Қазақ елі жаңа ғарышкерін ұшыра ма?

1316
0
Бөлісу:

Қазақстан өзінің төртінші ғарышкерін ұшыру мәселесін қарастыруда, ендігі кандидатура да бар көрінеді. Бұл туралы кеше Мәжілісте өткен Үкімет сағатында мәлім болды. Жиын барысында Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов осы саладағы жаңалықтарын жария етті. 

Жиын кезінде депутаттар «Қазақстан Ғарыш сапары» ұлттық компаниясының вице-президенті, «Халық Қаһарманы», ғарышкер Айдын Айымбетовтен ғарышқа сапары кезінде жүргізген зерттеулерінің жерде қаншалықты іске жарағанын сұрас­тырды.
– Ғарышқа ұшуым кезінде 18 ғылыми сынақ орындалды. Олар физикалық-техникалық, медициналық-биологиялық, психологиялық салаларды қамтыды. Ол жобалардың өмірге жолдама алғандары ішіндегі ең көрнектісі – «Дастарқан-6» деп аталады. Бұл – Халықаралық ғарыш стансасы экипаждарына арналған, дәру­мендік қоспалар қосылған азық-түлік өнім­дері. Қазіргі уақытта ол тамақ өнімдері ғарыш экипаждарының ас мәзіріне ен­гізілген, – деді ғарышкер.
– Басқа елдердің ғарыш экипаждары осы өнімдерді тұтына ма? – деп нақтылай түсті вице-спикер Гүлмира Исимбаева.
– Тұтынады. Оларға әсіресе, қазақтың ірімшігі, құрты секілді өнімдер ұнайды. Себебі, олардың құрамында көп кальций, ақуыз бар, – деді А.Айымбетов.
Ол «Кулон кристалы», «релаксация» сияқты ғылымды дамыту мақсатында өт­кізілген басқа сынақтар қорытындысында алынған нәтижелерді өңдеу және ақырғы өнім алу үшін Аэроғарыш комитетінің «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен техно­логиялар орталығын» қаржыландыру қажет болатынын айтты.
Айдын Айымбетов көк сеңгіріне 2015 жылдың қыркүйегінде он күнге сапарлаған болатын. Осы орайда қалаулылар ғарышқа Қазақстанның төртінші ғарышкерін аттандыру мәселесін көтерді. Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, бұл мәселенің шешімі екі жайтқа байланысты болып тұр.
– Бір ғарышкерді ғарышқа жіберу шамамен 30 миллион долларға түседі. Екіншіден, ғарышкер ғарышқа босқа, турист ретінде жіберілмейді, ол ғарыш кеңістігінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуі керек, оған министрліктер, ме­млекеттік органдар тапсырыс беруі қажет. Егер салмақты тапсырыстар болса, жағдайымыз келсе, сондай-ақ Парламенттен өздеріңіз қолдасаңыздар, бұл мәселе шешіледі. Бізде ондай жоспар бар! – деп растады министр.
– Байқауымызша, жоспар сыртында кандидатураларыңыз да бар. Бәрі тек қаражат пен ғарыштық бағдарламасына тіреліп тұр, – деді Г.Исимбаева. Қалай болғанда, ғарышкер кандидатурасын Елбасы бекітетіні мәлім.
Үкімет сағатында Министр Б.Атамқұлов 2017 жылы Астана қаласында ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенінің («ҒАҚұСК») құрылысын аяқтау жоспарланып отырғанын мәлімдеді. 2018 жылы шетелдік тапсырыстарды алу үшін бұл кешенді халықаралық стандарттар бойынша сертификаттау басталуға тиіс. Бұл ретте тәжірибелік өндірісі бар арнаулы конструк­торлық-технологиялық бюроны да осы жылы пайдалануға беру көзделуде.
Ведомство басшысы ҒАҚұСК-те сал­мағы 100 келіден бастап, 6 тоннаға дейінгі жер серіктерін жобалаудан – құрастыру мен сынауға дейін, сондай-ақ жер серіктеріне арналған құрамдауыштарды әзірлеу жұмыстары атқарылатынын атап өтті. Барлық жұмысты қазақстандық мамандар жүргізетін болады, бұл қазақстандық қамтуды жер серіктерінің түрі мен мақса­тына байланысты 55%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
«Осы стратегиялық объектінің болуы ғарыш қызметін дамытуға орасан зор серпін береді және Қазақстанға жер серіктерін жобалау және жасау қызметтерін көрсетудің халықаралық нарығына шығуға жол ашады» деді Б.Атамқұлов.
