Арнайы аймақтар тиімділігі бағамдалады

1422
0
Бөлісу:

Арнайы экономикалық аймақтарда тіркелген, берілетін жеңілдіктерді пайдаланатын, бірақ ол жерде жұмыс жасамайтын компаниялармен келісімдер бұзылуда. Бұл туралы Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мәлім болды. Жиында жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті енгізу мәселелері және арнайы экономикалық аймақтар мен индустриялық аймақтарды дамытудың жаңа тәсілдері қаралды.

Соны тұрпатты атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) Қазақстанда 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап өмірге жолдама алатыны мәлім. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, жаңа форматтағы АӘК қолданыстағы жәрде­мақылардың үш түрін алмастырады. Нәти­жесінде, жәрдемақыны алуға қажетті құжат­тардың саны да айтарлықтай қысқарады.
АӘК енді «шартсыз» және «шартты» ақшалай көмекке бөлінеді. «Шартсыз» көмек «еңбекке жарамды мүшелері жоқ барлық отбасыларға», мысалға, мүгедектер немесе зейнеткерлер отбасыларына, сондай-ақ «еңбекке жарамды мүшелері дәлелді себептер бойынша жұмысқа араласа алмайтын отба­сыларға» – мысалға, мектепке дейінгі жастағы балалары бар жалғызбасты аналарға беріледі. Осындай отбасылардан жәрдем­ақыны алу үшін жұмыспен қамту шараларына қатысу талап етілмейді.
– «Шартты» ақшалай көмек отбасында кем дегенде бір еңбекке жарамды мүшесі бар отбасыларға әлеуметтік келісімшартқа қол қойып, отбасының еңбекке жарамды барлық мүшесі жұмыспен қамту шара­ларына міндетті түрде қатысқан кезде ғана беріледі, – деді Т.Дүйсенова.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, әлеуметтік көмек жүйе­сіндегі реформа нәтижесінде жаңа форматтағы АӘК-тің әрбір алушысы үшін жәрдемақы сомасы 2018 жылы орташа есеппен 25%-ға ұлғайтылады.
Әлеуметтік көмек алу ережелеріне енгізілген өзгерістерге халықты дайындау үшін еліміздің үш өңірінде 2014 жылдан бастап пилоттық режимде «Өрлеу» жобасы іске асырылған-тын. Бағдарламаға шамамен 79 мың азамат қатысып, олардың 19 мыңға жуығы еңбекпен қамтылған екен.
Өңірлерде осы пилоттық жобаны жүзеге асыру мен жұмыспен қамту шаралары туралы Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин мен Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев баяндады.
Бұл ретте Ақмола өңірінің басшысы «Өрлеу» қатысушысы болған және жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті алушы Антон Варварюкке сөз берді.
– Біз әйелімізбен бірге екі ба­ламызды асырап отырмыз. 2016 жылға дейін жұ­мыссыз болдым. Зайыбым балаларды бағумен ай­налысты. Өткен жылы маған «Өрлеу» жоба­сына қатысу ұсынылды. Егер мен өз ісімді ашсам, біржолғы жәрдем­ақы алу мүмкін екендігі айтылды. Біздің отбасымыз бұл шарттарға келісті. Нәти­жесінде, қолымызға 100 мыңнан астам теңге түсті, мен металл өнім­дерін – темір қабырға, есіктер, баспалдақ жақ­тау­ларын жа­сау­мен шұғылдана бас­тадым. Табыс ұл­ғай­ды, өз биз­не­сімізді кеңейт­тік. 6 адам­­­ды – 4 дәнекерлеуші мен 2 ор­на­ту­­шы­ны жұмысқа алдым. Не­гі­зінен, олар бала­лар үйле­рінің тәрбие­ленушілері және аз қамтыл­ған отбасы мүшелері, – деді А.Варварюк.
