Атанғаным Мырзатай – ел арқасы!

1378
0
Бөлісу:

Ел құрметіне бөленіп, «Мырза аға» атанған мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков сексеннің сеңгіріне толды. Мырзатай Жолдасбековтың мерейтойы Астана төрінде аталып өтті. Өткен аптада қуанышын жерлестерімен бөлісуді жөн санаған Мырза аға туған жеріне ат басын бұрып, жамбылдықтармен қауышты. Қарт Қаратаудың жотасында өсіп, Ақтөбе деп аталған аядай ғана ауылдың кешегі қара домалағы алдымен туған ауылына табан тіреп, қасиетті Рамазан айында ағайын-жұртымен табысып, ауызашар берді. Құрметті жасқа қадам басқан қайраткердің мерейтойын жамбылдық жұртшылық салтанатты түрде өткізді. 

 

Ұстаздар ұстаханасында

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баев­­тың «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғы­ру» мақаласы аясында Тараз мемлекеттік педа­гогикалық институтында «Жаныңда жүр жақсы адам» жобасын қолға алған бола­тын. Міне, осынау бастама негізінде жар­тығасырлық тарихы бар білім ошағын­да заңғар тұлға Мырзатай Жолдасбеков об­лыс әкімінің орынбасары Ерқанат Ман­жуов бастаған өңірімізге белгілі азаматтар, зия­лы қауым өкілдері және оқу орнының про­фессор-оқытушылар құрамымен кез­дес­ті. Жиында институт ректоры, Ұлттық ғы­лым академиясының академигі, тарих ғы­­лым­дарының докторы, профессор
Да­рия Қожамжарова туған жеріне табан тіреген нар тұлғаны туған күнімен құт­тық­тап, ғылымға қосқан үлесі туралы атап өтті.
– Мырзатай Жолдасбекұлы – ұлттық идео­логияны негіздеуде ұлтқа қызмет ету­дің соны үлгісін көрсетіп жүрген азамат­тар­дың бірегейі. Ол түп-тамырымыз сана­лар Түрік қағанаты кезіндегі Орхон-Енисей жазба ескерткіштерін қазақ ғалымдары арасында алғашқылардың бірі болып зерт­теп, оны қазақ тілінде сөйлетті. Ұлт тари­хының көсегесін көгертіп, көкжиегін ке­ңейту үшін «түн ұйықтамады, күндіз отыр­­мады». Көпшілік «жыр алыбы» деп ат қо­йып, айдар таққан Жамбылдың шығар­ма­шылығын тыңнан түрен салып зерделей білді. Ол – Ұлы далаға тарту етілген жаңа толқынның жетекшісі, ұлт қамын ұран еткен рухани өрлеуіміздің алтын арқауы. Мырзатай Жолдасбекұлы – егемендіктің елең-алаң кезінен Елбасының қасынан, талай игілікті істің басынан табылды. Атқа­мінер абыройымен де, абыздық биік ойы­мен де танылған ерекше парасат ие­сінің қайда жүрсе де елді жақсылыққа шақырып, береке-бірлікті басшылыққа алып жүретіндігі сондықтан. Ұлағатты ға­лым, тәлімді ұстаз, білікті басшы ретінде бірнеше буын ұрпақты тәрбиелеп, елімізде тәжірибелі филологтар мен тарихшылар мектебін қалыптастырды. Қара шаңырақ ҚазҰУ-дан басталған еңбек жолымен бүгінгі жеткен биік белестері өскелең жас ұрпаққа үлгі-өнеге, – деген Дария Пернеш­қы­зы Мырза ағаны «Тараз мемлекеттік педа­­гогикалық институтының 50 жыл­ды­ғы» мерекелік медалімен марапаттап, сый-сияпат жасады. Айта кетейік, тәуелсіздік алған тұста Елбасымен халықтың қамын саралап, тұтас ұлттың тұтқасына айналған Алаш ардақтысын ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы мерейтойы қарсаңында
І дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттаған болатын. Сондай-ақ кездесуге қайрат­кер­дің сыныптасы, белгілі сазгер, Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Илья Жақанов қатысып, нар тұлғаның сазгерлік қырының да сырын ашты.
– Мырзатайдың композиторлық бет-бейнесі бар құпиясын ішке бүккен тұңғиық сыр, тылсым құбылыс. Бұлай деп ой түюіме басты себеп болған мына бір жайт. Өнер ор­дасы атанған Алматыдан алыстап, Аты­рау­да батыс өнерін зерттеп, шығар­ма­шы­лықпен айналысып жатқаныма он жеті жылға жуықтады. Арзанқол, даңғара шоу­лар көбейіп, құнды һәм әсерлі дүниені аң­сап жүргенде Атыраудағы бір концертте Мей­рам­­бек Бесбаев Мырзекеңнің «Дүние, шіркін…» әнін орындады. Жақсы шығарма өткен өміріңмен табыстырады, сағыны­шың­­­ды басады. Келер күндеріңе ынтық­ты­ра­ды. Мына әнді тыңдап отырып ғажайып күйге бөлендім. Мазмұнды, мағыналы, ғажап туындыдан тебірендім. Расын айту керек, музыкаға келгенде өте кірпияз адам­мын. Асқан талғаммен қараймын. Бі­рақ «Дүние, шіркін…» әнінің филосо­фия­лық бітімі, тереңдігі – ерекше құбылыс. Міне, со­дан соң Мырзатай Жолдасбековтың шы­ғар­машылығына арнап арнайы кітап жазу­ды ұйғардым, – деді сазгер. «Жайлаукөл кештері», «Әсел», «Даниярдың әні» секілді әндері халық арасында кеңінен танылған Илья ағаның шығармашылығы Мырза аға­ның шығармашылығымен үндес. Өткен жылы сазгердің сыныптасының шығар­ма­шы­лығына арнап «Дүние, шіркін» эссе-элегия кітабы жарық көрген болатын.
М.Жолдасбеков жайлы жазылған шығар­малар қандай-ды! Ол кісінің:
Дәурен өтіп барады қарайламай,
Құбылады күн сайын қалай-қалай!
Сенің алтын сәулеңе не жетеді,
Жарқылдаған тіршілік шарайнадай, – де­ген «Дүние, шіркін» әнінде тылсым таби­ғи сырлар тұнып-ақ тұр. Кеште көрер­мен­дердің сұрауы бойынша қос құрдас «Еділ мен Жайық», «Жайлаукөл кештері» әнін тамылжыта орындап, туған топырақ­қа, жамбылдықтарға деген ыстық сағыны­шын жеткізді. Сонымен қатар Мырза аға қолына қара домбыра алып, өзінің күй­ле­рін де нақышына келтіре орындап, ха­лық­ты бір марқайтты. Ақ иықты абзал жанға ар­нап кеште оқу ордасының студенті, жас ай­тыскер Дидар Апбасов:
Елбасының қасынан табылдыңыз,
Бұқардай Абылайға кеңес берген, – деп жырын арнады. Журналистиканың «қара ша­ңы­рағына» айналған ҚазҰУ-да оқып, ұс­таздық қызмет еткен Мырзекеңнің бү­гін­­де шәкірттері елімізге танымал тұлға­лар. Кездесуде ұстазға деген жүрек түкпіріндегі ізгі ниетін ала келген филология ғылым­да­ры­ның кандидаты, доцент Рахым Са­дық­бе­ков шәкірттік шақтағы керемет күндерін еске алса, облыстық мәслихаттың де­пу­та­ты, «Қазақстан-Тараз» телеарнасының ди­ректоры Мейрамбек Төлепберген тау тұл­ғаның жыр алыбы Жамбыл Жабаев пен Кенен Әзірбаевтың шығармашылығын зерт­теуге қосқан қомақты үлесі турасында ой бөлісті. Кеш соңында мерейтой иесі ме­рейін тасытқан жерлестеріне үлкен ал­ғы­сын білдіріп, салиқалы әңгімелерін ортаға салды.

