Қуаныш АЙТАХАНОВ, Сенат депутаты: Ауылға барып ауызашар беру дәстүрге айналған

1420
0
Бөлісу:

1. Сіз туып-өскен қай ауыл?
2. Бұл ауыл несімен ерекшеленеді?
3. Тұрғындарының негізгі кәсібі қандай?
4. Ауыл бұрын қандай еді, қазіргі ахуалы нешік?
5. Ауылыңыздың болашағын қалай елестетесіз?
6. Ауылыңызға жиі атбасын бұрасыз ба?
7. Балаларыңыздың бүйрегі ауылға қаншалықты бұрады?
8. Ауылдан түлеп ұшқан азамат ретінде сол өңірге қандай да бір жақсылық жасай алдыңыз ба?
9. Ауылды көркейту үшін не істеу керек?


1. Туып-өскен жерім – Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауда­нының Отырар ауылдық кеңесі. Бұл ауылдың тарихы өте терең. Сыр­дария өзені ауданды қақ жарып ағып жатыр. Арыс өзені Сырдарияға барып құятын жерде Отырар деген қала болған.

2. Ел Отырарды «Қасиетті өлке, ұлылар мекені» дейді. Шынында да, мұнда адамзаттың екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фараби дү­ниеге келген. Өз заманының рухани астанасы болған бұл өңірде одан басқа да отыздан астам атақты фа­ра­билер, әртүрлі саладағы ғалымдар өмірге келгені соңғы кездері дәлел­деніп отыр. Александриядан кейінгі ең үлкен кітапхана осы Отырарда болғаны соның айғағы емес пе?! Қытай саяхатшысы Луи Цин «Отырарды Отырар еткен оның шарапханасы мен мейрамханасы емес, кітапханасы» деп жазған екен. Бұл жерде Қожа Ахмет Яссауидің ұлы ұстазы Арыстан баб жерленген. Қазақта «Сайранда бар сансыз баб, Түркістанда Түмен баб, Отырарда отыз баб, ең үлкені – Арыстан баб» деген сөз бекерге айтылмаған. Отырар арқылы ықылым заманнан Еуразияны басып өткен Ұлы Жібек жолы Батыс пен Шығысты бай­ланыстырған. Үлкен ғылыми, мәдени, сауда-экономикалық, әкімшілік, дипломатиялық орталық болған. Отырарда үлкен жорыққа шықпақ болып барған Әмір Темір қайтыс болып, жерленген.
Отырар – атақты сазгер Шәмші Қалдаяқовтың, арқалы ақын Мұх­тар Шахановтың, көрнекті мем­лекет және қоғам қайраткерлері Өзбекәлі Жәнібеков пен Жамалбек Шаймерденовтердің туған жері.

3. Бұл мекенде осыдан мың жыл бұрын Орта Азиядағы ең ірі меха­никалық шығырлы суландыру жүйесі жұмыс істеген. Суармалы егіншілік мәдениетін зерттей келе, ЮНЕСКО Отырар қаласының орны Отырартөбені, Арыстан баб кесенесімен бірге мәдени мұра бағ­дарламасына енгіземіз деп жұмыс жасалып жатыр.
Сырдария, Арыс өзендерінің екі жағында Қызылқұмда диқаншылық дамыған. Кезінде мақта, жүгері, көкөніс, бау-бақша өсірген. Арыс өзенін бөгеп, 45 шақырымдық Алтын­беков каналын қазып, соның төңірегінде 36 ұжымшар құрылып, диқаншылықпен шұғылданған. Сонымен бірге Қызылқұмда мал ша­руашылығы да жақсы жолға қойылған.

