Астана ауқымды шаралармен айшықталады

Енді бірнеше күннен кейін Астанада әлем мән беріп отырған «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі басталады. Мұның Қазақстан үшін де маңызы үлкен. Өйткені әлем өркениетінің жетістіктері көрмеде көрсетіледі. Сонымен қатар көрмеге келген қонақтар қазақтың ұлттық салт-дәстүрі мен өнерін тамашалап, халықтың бай мұрасына қанығып қайтпақ.
Осыған орай Астана қаласының әкімдігі «ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу аясында ауқымды мәдени-бұқаралық бағдарлама дайындап отыр.
Атап айтар болсақ, ауқымды шаралар қатарында халықаралық фестивальдер мен көрмелер, отандық және әлемдік эстрада жұлдыздарының, классикалық және халық музыкасының концерттері, премьералар, цирктік қойылымдар, «Бәйтерек» монументінің алдында және қалалық алаңда, барлық саябақта халықтық серуен сипатындағы шаралар бар.
– Жаз айларында елорда тұрғындары мен қонақтары қызықты мәдени бағдарламаларды тамашалай алады, өйткені биыл Елорда күнін мерекелеу «Астана ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесін өткізумен тұспа-тұс келеді, – дейді Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының мамандары.
Media-Center EXPO – 2017 таратқан ақпаратқа қарағанда, алдағы «ЭКСПО» көрмесі – Қазақстан үшін маңызды оқиға. Өйткені көрме барысында халықаралық қоғамдастық өкілдеріне еліміздің басты жетістіктері мен даму келешегі кеңінен көрсетіледі. Қазақ халқының басты жетістіктерінің бірі – бай мәдени мұра, тарих пен ұрпақтан ұрпаққа жалғасын тауып келе жатқан салт-дәстүр. Дамыған өркениетті қоғам жергілікті мәдениетке және қазақ фольклорына асқан қызығушылық танытуда. Сондықтан көрме өтетін кезеңде елорда аумағында ұйымдастырылатын мәдени-бұқаралық шаралар бағдарламасын жасауға басты негіз болған да осы.
Бірінші кезекте ұйымдастырушылар қазақ халқының жарқын туристік көрінісін жеткізетін шараларды, оның ішінде «Астанаға тарту» дәстүрлі қазақ музыкасының концерті, «Мүшәйра» республикалық ақындар конкурсы, «Шашу» халық биінің халықаралық фестивалі, «Серпер» халық аспаптары оркестрлерінің фестивалі және «Астана самалы» үрмелі аспаптар оркестрі, қазақ халқының дәстүрлі сусыны – қымызға арналған «Қымызмұрындық» мерекесі, «Астана Арқау» түркі музыка фестивалі, биыл Әзербайжан Мәмбетовке арналған V «Сахнадан сәлем» халықаралық театр фестивалі және тағы басқа мәдени іс-шаралар бар.
Ойын-сауық шараларының басым бөлгіне шетелдік өнер шеберлері емес, отандық, астаналық шығармашылық ұжымдар тартылып отыр. Елордалық театрлардың, филармонияның, цирк пен қаланың басқа да мәдени мекемелерінің артистерінің есімі бүгінде әлемге танымал, олар жетекші халықаралық ареналарда еліміздің имиджін көтеріп жүрген белгілі тұлғалар. Олар «ЭКСПО – 2017» көрмесі барысында қала тұрғындары мен шетелден келетін меймандарға өнер көрсетуге дайын. Мұнымен қоса, көрме аясындағы аталған мәдени іс-шараға, басқа да концерттерге этномәдени бірлестіктердің ұжымдары мен Қазақстанның түрлі өңірлерінен келген ұлттық бағыттағы шығармашылық ансамбльдері қатысады.
Қала әкімшілігі осыған орай тұрғындар мен қонақтардың әртүрлі шараларға баруға мүмкіндігін толыққанды ескеріп отыр. Бұл жолы мәдени-бұқаралық бағдарламалардың басым бөлігі елорда тұрғындары мен қонақтарына ыңғайлы болуы үшін ашық алаңдарда өткізілмек.
Мысалға айтар болсақ, сулы-жасыл желекжолда креативті идеялардың заманауи алаңы Astana Art Fest фестивалі, қалалық саябақтарда демалыс сайын отбасылық демалысқа арналған Astana Park Land шарасы өткізіледі. Есіл өзенінің жағасында лазерлік шоу мен субұрқақтар шоуын, сондай-ақ «Есіл кештері» концертін тамашалауға болады.
Астана қаласының маңындағы тоғыз тұрғын алабы да назардан тыс қалмайды. Барлық тұрғын алаптарында қазақстандық танымал артистердің қатысуымен «Думанды Сарыарқа» бағдарламасы ұйымдастырылады.
Сонымен қатар елордада белгілі эстрадалық, электронды музыка, рок және джаз концерттері, сонымен қатар International Street Dance Session көше биі фестивалі өтеді. Шараның барлығына кіру – тегін.
Қала әкімшілігі сонымен қатар, көрермендер назарына халықаралық көрме аясында алғаш рет өткізілетін бірқатар жаңа жобаларды ұсынбақ. Атап айтқанда, музыка өнеріне қосқан елеулі үлесі үшін наградалар табысталатын «Астана дауысы» халықаралық музыка фестивалі, алғаш рет қытайлық кунг-фу шоуы өтеді. Бұдан басқа, КВН ойынының тарихында алғаш рет ресейлік жүргізуші Александр Масляков Қазақстанның елордасында Жоғары лиганың соңғы жылдардағы чемпиондарының арасында Жазғы кубокты сарапқа салады. Ойын Астанада 1 шілдеде өтпек, чемпионат Бірінші арнадан тікелей эфирде көрсетіледі. Ұйымдастырушылардың айтуына қарағанда, Қазақстанда туып, шетелге кетіп, көпшілікке танымал болған артистер де назардан тыс қалмайды.
Сөйтіп, «ЭКСПО – 2017» көрмесі аясындағы биылғы жазғы маусым келушілердің қызығушылығын күрт арттырмақ. Халықаралық көрмедегі мәдени оқиғалар тізбегін Астанада өтетін отандық эстраданың еңбек сіңірген қайраткерлерінің концерті қорытындылайды. Атап айтар болсақ, Әлібек Дінішев, Секен Тұрысбек, Алтынбек Қоразбаев, сондай-ақ биыл құрылғанына 15 жыл болатын «Музарт» ансамблі, Тұрсынбек Қабатовтың әзіл-сықақ кеші және тағы басқа шаралар келушілердің көңілін көтереді. Қысқасы, Астанадағы биылғы жаз берекелі болайын деп тұр. Сондықтан «ЭКСПО»-ға арнайы барып, мәдени шараларға да қатысып қайтсаңыз, артықтық етпейді.
Берік БЕЙСЕНҰЛЫ