Жырға бөлеген жылы кеш

Одан кейін Жамбыл атындағы «Ру­ха­ният» орталығына ат басын бұрған Мырза ағаны облысымыздың Құрметті азаматтары әсем ән мен күмбірлі күйге бөлеп, қарсы алды. Жырдың қызыл барысы атанған Жам­­был атын еншілеген рухани мекенге ен­ген Мырза аға жырдың марғасқасы тура­лы тарих қойнауынан сыр шерткен құн­ды­лық­тарды тамашалады. Рухани әң­гі­ме­лер жалғасын тапқан жылы жүз­де­су­де қай­раткер өзінің өмір және шығармашылық жолы жайлы кеңінен тоқталса, сазгер Ілия Жа­қанов ғалымның композиторлық қы­рын айта түсіп, жазушы, Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткері Болат Бодаубай қай­раткерлігі хақында әңгіме өрбітті. Мерейтой иесін әулиеаталық өнер иелері атынан облыстық қазақ драма театрының актрисасы, Мемлекеттік сыйлықтың иеге­рі Нұрсифат Салықова сөз алып, құттық­та­ды. Танымал ақын, Қазақстанның еңбек сі­ңірген қайраткері Қайырбек Асанов Мыр­за ағаның Иран Ислам Республи­ка­сын­да елшілік қызметте жүргенде арнап жаз­ған өлеңін оқыса, ақын Ғайни Әлім­бек­қызы және жас ақындар шоғыры­нан Арайлы Жақсылық жүректен шыққан жырларын тарту етті. Кешқұрым облыстық қазақ драма театрында ғалымның «Атанға­ным Мырзатай – ел арқасы!» атты музыка­лық шығармашылық кеші өтті. Ән мен саз­дың түкпіріне бойлаған қайраткердің бол­мысынан қазақ азаматына тән қасиет­тің бәрі табылады. Сазды кешке облыс әкі­мі Кәрім Көкірекбаев қатысты. Онда нар тұлғаның қуанышына ортақтасып кел­ген қазақ эстрадасының жарық жұл­дыз­дары Нұрлан Өнербаев, Клара Тө­лен­баева, Досымжан Таңатаров, Гүлмира Сарина, Айгүл Елшібаева, Ардақ Бала­жа­но­ва сын­ды әншілер мен жырау Елмұра Жаңа­бер­ге­но­ва, күйші Жанғали Жүзбаев Мырза аға­ның шығармаларын орындаса, облыстық фи­лар­монияның қазақ ұлт аспаптар ор­кес­трі мен «Алатау» фольклорлық ан­сам­­блі және Қазақстанның мәдениет қайраткері Аман Малдыбаев та кештің көркін қыз­дыр­ды. Кешті белгілі айтыскер ақын Аман­жол Әлтаев тізгіндеп, ағасына арнау айтты. Сон­дай-ақ Қырғызстан Республи­ка­­сының ең­бек сіңірген қайраткері, ай­тыс­кер ақын Аман­тай Кутманалиев те сахна тө­рінен табылып, арысқа арнаған жырын жол­дады. Мерейтойлық шарада ұлы тұлға сах­наға көтеріліп, ғибрат пен өнегеге толы ақы­лын айтып, қуанышына ортақтасқан жам­был­дық­тарға алғысын білдірсе, кеш со­ңында об­лыс әкімінің ықылас гүлі ұсы­ныл­ды. Ме­рейтойдың соңы мерекелік дастарқанға ұла­сып, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев мыл­тықсыз майданның жау­жүрегі, ұлттың біртуарын мерей­то­йы­мен құттықтап, темір тұлпар мінгізді. Осы­лай­ша, ұлт үшін ұлы іс­терге ұмтылған Ұлы да­­­ланың оғланы Мыр­­за­тай Жолдасбековке ар­­налған жам­был­­­дық­тар­дың тартуы жоға­ры деңгейде өтті.

Ерман ӘБДИЕВ
Жамбыл облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*

Оқуға кеңес береміз