4. Бүгінде Отырардың ең үлкен бағыты – халықаралық туризм. Бұл тұрғыдан алып қарағанда Отырар, Түркістан – үлкен бір жол. Халық арасында «Арыстан бабқа барып түнеу керек, Әзірет Сұлтанға барып тілеу керек» деген сөз бар. Бұл дегеніңіз – Түркістандағы Әзірет Сұлтан – Қожа Ахмет Яссауидің ұстазы Арыстан баб. Кімде кім Қожа Ахмет Яссауиден бірдеңе тілейтін болса, ол адамның тілегі оның ұстазы, Отырардағы Арыстан бабқа барып түнеп, әруақтарға құр­бандық шалып, ертеңіне Түр­кіс­тан­ға барса, Алла Тағала оның тіле­гін береді деген ұғым бар. Қазірдің өзінде жылына жарты миллионға жуық турист Орта Азия мемлекет­терінен, Қазақстанның түкпір-түк­пірінен Отырар арқылы Түркістанға барады. «ЭКСПО – 2017» халықар­лық көрмесіне байланысты бұл жерде үлкен іс-шаралар атқарылып жатыр. Отырар ауданының орта­лығы, Арыстан бабтың айнала­сы, Отырар қаласының бұрынғы орны Отырартөбе тарихи кешені қалпы­на келтіріліп, абаттандырылып жа­тыр. Келешекте бұл жерлер үлкен турис­тік орталыққа айналып, еліміздің туристік саласын дамытатын үлкен тармағы Түркістан, Отырар бағыты болмақ. Оның бер жағында Шым­кент, Сайрам, Қазығұрт, Ордабасы, Отырар, Түркістан үлкен бір турис­тік бағытқа айналмақшы. Осыған байланысты Отырар ауданының туристік инфрақұрылымын дамы­туға жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Батыс Қытай – Батыс Еуропа халықарлық көлік дәлізі бойынан Төрткүл елдімекенінен Отырарға қарай баратын жолға күрделі жөн­деу жұмыстарын жүргізіп жатыр­мыз. Ол биыл аяқталады. Отырар ауданының орталығы – Шәуілдір селосының орталығын басып өтетін республикалық маңызы бар жолға ел бюджетінен 1 миллиард теңге бөлініп, екі жолақты жол жасалып, абаттандырылды. Аудан орталы­ғында «Отырар даңқы» тарихи-танымдық кешені ашылды. Онда даңқты бабалар саяжолы, әл-Фараби алаңы, әл-Фараби ескерт­кіші бар. Отырар қорғанысы, Оты­рардағы кітапхананы бейнелейтін «Киелі кітап», Отырартөбені бей­нелейтін төбешік бар. Мұның бәрі сол ауданның орталығынан бастап, ту­ризмге бағытталып, содан әрі қа­рай туристер Отырартөбе, Арыс­тан бабқа дейін барып көре алады. Отырар мемлекеттік археология­лық музейі күрделі жөндеуден өткізілді.
Отырарда туғанмен, білім қуып, қызмет бабымен ол жақтан ерте­ректе, 1959 жылы кетіп қалғанмын. Әртүрлі қызметтер атқарып, өз туған жеріме 45 жылдан кейін аудан әкімі болып бардым. Екі жыл сол қызметті атқарып, сосын Парла­мент Сенатына депутат болып кет­тім. Сол кезеңде де біраз жұмыс­тар атқарылды. Одан бері де сол аудан­ның тізгінін қолына ұстаған әкімдер де біраз жұмыстар істеді. Ауданның территориясы, оның орталығы, елдімекендері жыл сайын абат­тандырылып, көгалдандырылып, керемет көркейіп, кішігірім қалаға айналып келе жатқандай.
Дегенмен ол жерде де мәселелер баршылық. Жоғарыда айтып өткенімдей, бұл ежелден суландыру аймағы болғандықтан, суландыру жүйесінің гидромелиоративтік жағдайына уақытылы қарап отырмаса болмайды. Тұзданып немесе батпақтанып кетеді. Кеңес үкіметі тараған жылдары оған ешкім қарамай қалды. Кеңшар, ұжымшарлар тарап, бәрі жекеше­леніп кетті. Сол кезеңде мемлекет тарапынан көмек болмауы салда­рынан Шәуілдір суландыру массиві дейтін суармалы жер тұздана бастады. Шаруалардың қолынан көп нәрсе келе бермейді. Өйткені олардың тұрмысы төмен. Ауданда әкім болып қызмет атқарған кезде «2004-2009 жылдарға арналған көне Отырарды дамыту» деген Үкіметтің қаулысы шығып, жұмыстар қолға алынды. Соның есебінен Арыстан баб кесенесі жөнделді, жолдар салынды. Отырартөбе тарихи-танымдық кешені жаңара бастады. Археологиялық музей жөнделді.
Шаруашылық жағына келсек, Алтынбеков, Кенжәлиев каналдары бетондала бастады. Қазір ол істі алға қарай дамытып, суармалы жерлер­дің гидротехникалық, гидроме­лио­рациялық жағдайларын жақ­сартуға жобалар жасалып, Еуропа даму банкі, Азия даму банкі, Ислам даму банкі арқылы келесі жылдан бастап үлкен қаражат бөлу қарастырылып жатыр. Аудан әкімшілігінің қолға алып отырған ең басты мәселесі – туризм бағытын дамыту, елді ме­кендерді абаттандыру.
Ауданда қызмет атқарып жүрген кезімде Отырардың даңқын көтеру үшін «Отырар энцикло­педиясын», «Отырар жәдігерлері», «Отырарлықтар жауынгерлік сапта», «Шежірелі Отырар», «Тәу­шен» деген кітаптар шығарылып, республикаға таратылды. Қазір Отырар мемлекеттік мұражайы есебінен «Отырар» тарихи-таным­дық журналы шығады. Журналда осы аймақтағы тарихи ескерткіш­тердің суреті басылып, елге тара­тылып жатыр.
«Туған жерге тағзым», «Онжыл­дықтар тоғысы» акциясы дәстүрге айналған. Түлектер мектеп бітіру­шілермен кездесіп, мектеп, ауыл, ауданға сый тартады.

