Жаңа бағыт ашылды

1111
0
Бөлісу:

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Астанадағы «ЭКСПО – 2017» көрме кешеніне барып, Қытай Халық Республикасының көрме павильонын аралады. Сапар аясында екі мемлекет басшыларының қатысуымен «Қазақстан мен Қытай – Еуразияның транзиттік көпірі» атты телекөпір ұйымдастырылды.

Іс-шараға қатысушыларға арнал­ған сөзінде Қазақстан Президенті «Астана ЭКСПО – 2017» халықара­лық көрмесіне қатысқаны үшін Қытай жағына ризашылығын біл­дірді.
– Құрметті Си Цзиньпин мырза, сізді Астанадағы «ЭКСПО – 2017» ха­лықаралық көрмесінде қарсы алуға қуаныштымын! «ЭКСПО» – энер­гетиканы дамыту саласындағы тәжірибемен алмасатын тамаша алаң. Қытай бірінші болып осы көрмеге қатысатынын растады. Бұл елдің «Болашақтың энергиясы, Жасыл жібек жолы» атты экспо­зициясы – «ЭКСПО» көрмесіндегі ең үлкен па­вильондардың бірі. Қы­тай Халық Республикасы – қалпына келтірілетін энергия көздері сала­сында әлемдік көшбасшы. 2020 жылға дейін Қытай осы салаға шама­мен 360 млрд доллар жұмсауды көз­дейді. Бұл – барлық мемлекет­тердің ішін­дегі ең үлкен көрсеткіш. Елі­ңіздің «ЭКСПО – 2017» көрме­сіне қатысуы техноло­гияларды және мәде­ни байланыс­тарды дамытуға зор үлес қосатынына сенімдімін, – деді қытайлық әріп­тесіне қайы­рылған Мемлекет бас­шысы.
Нұрсұлтан Назарбаев «Қорғас – Ляньюньган» жаңа көлік жолының іске қосылуының маңыздылығын атап өтіп, бұл жобаны «Жібек жолы­ның экономикалық белдеуі» және «Нұрлы жол» бағдарламаларын ұш­тастырудағы екі елдің тиімді ынты­мақтастығының жарқын мысалы деп атады.
– Бүгін маңызды екі жобаны іске асыру басталды. Ляньюньган порты­нан Орталық Азия мен Түркияға теңіз контейнерлерін тиеген бірінші пойыздар жолға шықты. «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономи­калық аймағының құрғақ портынан Қытайдың Чэнду қаласына контей­нерлік қатынас іске қосылды. 2020 жылға қарай 2 миллион контейнер көрсеткішіне қол жеткізу жоспарда тұр. Бұл елдеріміздің экономика­лық өсіп-өркендеуіне септігін тигізеді, – деді Қазақстан Президенті.
Өз кезегінде ҚХР төрағасы Си Цзиньпин аталған жоба көліктік-логистикалық ынтымақтастық бағы­тында жаңа мүмкіндіктер ашатынын айтты.
«Қазақстан теңізге шығу мүмкін­дігін алып отыр. Сөйтіп, ол Еура­зия­лық кеңістіктегі логистикалық орта­лыққа айналуда. Бұл тұрғыда елдеріңіз Шығыс пен Батыс ара­сын­дағы сауда тізбегінде маңызды рөл атқара бас­тайды. Барлық қазақ­стандық доста­рымды осы жетіс­тікпен құт­тық­тай­мын. Қытай мен Қазақстан ара­­­­сындағы транс­ше­ка­ралық тасы­мал ын­тымақтастығын тереңдету – барша өңірді дамытуда қуатты ынталан­дырушы күш. Бұл бағыттағы өзара іс-қимылдарды жалғастыруға мүдде­ліміз!» деп түйді Си Цзиньпин.
Негізі, әлемде алып мұхиттарға құяр теңіздерге шыға алмау – кез келген елдің кемшілігі. Бірақ Қазақ­стан – мұны артықшылығына ай­налдыра алған ел. Елбасы бастама­сымен, темір жол және автокөлік жол­дарын салу, халықаралық дәліз­дерді дамыту арқасында еліміз қазір дүниежүзілік транзит жүйесіне кең кірігуде. Нәтижесінде, мысалы, Қы­тай – Қазақстан – Еуропа бағдары­мен контейнерлік жүк тасымалдау тұрақты артып, еселене түскен.
Іс-шара соңында мемлекет бас­шы­лары Еуразия кеңістігіндегі жаңа контейнерлік қызмет – Ляньюнь­­ган Қазақстан – Қытай терминалы және «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы құрғақ порты жұмысының басталуын мақұлдады.
Осылайша, Қазақстан мен Қытай көшбасшылары жаңа контейнерлік бағытты ашты. Қытайлық Ляньюнь­ган теңіз порты мен қазақстандық «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы арасында контейнерлік қызмет іске қосылды. Бұл жоба – Қазақстанның «Нұрлы жол» бағдарламасы мен Қытайдың «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бастамасын ұштастырудың тағы бір айқын көрінісі.
Осы күннен бастап, Ляньюнгань айлағынан шығатын контейнерлік пойыздар Қазақстан арқылы Орта­лық Азия елдері мен Түркияның Ыстамбұл қаласына қатынайды. Тильбург (Гер­ма­­ния) – Чэнду (ҚХР) мен Ташкент – Чэнду арасындағы жүктер де Алтынкөл стансасымен өтеді. Жаңа тран­­зиттік бағыт арқылы COSCO Shipping компаниясы бұған дейін те­ңізбен тасымалдап жүрген контей­нерлерін Орталық Азияға құрлықпен жеткізетін болады.
Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*