Ол сондай-ақ өз басындағы мә­селелерін де Үкімет басшысына жеткізе кетті. Біріншіден, оларға нарықта бұ­рын­нан жұмыс жасайтын кәсіпорындармен бәсекелесу қиынға түсіп жатқан көрінеді. Екіншіден, ол «Өрлеу» бағдарламасы жалғасын тапса дейді. «Бағдарлама қатысушы­ларының оқуы ке­зеңінде оларды атаулы әлеуметтік көмекпен қолдау қажет. Оқудан кейін олардың орналасуына арналған әлеуметтік жұмыс орындары тізбесін кеңейткен жөн. Сонда біз тек өз ісімізді ашып қана қоймай, басқа адамдарды да жұмысқа ала аламыз» деді жас кә­сіпкер.
Премьер бұл ұсыныстарға қарсы еместігін айтты. Бақытжан Сағынтаев жауапты ведомствоға Өнімді жұмыс­пен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына еңбекке қабілетті халықты белсенді түрде тартуды тапсырды.
Ол сонымен қатар халық арасында түсіндіру жұмысын кеңінен жүргізуді жүктеді. Барлық деңгейдегі әкімдер жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек көрсету шарттарына жататын отбасылар санатын анықтауға мін­деттелді.
2017 жылдың соңына дейін аз қамтылған әрбір отбасымен «олардың еңбекке қабілетті мүшелерін оқыту, еңбекпен қамту, жеке кәсібін ашу бойынша жеке жоспарлар жасау» сияқты жұмыспен қамту мәселелерін пы­сықтау қажет. Бұл жұмысты сапалы жүргізу үшін Бақытжан Сағынтаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министр­лігіне жергілікті атқарушы органдар және Жұмыс­пен қамту орталықтарының қызметкерлерін даярлауды қамтамасыз ету туралы тапсырма берді.
Үкіметтің әлеуметтік көмек фор­матын өзгерту бойынша жұмысы Мемлекет басшысының бес инсти­туттық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының міндеттеріне сәйкес жүргізіліп жатыр. 84-қадамда әлеумет­тік көмекті оған шын мәнінде, мұқтаж азамат­тарға бағдарлап, оның атаулы сипатын күшейту және оңтай­ландыру туралы айтылған.
Осыдан кейін Үкімет отырысының күн тәртібіне шығарылған екінші мәселе бойынша Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндады. Оның мәліметінше, ин­дустрия­лық аймақтарды (ИА) да­мытудың жаңа тәсілдері әзірленіпті. ИА-лардың қызметі енді заң жүзінде бекітілетін болады.
Министрдің ақпарынша, қазір Қазақстан­да дайын инфрақұрылымы бар 22 индустрия­лық аймақ (ИА) қызмет етеді. Олардың құрылысына мемлекет шамамен 53,1 мил­лиард теңге шығындаған. ИА аумақтарында шамамен 100 млрд теңге инвестиция құйылған 107 өндіріс іске қосылды. 7 700 жұмыс орны құрылыпты. Тағы 150-дей жоба жүзеге асырылып жатыр.
Сонымен бірге, министр талдау бары­сында индустриялық аймақ­тардың тиімді қызмет етуіне кедергі болып отырған бірқатар проблемалар анықталғанын жеткізді.
– Бұл – индустриялық аймақтар қызметінің заңмен реттелмегеніне қатысты. ИА қызметі Кәсіпкерлік кодексінде бекітілген, онда да тек түсінік қана берілген. Сондай-ақ «Бизнестің жол картасы – 2020» бағ­дар­ламасында ИА-ларды қаржы­ландыру тетігі анықталған, бірақ бұл бағдарлама 2020 жылы күшін жояды. Сондықтан индустрия­лық аймақтарды дамыту және құру бойынша жүйелі мәселелерді шешу үшін заңнамалық деңгейде бекіту қажет, – деді министр.
Тағы бір мәселе – саясатқа және инфрақұрылым құрылысын қаржылан­дыруға жауапты бірыңғай мемлекеттік органның жоқтығымен байланысты болып отыр. Осыған байланысты Инвестициялар және даму министрлігі қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізуді, атап айтқан­да, индус­триялық аймақтарды дамыту мәселелерінің мемлекеттік саясатын қалыптастыру бойынша функцияларды Ұлттық экономика министр­лігінен алып, өзіне беруді ұсынып отыр. «Аймақтардың өздерін дамыту мәселелерін жер-жерлерде әкімдіктердің басқаруына қалдырған жөн» деді министр.
