемлекеттік салық әкімшілігі «Салық мәселелері жөніндегі меморандум», ал «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен Қытайдың халықаралық саудаға қолғабыс көрсету комитеті «Ынты­мақтастық туралы келісім» бекітті.
Бұған қоса, екі ел үкіметтері арасында «Көлік инфрақұрылымы саласындағы ынтымақтастықты нығайту туралы меморан­думға», «Қазақстан Республикасынан Қытай Халық Республикасына экспорттала­тын мұздатылған ұсақ мал етіне қойылатын инс­пекция, карантин талаптары мен ветери­нариялық-санитариялық талаптар жөніндегі хаттамаға», «Қазақстан» РТРК» АҚ және ҚХР-дың орталық телевидениесі арасындағы меморандумға», «Зертханалық жабдықтарды ұсыну туралы келісімге», Қазақстан Рес­публикасының Тұңғыш Президенті – Ел­басының кітапханасы мен Қытайдың қо­ғамдық академиясы «ғылыми-мәдени ынт­ы­мақтастық туралы келісімге» қол қойды. Сондай-ақ тағы бір меморандум аясында Қытай қазақстандық университетке супер­ком­пьютер беретін болды.
Осы күні Астанада өткен Қазақстан – Қытай іскерлік кеңесі отырысында кәсіп­орындар арасында 7 млрд доллардың 20-дан астам коммерциялық келісімі рәсімделді. Соның ішінде, мәселен, Қытайдың мем­лекеттік даму банкінің «Самұрық-Қазына» қорына жеңілдікті шарттармен 3 миллиард доллардай несие беруін қарастыратын келісім бар. Көрші ел Атырау облысында метанол мен аммиак ірі тонналық өндірісі жобасын жүзеге асыруға 1 миллиард доллар бөлетін болды. Мұның сыртында Таразда каустик содасы мен хлор өндірісі жобасына несие бөлу туралы келісімге қол қойылды.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*