Көрме алаңы сақадай сай

1502
0
Бөлісу:

Күллі әлем көз тіккен «ЭКСПО – 2017» көрмесінің ашылуына аз уақыт қалды. Осыған орай өткен жексенбіде басты дайындық шарасы пысықталды. Көрме аумағында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен аралауға қолайлы жағдай жасау қызметтерінің жұмысқа даярлығы, сервис нысандарының техникалық дайындығы мен павильондардың қонақтарды қабылдауға әзірлігі тексерілді. Нәтижесінде, көрме алаңы сақадай сай.
Қауіпсіздік департаментінің дирек­торы Рүстем Шәкеновтың айтуынша, ха­лықаралық көрменің ашылуына орай жоспарланған шаралардың барлығы түгел орындалған. Қажетті жабдықтардың бар­лығы сатып алынып, бейнебақылау, да­был, көрме ашықтығын басқаруды ба­қылау жүйелері орнатылды. Сонымен бір­ге, қауіпсіздікті қамтамасыз ететін ма­мандар, атап айтқанда, құқық қорғау органдарының, жеке күзет құрылым­дарының қызметкерлері оқу курстары мен тіл даярлығынан өткен. «Кіргізу топ­та­рын жасақтауға ерекше назар аударып отырмыз. Олар 1 сағаттың ішінде 12 мың­ға жуық адамды қабылдай алады. Со­нымен қатар күту уақыты 30-40 минуттан аспайтын болады», – деді департамент ди­ректоры.
Айта кететін тағы бір қуанышты жаңа­лық – көрме билеттерінің сатылымы жос­парлағаннан да көбірек көрсеткішке жет­ті. Яғни «ЭКСПО – 2017» ашылғанға дейін 1 миллионға жуық билет сатылады деп жоспарланса, бүгінде сатылым көлемі одан 20 пайызға асып түскен. Көрме қо­нақ­тары санының көп болуына бай­ла­ныс­ты тиісті шаралар қолға алынған.
Көрмені тамашалауға еліміздің түк­пір-түкпірінен қонақтар келеді. Бұдан бө­лек жаһандық шараны өз көзімен та­машалауға алыс-жақын шетелден де бір­шама туристер келері анық. Оларға ерік­ті­лер көмек көрсететін болады. Ерік­­­тілердің жалпы саны – 4,5 мың. Ұйым­дастыру­шы­лар тарапынан оларға қатал іріктеу өт­кенін де атап өту керек. Яғни шара кезінде қол ұшын беретін еріктілер – жан-жақты дайындалған, тіл білу сауаты жоғары әрі мәдениетті. Әр ай сайын көрме аумағында 1,5 мың адам көмек көр­сетеді. Алғашқы 800 ерікті Қарағанды, Қостанай, Павлодар облыстары мен Алматы қаласынан келген.
Медициналық көмек көрсету үшін 210-нан астам медицина қызметкері тар­тылған. Дәрігерлер, фельдшерлер, реа­нимация мамандары күн сайын Халық­аралық көрме аумағында кезекшілік ете­тін болады. Көрме аумағында барлығы 7 медицина пункті бар.

 

Жадыра АҚҚАЙЫР

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*