Сондай-ақ «рәсімдеудің жеңіл­детілген тәртібін; жосықсыз және тиімсіз пайдаланған жағдайда жерді қайтару бойынша құқықтық негізді; жобаны іске асырған соң жер телімінің инвесторлардың меншігіне берілуі бойынша кепілдерді қарастыратын жер мәселелерін заңнамалық рег­ламенттеу» қажет.
Жеңіс Қасымбек ИА-ларды дамыту үшін «дайын инфрақұрылымы бар тоқтап тұрған өндірістік базаларды, яғни бұрынғы үлкен зауыттарды сатып алу механизмін қарастыру» туралы ортаға ұсыныс тастады. «Бұл мемле­кетке жаңа ИА-ларды құрғаннан едәуір арзанға түсуі мүмкін» дейді ол.
Ж.Қасымбек ИА-ны басқару, құ­жаттарды рәсімдеу және беру, инфра­құрылымдар мен желілерді басқару бойын­ша басқарушы компанияның өкілеттілігін анықтауды, сондай-ақ жеке индустриалық аймақтар қызметін де заң жүзінде реттеуді ұсынды.
Қазір министрлік KPI (Key Performance Indicators тиімділігінің басты көрсет­кіштерін) анықтау үшін индустриялық аймақтарға толық аудит жүргізуде екен. «Осы айдың соңында инвестицияның, өндіріс көлемінің және жұмыс орын­дарының нақты KPI-ы анықталады» деді министр.
Ол арнайы экономикалық аймақтар (АЭА) аумағында 157 жоба іске қосылғанын (оның ішінде 32 шетелдің қатысуымен) мәлім етті. Бұларға 651 млрд теңге инвестиция салыныпты. 11 мың 600-ден астам жұмыс орны құрылды. Бюджетке салық түрінде 107 млрд теңгеден астам қаржы қай­тарылды. Инфрақұрылым бюджеттік шығынның әр теңгесіне АЭА қатысушылары 2,4 теңге инвестиция салды.
Министрдің дерегінше, биыл 100 млрд теңге тұратын 24 жобаны іске қосу жос­парлануда. Сондай-ақ тағы 20 жобаның құрылыс жұмыстары басталады. Бұл жо­баларда 3 мың жаңа жұмыс орны құрылады деп күтілуде. 10 АЭА инфрақұрылымына шамамен 275 млрд теңге салынған. 5 АЭА (Оңтүстік, Бурабай, Сарыарқа, ИТП, Қорғас) инфрақұрылымы толығымен аяқ­талған, қалған АЭА-ларда инфрақұ­рылым құры­лыстары жүргізілуде.
АЭА режимі «Қорғаста» заманауи логистикалық кластердің негізін қалауға, Астанада темір жол машина жасау жүйесін құруға, «Оңтүстік» АЭА тоқыма өнеркәсібін жаңартуға және «Тараз химиялық паркі» мен «ҰИМТ» АЭА химия және мұнай-химия кластерлерін құруға мүмкіндік беріпті.
Осы орайда Үкімет жетекшісі салықтық жеңілдіктер және басқа да преференция­ларды пайдаланатын еркін экономикалық ай­мақтардың қатысушыларының қызметін талдауды тапсырды. Бұл аймақтарды әл­дебіреулер салықтан жалтару үшін пайда­ланбауы қажет.
– АЭА-ларда компаниялар қаптап тір­келіп алған, бірақ соларда жұмыс істегісі келіп отырғандары шамалы. Оларда кімнің тір­келгенін қарап, талдау керек. АЭА-ларды әлдебір амалдар үшін пайдаланып жатпасын, – деп нықтады Б.Сағынтаев.
– Біз «Алатау» инновациялық техно­логиялар паркі» АЭА-сының барлық қа­тысушыларымен арадағы келісімшарттарға толық аудит жүргізіп шықтық. Аудит қорытындылары бойынша өз міндет­темелерін орын­дамаған 42 қатысушымен келісім­шартты бұзу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Басқа АЭА-лар иелерімен бірлесіп, дәл осындай жұмысты оларда да бастап кеттік, – деп хабарлады Ж.Қасымбек.