5. Біздің ауыл болашақта халық­аралық туризмнің орталығына айналады деп ойлаймын. Шағын және орта кәсіпкерлік, егін, мал шаруашылығы дамып келеді. Ауыл шаруашылық өнімдерін терең өңдеп, оны экспортқа шығару жайы қарастырылуда.
Осыдан 10-15 жыл бұрын ауыл көшелерінде жарық болмайтын. Қазір түнде барсаң ауданымыздың орталығы үлкен бір қалаға кіргендей әсер қалдырады. Көшелерді жарықтандыру үшін күн сәулесін пайдаланып отыр. Таңертеңнен кешке дейін күн энергиясын өзіне тартып, қараңғы түскенде жарық береді. Бұрын жаяу жүргіншілер жолы цементпен жасалса, қазір әсем плиталар төселген. Жолдар да жөнделген, бір бағытта жүретін, ортасына гүлзар жасалған. Тұрғын үйлер де жөндеуден өткен. Тәуел­сіздіктің 25 жылдығына жаңа саябақ, мектеп, ауруханалар ашыл­ды. Аудан толығымен ауызсумен қамтамасыз етілген. Қазір халықтың тұрмысы, жағдайы жақсарды. Енді тек қана алға қарай дами беру керек.

6. Ауылға шамамен екі айда бір барып тұрамын. Ауыл азаматта­рымен, активпен кездесемін, ауылды аралап, ағайын-туысты көріп, марқайып қаламын. Мен туып-өскен жерде әкемізден қалған жарты гектардай жекешелендіріп алған шарбағымыз бар. Сол жерге барып, жастық шығымызды еске алып тұрамыз. Әке-шешем Арыстан бабта жерленген. Сол кісілерге бағыштап Құран оқытып қайтамыз. Міне, Рамазан айы басталды, біз дәстүр бойынша ауылға барып ауызашар береміз. Құрбан айтта құрбандық шаламыз. Елмен тығыз қарым-қатынасты үзген емеспіз.

