Болашақ энергиясына арналды

1155
0
Бөлісу:

«Болашақ энергиясы» эко автошеруі Астанаға аялдады. Қоршаған ортаны қорғау және «жасыл» экономиканы дәріптеуді мақсат тұтқан автошеру 31 мамырда Бішкек қаласынан бастау алып, Алматы, Балқаш, Қарағанды қалаларында болып, Астанаға тұрақтады.
Жобаның ерекшелігі – қазақ және қырғыз өнертапқыштары өз инно­вациялық туындыларымен белгіленген аралықты бағындыруы керек. Олардың арасында желден қуат алатын электрлі велосипедтен бастап сутегі генераторымен жүретін көліктерге дейін бар. «Жасыл» техноло­гиялар өнертапқыштарын қол­дауға бағыт­талған шара Ресей, Армения, Беларусь және Еуропа елдері арқылы өтпек.
Эко автошеру G-Global халықаралық хатшылығы, «Жасыл» экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту Коали­циясының мұрындық болуымен ұйым­дастырылғанын айта кеткен жөн. Аста­на қаласында эко автошеруді Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті салтанатты түрде қарсы алды. Алғашқы болып сөйлеген Сенат депутаты Сергей Плотников Қазақстанда «жасыл» эко­номикаға көшудің тұжырымдамасы жасалғанын және елімізде экологиялық таза қуат көздерін өндіретін мемлекеттік бағдарлама қабылданғанын жеткізіп, таяу күндері көптен күткен «ЭКСПО – 2017» көрмесінің ашылатынын тілге тиек етті. Сондай-ақ барған жерлерінде «жасыл» экономиканы насихаттап жүрген эко автошеру мүшелеріне сәттілік тіледі.
G-Global халықаралық хатшылы­ғының басшысы Серік Нөгербеков өз сөзінде эко автошерудің мақсаттарына жан-жақты тоқтала келіп: «Эко автошеру әлемімізді экологиялық таза әрі энергия­лық тиімді ететін қолжетімді «жасыл» техноло­гия­лардың мүмкіндіктерін ха­лыққа көрсетеді. Жастарды ғылымға тар­тып, ғалымдарды қамтып отыр. Мұ­ның барлығы болаша­ғымызға сенім­ділікпен қарай алатыны­мызды білдіреді, – деді. Сондай-ақ Еуразия ұлттық университе­тінің ректоры Ерлан Сыдықов бұл ша­раның жастар үшін маңызына тоқта­лып, қатысушыларға жылы лебізін білдірді.
Автошерудің басты ерекшелігі – қатысушылардың көлік құралдарының жартысы жаңа технология мен иннова­цияларды қолдануында. Эко автошеру мүшелері аталған мемлекеттер­ден жай ғана жүріп өтпей, әрбір елдімекенге тоқ­тап, өз туындыларын таныстыруымен ерек­ше­ленеді. Баламалы қуат көздерін пайда­лануға шақырады, Астанада өтетін халықаралық көрмені насихаттайды.
Эко автошерудің ресми серіктесі – қырғызстандық өнертапқыш Мұратбек Сұлтанбеков. Ол 2016 жылғы «Менің таңдауым таза энергия, таза су, таза ауа, таза сана» ұранымен Бішкек – Астана – Ере­ван – Минск – Мәскеу бағытымен өт­­кен 12 мыңдық велошерудің бастау­шы­сы бол­-­ған. Велошеруге дайындық кезінде ол­ электр велосипедін жасап, соған лайық генератор іздеген болатын. Мұндай гене­ратор Қа­зақ­станнан табыл­ғанын көпшілік біле бермейді. Бұл өте жеңіл жиналатын модульдік құ­рыл­ғыны Three Energy ЖШС-нің директоры Жам­болат Мұзбаев құрас­тырған. Ерек­шелігі – желге төзімді әрі жел ағынының жылдам­дығы ақырын болған­ның өзінде электр энер­гиясын өндіреді. Енді бұл жаңа құрылғы қатысу­шылардың электр велосипедтерін энергиямен қам­тамасыз етуде.
Бірегей эко автошеру өткен қалаларда жастармен, ғалымдармен, кәсіпкерлер­мен және билік өкілдерімен кездесулер өткі­зілді. Бұл өз кезегінде «жасыл» эстафета болатыны анық.
Еліміздің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеріп, бәсекелестікті арттыру жолында да жаңа технологиялардың ық­палы зор. Сондықтан «жасыл» техноло­гияның мүмкіндіктерін жастар арасында насихаттау аса маңызды. Эко автошеруге еліміздің жетекші жоғары оқу орындары Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен қатар Қазақстан-Британ техникалық университеті, Қарағанды ұлттық техникалық университеті, Бал­қаш гуманитарлық техникалық колледжі қол­дау көрсетті.

 

Ақбота ИСЛӘМБЕК

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*