Министр арнайы экономикалық аймақтардың қызметіне жүргізілген талдау қорытындысы бойынша анықталған басқа да жүйелі пробле­маларға назар аудартты. Олардың аумағында жүзеге асырылып жатқан сапалы жобалар аз әрі басқару орган­дарының жұмысы тиімсіз. Инфра­құрылым құрылы­сының қарқыны төмен. Мәселен, бүкіл әлемде мұндай аймақтарға кәсіпорындар үшін қажетті инженерлік-ком­муникациялық же­лілерді тарту 2-3 жыл ішінде аяқталса, қа­зақстандық осы ай­мақтарда ол бес жылдан да ұзап кетеді екен. Мұның сыртында «жеңіл­діктерді пай­далану­дағы проблемалар», «жер телімдерін алудың ұзақ мерзімі», «АЭА-лар­дағы салалық шектеулер» жайы да айтылды.
Осы және басқа да түйткілдер түйінін тарқату үшін ел Үкіметі арнайы эко­номикалық аймақтарды дамытудың жүйелі мәселелерін шешу бойынша шаралар пакетін дайындады.
Жобалармен толтыру және олардың сапасын арттыру мақсатында әрбір АЭА-ны одан әрі дамыту және толық­тырудың стра­тегиясы әзірленіп жатыр. Бұдан өзге, әкім­діктер жанындағы басқарушы ком­паниялар үшін жеке «бюджеттік бағ­дарлама» қарастыру жоспарланған, ол бойынша әкімдіктер АЭА-ны басқарушы компаниялардың қызметін дамудың бастапқы кезеңінде, яғни инвес­торлардың АЭА-да қажетті жиынды толық­тырғанға дейін шамамен 3-5 жыл бойы бюджеттен қаржы­лан­дырады.
Сондай-ақ салықтық және өзге де жеңіл­діктер беру үшін АЭА қатысу­шыларын салықтық әкімшілендіру тетіктерін оңтай­ландыру жоспар­лануда. Жер телімдері мен өзге де рұқсат құжаттарын алудың жеңіл­детіл­ген тәртібі қарастырылады. Қазіргі кезде сондай-ақ қызметтің басымдықты түрлеріне жатпайтын жаңа жобалар бойынша шешімдер қабылдау үдерістерін жылдамдатуға мүмкіндік беретін заң жобасы Парламент қарауында екен.
Үкімет отырысында осы мәселе бойын­ша бизнес қоғамдастықтың ұста­нымын «Ата­мекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов баяндады. Сондай-ақ Маң­ғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Қара­ғанды, Павлодар, Қызылорда облыстары мен Алматы қаласы әкімдерінің баян­дамалары тыңдалды. «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев АЭА-дағы инфра­құрылым құры­лысының барысы туралы құлағдар етті.
Талқылауды қорытындылаған Премьер Бақытжан Сағынтаев арнайы экономи­калық және индустриялық аймақтардың қызметін жетілдіру бойынша қажетті шараларды қабыл­дауды жүктеді.
Арнайы экономикалық және ин­дустрия­лық аймақтардың тиімділігі бас­қарушы компаниялардың қыз­метіне тікелей тәуелді. Осыған орай Б.Сағынтаев жауапты мемлекет­тік органдарға осындай ұйымдарды таңдау кезінде мұқият қарап, олардың жұмыстарын тиімді бақылауды тапсырды. Инвестициялар және даму министрлігі Қаржы, Ұлттық экономика және Ауыл шаруашылығы министрлік­терімен бірлесіп, АЭА қатысу­шыларын салықтық әкімшілендіру тетігін оңтай­ландыру, қызметтің басымдықты түрлерін ұлғайту тәртібін жеңілдету мен АЭА жер телімдерін берудің жеке, жеңіл­детілген тәртібін әзірлеу мә­селелерін пысықтауға міндеттелді.
Үкімет басшысы әзірленіп жатқан «Арнайы экономикалық және индус­трия­лық аймақтар туралы» заң жобасы аясында барлық ұсыныстарды қарас­тыруды жүктеді. Көтерілген мәсе­лелердің шешімін табуын бақылауға бірінші вице-премьер Асқар Мамин міндетті болып белгіленді.

 

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*