Белорустар «ЭКСПО» тәжірибесін игереді

1193
0
Бөлісу:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанаға арнайы ұшып келген Беларусь президенті Александр Лукашенкомен кездесті. Мемлекет басшысы Белоруссия басшысымен кездесу барысында оған Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне және «ЭКСПО – 2017» дүниежүзілік көрмесінің ашылуына қатысу үшін Қазақстанға келгеніне алғыс айтты.

– Екі жарым жыл ішінде тиісті инфра­құрылымы бар тұтас бір аудан салынды. Көрмеге қатысушылар үшін тұрғын үйлер, қонақүй кешені, конгресс-хол және осы ауқымды іс-шараны өткізуге қажетті басқа да ғимараттар бой көтерді. Көрмені өткізген соң бұл жерде Астана халықара­лық қаржы орталығы жұмыс істейтін болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті халықаралық көрменің негізгі идеясына тоқталып, көрменің басты нысаны – «Нұр Әлем» павильонындағы экспозициялар туралы айтты.
Беларусь Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа халықаралық көрменің ашылуына қатысуға шақырғаны үшін ризашылық білдірді.
– Біз павильондарды аралап көріп қана қоймай, сіздердің экспозициялық кешендер құрылысындағы тәжірибе­леріңізді мұқият зерттемекпіз. Өйткені біз де халық шаруашылығы жетістіктері көрмесін ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз, – деді А.Лукашенко.
Сонымен қатар Беларусь президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихты зерттеуде әділеттілікті қалпына келтіруге көңіл бөлетінін атап өтті.
– Сіз бұрынғы лагерьдің орнында АЛЖИР музейін ашуға көп күш жұмсадыңыз. Бұл лагерьде бұрынғы Одақтың түкпір-түкпірінен айдалып келген адамдар қамалды. Оның ішінде Белоруссиядан келген әйелдер де болды. Бүгін біз бірқатар хаттар мен тағдыры лагерьмен байланысты адамдардың іс қағаздарын ала келдік. Бұл – маңызды құжаттар, – деді А.Лукашенко.
Кездесу соңында мемлекет бас­шылары екіжақты қатынастарды дамы­тудың өзекті мәселелерін де талқылады.

Дайындаған Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*