Елбасының басқару әдісі әлемге үлгі

1308
0
Бөлісу:

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың таңдамалы еңбектерінің жинағы қытай тілінде басылды. Кітаптың тұсаукесері Астанада Елбасы кітапханасында өтті. Шараға ҚР Президенті кеңсесі басшысының орынбасары Бақытжан Темірболат, Қытай әлеуметтік ғылымдар академиясының президенті Ван Вэйгуан, Қытай Халық Республикасы елшілігінің өкілдері, Елбасы кітапханасының қызметкерлері, ғылыми және мәдени қауымдастық өкілдері қатысты.
Елбасының әлемдік аренада беделі жоғары. Оның сөйлеген сөз­дері мен мақалалары көпшіліктің ықыласын оятып, рух береді десе артық емес. Жинаққа Президенттің халыққа Жолдауы, мақалалары еніп отыр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларын дамы­туды Елбасы кітапханасы өзінің бас­ты міндеті санайды. Сонымен бірге, алдағы уақытта Президенттің өмір­баяны баяндалатын ресми биогра­фиялық еңбек қытай тілінде басы­лады деп жоспарланып отыр. Кітап Бейжіңде жарық көретін болады.
«Елбасымыздың сөздері мен мақалалары жинағының негізінде саяси философия жатыр. Бұл еңбек қытай аудиториясына өте қызық болары сөзсіз. Өйткені бұл жерде мемлекетті басқарудың Қазақстанда қолданылған жекелеген элементтері жөнінде ғана айтылмайды. Яғни, заманауи мемлекет құрудың сәтті тә­сілдерін ішіне жинақтайтын, көп­шілік мойындап үлгерген «Назарбаев моделі» атты феномен жөнінде ерекше айтып өту керек. Әрі жинақ тұсаукесерінің ҚХР төрағасы Си Цзинь­пиннің Қазақстанға ісса­парымен сәйкес келгеніне қуаныш­тымыз. Сондай-ақ Қытай әлеуметтік ғылымдар академиясы баспаға да­йындау барысында серіктесті өте сәтті таңдаған. Мұндай жобалардың басы-қасында жүретіндіктен, мұндай жұмыстың жауапкершілігі мен ма­ңызын жақсы түсінемін. Осының нәтижесінде, екі мемлекет арасында саяси және гуманитарлық байланыс нығая түседі» дейді ҚР Президенті кеңсесі басшысының орынбасары Бақытжан Темірболат.
Бүгінде Елбасымыздың бірқатар кітаптары әлемнің түрлі тілдеріне аударылды. Соның ішінде қытай тілінде де жарық көрген еңбектері бар. «Қазіргі таңда Қытай мен Қазақ­стан арасында жақсы қарым-қатынас орнаған. Елбасымыз Халықаралық серіктестік форумында да осы екі ел арасындағы ынтымақтастықтың өзгелерге үлгі боларлықтай дәрежеде екендігін атап өткенін білесіздер. Сол себепті, жинақтардың әлем тілде­ріне аударылғаны дұрыс. Бұл – екеуара түсіністік орнатуға таптырмас құрал. Осының арқасында Қазақстан үшін де, Қытай үшін де дамудың жаңа перспективалары ашылатын болады. ҚХР төрағасының Қазақ­станға іссапармен келуі серіктес­тігіміздің дамуын одан сайын нығай­татынына сенімдімін. Аталған еңбек­те Нұрсұлтан Назарбаевтың идеялары мен сөздері, мемлекетті басқару мен стратегиялары жақсы топтастырылған. Сонымен бірге, құрастыру барысында кітапхананың тәжірибелі сарапшылары жұмыс істеді. Олар Елбасының саяси мұраларын сақтап, дамыту үшін арнайы құрылған топ екендігін атап өту керек. Серіктестеріміз болса – Қа­зақстанды жақсы білетін әрі ұзақ жылдар бойы зерттеп жүрген Қытай әлеуметтік ғылымдар академиясы­ның белгілі ғалымдары. Алдағы уақытта бұл еңбек ҚХР-дың саяси және ғылыми орталарында жақсы бағаға ие болады деп үміттенеміз» дейді Тұңғыш Президент кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рақымжанов.
Тұсаукесер рәсімінен соң Елбасы кітапханасына жаңа жинақтың 50 данасы сыйға тартылды.

 

Жадыра АҚҚАЙЫР

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*