7. Балаларымыз ауылға жақын болып өсті. Енді сол үрдісті неме­релер жалғастырып келеді. Олардың алды студент, Назарбаев универ­ситетінде оқиды. Сабақтан қолы қалт етсе, ауылға қарай тартып кеткісі келіп тұрады. Немерелердің өзі ауылға барса, бірден «Атамның шарбағына барайық» дейді. Ол – әкемнің шарбағы.

8. Депутат болған 12 жыл ішінде облысқа да, аудандарға, оның ішінде өзім туып-өскен ауданыма да депутаттық сауал жолдау арқылы көптеген мәселелерін шешуге мұ­рын­дық болғаным рас. Облыс, аудан халқы бұл жағдайды жақсы біледі. Оны атап айтудың қажеті жоқ.

9. Ауылды көркейту үшін алды­мен адамдардың сана сезімін ояту керек. Әрбір азамат өзінен, өзі тұрған үйден көшеден, ауылдан бастауы тиіс. Жеміс ағашын бол­маса қара ағаш отырғызса, сая бола­ды. Тұзданған жерлерге жың­ғыл, терек, қарағаш, жиде отырғызып, көгалдандыруға тиіспіз. Суармалы жер болғандықтан, Отырар ауда­нында көгалдандыру жұмыстары жақсы жолға қойылған. Жұмыс бабымен еліміздің түкпір-түкпі­рінде болдым. Кейбір ауылдарда тіпті бір ағаш жоқ. Әрбір үй ең болмағанда есігінің алдына 10 ағаш отырғызып, өсіруіне болады ғой. Ауылды абаттандырып, көркей­туіміз керек. Оны басқа жақтан ешкім келіп істеп бермейді. Әрине, жол, мектеп, балабақша, басқа да инфрақұрылымдар мемлекет есебінен салынды. Республикалық бюджет есебінен үлкен ғимарат­тарды тұрғызуға көмек болуы ке­рек. Дегенмен «Туған жерге тағзым», «Туған жерге туың тік» акцияларын өткізе отырып, сол елден шыққан азаматтардың басын қосып, ұйым­дастырып, қолдан келгенше ауылды көтеретін жолдарын қарастыруға тиіспіз. Қалталы, меценат азамат­тардың көбі өз ауылдарында мешіт салып жатыр. Ол да керек. Мектеп, балабақша, жол, стадион салып беріп жатқандар да бар. Ондай азаматтарды қолдауға тиіспіз. Отырардан шыға берістегі Арыс­тан бабқа баратын жолдың бойында­ғы Ынталы ауылының тумасы, ал­матылық кәсіпкер Айтқұлбек Сұлтанов аудан әкімінен екі гектар жер алып, ағаш отырғызып, саябақ ашыпты. 9 мамырда елде болып, саябақтың ашылу рәсіміне қатыс­тым. Саябақта сол ауылдан шыққан 300-ге жуық Ұлы Отан соғысы ардагерінің аты-жөні қара мәрмәрға қашалып жазылған ескерткіш орнатылыпты. Қазір Ұлы Отан соғысына қатысқан бір-ақ ардагер қалыпты. Сол кісі көзіне жас алып, рақметін айтты. Астына ат мінгізді. Тағы да атап өтер болсақ, өңі­ріміздің тумасы, кәсіпкер Серікжан Сейіт­жа­нов та ауылда мешіт, мектеп, балабақша салып беріп, елдің алғысына бөленіп жүр. Осы сияқты азаматтар қолынан келгенше өз ауылына жәрдемдессе, ауыл көр­кейеді, гүлденеді. Ауылда жағдай жасалса, жастар да тұ­рақтайды. Сондай жағдай жасауға болады.

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*