Ол 2016 жылдан бастап, Қазақстанда «Авариялар мен апаттар кезінде шұғыл шақыру жүйесі» (ААШШ) жобасы жүзеге асырылып жатқанын хабарлады. ААШШ жүйесінің Деректерді өңдеу орталығы үшін бағдарламалық қамтылым да әзірленіпті. Төтенше жағдайлар бойынша барлық облыстық департаментте осы жүйе опе­ра­торларының автоматтандырылған жұмыс орындары ашылды. Жүйенің өзі 2017 жылғы
1 қаңтардан бастап табысты жұмыс істеуде екен.
Бейбіт Атамқұлов Қазақстанның отандық ғарыш аппаратының орбиталық топтамасын дамытуды жалғастыратынын жария етті. Бүгінде елімізде ғарыштық байланыс және жерді қашықтықтан зондтау ғарыштық жүйесі жұмыс жасайды. Биылғы жылдың мамыр айындағы жағдайға сәйкес, қазір орбитаны айналып жүрген отандық KazSat-2 спутнигі 67,1%-ға, KazSat-3 75,8%-ға «пайдалы жүктеліпті».
– Соңғы 5 жылда, яғни 2011-2016 жыл­дар аралығында ғарыштық байланыс жүйесінің Ұлттық операторының үлесі ішкі нарықта спутниктік сиымдылықты ұсыну бойынша 12%-дан 99%-ға дейін өсті. Шетелдік операторлардан сатып алынып келген 22,4 миллиард теңге көлеміндегі импортты алмастыру қамтамасыз етілді, – деді министр.
Бұл жүйе еліміздің барлық аумағында спу­т­никтік және телевизиялық хабар тарату­ды, спутниктік байланысты және мемлекеттік органдардың, ұлттық ком­паниялардың және жеке ұйымдардың мұқтажы үшін деректер таратуды, сондай-ақ еліміздің шалғай аймақтарына ұялы байланыстың базалық станцияларын қамтамасыз етеді.
«Қазіргі уақытта спутниктерді қолдану мерзімінің аяқталу межесіне қарай оларды жоспарлы ауыстыру бойынша жұмыс жүр­гі­зіліп жатыр, 2023 жылға қарай KazSat-2R жер серігін жасап, іске қосу арқылы KazSat-2 жоспарлы ауыстыру жос­парлануда» деді министр. Жалпы, бола­шақта екі жер серігін ұшыруға қатысты «жаңа жобаның құны ша­мамен 6,6 миллиард теңгені, ал ұшыру құны 2,6 миллион долларды құрайтын» көрінеді.
Бұл екі спутник сыртында ғарышта Қазақстан ұшырған KazEOSat-1 жоғары дәлдікті және KazEOSat-2 орта дәлдікті «жерді қашықтықтан зондтау бойынша қос спутник» самғап жүр. Бұлар тек 2016 жылы ғана мемлекеттік органдарға өтеусіз негізде шамамен құны 12 миллиард теңгені құрайтын 20 млн шаршы шақырым аумақтың суреттерін берген. Егер осы ғарыштық суреттерді мемле­кет­тік органдар шетелдік операторлардан сатып алғанда, 23 млрд теңге шығындайтын еді.
Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі «Байқоңыр» ғарыш айлағының ескірген ұшыру алаңдарын ауыстыратын «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешені қазақ жеріндегі космодромды сақтап қалуға және тиімді пайдалануға мүмкіндік беретінін айтты.
«Қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес, «Бәйтерек» жобасы қазіргі қолданыстағы «Зенит» ғарыш зымыран кешені және Ресей дайындайтын орта деңгейдегі перспективті зымырантасы­малдағыш негізінде жүзеге асырылмақ. Осы мақсатта «Зенит» ҒЗК объектілерін Ресей Федерациясының жалдауынан шығару және оларды Қазақстанға беру 2018 жылдың
1 қаңтарынан бастап жүргізілетін болады. Бұл Қазақстанның ұлттық мүдделеріне сай келетін стратегиялық маңызы бар бірлескен жоба. Өйткені ол Қазақстанға коммерциялық ұшырулардың әлемдік нарығына кіруіне мүмкіндік береді» деді Б.Атамқұлов.
Талқылауды Мәжіліс төрағасының орынбасары Г.Исимбаева қорытты. «Міндеттерді табысты іске асыру көп жағдайда тек ғарыш саласының дамытуға емес, тұтастай алғанда, елімізді әлеуметтік-экономикалық дамытуға да байланысты екендігін баршамыз жақсы түсінеміз. Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі алға қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін аз жұмыс жасап жатқан жоқ деп ойлаймын. Біздің әріп­тестеріміздің барлық ұсыныстары мен ескертпелері министрліктің практикалық қызметінде ескеріліп, бүгін айтылған проблемалар өз шешімін табады деп сенеміз» деп түйді ол.
Үкімет сағаты қорытындысында депутаттар Үкіметке Қазақстанда ғарыш қызметін одан әрі дамыту бойынша тиісті ұсынымдар қабылдады.

 

 Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*