Ел күткен «ЭКСПО»

2747
0
Бөлісу:

Бүгін Астанада «ЭКСПО – 2017» дүниежүзілік көрмесі салтанатты түрде ашылады.

Бүгін айтулы халықаралық шара Қазақстанның төрінде туын желбіретеді.
«ЭКСПО» өткізген ел ретінде Қа­зақстан бүгіннен бастап дүние тарихына алтын әріптермен жазылып қалады.
«ЭКСПО» арқылы еліміз дүниеден өз орнын ойып тұрып алады.
Әлемнің назары бүгін Алматының алқызыл апортына ауады.
Әлем қазақтың қоңыр домбырасының үніне еріксіз елітеді.
Бүгін әлемнің әсем арулары Астанаға иіліп сәлем салады, әлем назары Астана­ның айшықты ғимараттарына ауады.
Бүгін қазіргі заманғы әлем тарихының ең басты атрибутының бірі де бірегейі – «ЭКСПО – 2017» Астана төрінде аспанға айрықша отшашу болып шашылады. .
Бүгін өзімізді әлемге танытудың біре­гей жолы басталады.
Бүгін – ел имиджін көтеретін жаһан­дық деңгейдегі аса ауқымды шара! Алатаудай абыройымызды асыратын күн!
Тәуелсіз Қазақстанның елдігін таны­татын үлкен сынақ әрі асқан маңыз­ды оқиға. Алаштың Астанасының осынау ала­ман бәйгеге ұсынған «Болашақ энер­гия­сының» асығы алшысынан түсетін күн!
Бүгін – халқымыз үшін асқан абырой әрі үлкен елдік жауапкершілік күні. Қазақстанның астанасы бүгін әлемнің түкпір-түкпірінен келген түрлі мәде­ниеттердің үндесетін орнына айналмақ.
Жаһандық энергетикалық қауіпсіздік және энергия тапшылығы мәселесі бойынша әлем елдері бүгін «ЭКСПО» өтетін Астанаға ерекше құлақ түріп отыр. Ауқымды ғаламат шараға әрбір астаналық болып қана емес, барша қазақстандық бо­лып бірлесе жұмылып, ауқымды жоба­ны сәтімен жүзеге асырайық.
Біз оны «Болашақтың энергиясы» деп атадық. Еліміз үшін маңызды үдеріске – «жасыл» экономика жобасын жүзеге асы­руға әрқайсысымыз өзіндік үлесімізді қо­сайық. Астананы тың идеялар мен жа­ңа­ша істердің алтын көпіріне айнал­дырайық.
Ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы: «ЭКСПО» көрмесі – жаһандық ауқым­дағы оқиға. Ол маңыздылығы жағынан ірі экономикалық форумдармен, туристік тартымдылығы бойынша әлемдегі ең танымал спорттық ойындармен салыс­тыруға болады. Көрме біздің елімізге ірі инвестиция тартуға мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ «ЭКСПО» көрмесін өткізу арқылы Қазақстан «жасыл» экономиканы дамытуға тікелей септігін тигізетін жаңа технология мен инновация алады» деген болатын. Осы орайда Елбасы тапсыр­ма­сына сәйкес «ЭКСПО – 2017» көрмесінің барлық нысандары балама қуат көздерін тұтынатын болады.
«ЭКСПО» арқылы Қазақстанның халықаралық туристік нарыққа өз ұлттық брендімен танылуына үлкен мүмкіндік беріліп отыр. Сол мүмкіндікті тиімді пай­далана алуға тиіспіз.
Ең алдымен, еліміздің салт-дәстүрін, мәдениетін, тұрмыс-тіршілігін бүкіл әлем­ге паш ететіндей жобаларды барын­ша жандандырайық!
Жоспарланған келушілердің бәрі шетелдік турист болуы шарт емес.
Өзге елдерде де көрмеге келушілердің денін ішкі туризм құрайтынын ескерсек, Астана көрмесін де қазақстандықтар барынша мол қызықтайды деп сенеміз.
Не десек те, «ЭКСПО»-ның еліміздің Ас­та­насында туын желбіреткені әр қазақ­стандық үшін зор мақтаныш.
Алғаш рет Қазақстан делегациясы қатысқан дүниежүзілік көрме – 1967 жылы Канаданың Монреаль қаласында өткен «ЭКСПО – 67» мен бұл «ЭКСПО»-ның арасын тұтас жарты ғасыр бөліп жа­тыр екен.
«Елу жылда – ел жаңа» дегендей, қазір еліміз жаңарған, экономикамыз өскен, мол тәжірибе жинақталған. Әлем кеңіс­тігінде біз қазір бұрынғыдай бір нәрсені сұраушы немесе үйренуші ретінде емес, өз орнын білетін, өз ісіне мықты, өз келе­шегін болжай білетін елміз, халықпыз.
Тәуелсіз Қазақ мемлекеті болып қа­лыптастық.
Қорымыз бүтін, қоржынымыз толы.
Ендеше, «ЭКСПО – 2017» – елімізді әлемге тағы бір рет барынша айғақтар зор мүмкіндік.
Мақтан, қазақ, шаттан, қазақ!!!

Төре ҒАЛИ

Бөлісу:

Пікір жазу


*