Тартысты өткен каратэ-до киокушинкай турнирі

1244
0
Бөлісу:

Алматыда ЦСКА спорт кешенінде каратэ-до киокушинкайдан ашық республикалық турнир кумитэ тәртібі бойынша балалар, жасөспірімдер, қыздар және кадеттер арасында өтті.

Жарыстың салтанатты ашылу рәсімі құрметті қонақтардың құттықтау сөздерінен басталды. Сонымен қатар, кішігірім концерттік бағдарлама қатысушыларға жақсы көңіл-күй мен қуаныш сыйлады. Мухтар Джулдасов сөз алып, ізгі тілектерін балаларға жеткізді.

Мухтар Джулдасов, каратэ-до киокушинкайдан ҚР Федерациясының президенті және де бас төреші:

– Барлық қатысушыларды өткен балаларды қорғау күнімен құттықтаймын. Бүгінгі шара сол мерекеге арналады. Сонымен қатар, ата-аналарға деген ризашылығымды білдіремін, спортшыларға қолдау көрсетіп, демеу еткендеріңізге рахмет. Бүгінгі таңда, біздің спорт түрін Олимпиадалық турнирге қосу жайлы шешім қаралып жатыр. Осында болашақ каратэ жұлдыздары бар екендігіне еш күмәнім жоқ. Олар еліміздің туын халықаралық ареналарда биікке желбірететініне сенімдімін. Бүгінгі жарыстарда сіздерге тек сәттілік пен жарқын жеңіс тілеймін!

Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 300-ден астам 6-17 жас аралығындағы спортшылар KWF ережелеріне сәйкес түрлі салмақ дәрежелері бойынша өзара мықтыны анықтады.Олардың айтуынша каратэ барлығына пайдалы, өйткені мұнда дене мүшелерінің барлығы жұмыс істейді. Ал басты әдістерге басынан тебу, қолмен соғу, сондай-ақ аяқпен ұруды жатқызды олар.

Ерасыл Куанышев, жеңімпаз:

– Мен үш кездесу өткіздім, барлығы жеңіспен аяқталды. Қарсыластарым мықты болды. Оларға деген алғысым шексіз. Маған жеңіске жету үшін алға қойған мақсат пен табадылық көмектесті деп ойлаймын. Біздің команда Атыраудан келді. Олардан екеуіміз финалға шықтық. Бұл әрине қуантарлық жайт. Барлық ұйымдастырушыларға ризашылығымызды білдіреміз.

Жарыс мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына «бұқаралық спортты дамыту жайлы» жолдауын іске асыру, салауатты өмір салтын жастар арасында қалыптастыру, киокушинкай каратэ-до спорт түрін елге танытып, дамыту, халықаралық турнирлерге үздік спортшыларды іріктеу, спорттық шеберлікті арттыру мақсатында өткізілді.

Турнир каратэ киокушинкай ҚР Федерациясы, «Favourit.kz» Алматы және Алматы облысы Федерациясы, сондай-ақ, Алматы қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер грамота, медальмен марапатталды, сонымен қатар, «Үздік күресші», «Үздік техника үшін», «Жеңіске деген ерік үшін» номинациялары бойынша сыйлықтар табысталды.

Дайындаған: Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*