Орманшыларға қолдау көрсетіледі

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен жалпы отырыстарында сенаторлар қолданыстағы заңнамаға өсімдіктер мен жануарлар дүниесі мәселелері бойынша өзгерістерді екінші оқылымда қарап, құптады. Тиісінше, бұл заң енді «Парламент қабылдаған» болып есептеледі және Елбасының қол қоюына жіберіледі.
«Кейбір заңнамалық актілерге өсімдіктер мен жануарлар дүниесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы биологиялық әралуандықты сақтау үшін экономикалық, әлеуметтік, ұйымдастырушылық және өзге де жағдайларды жасауға бағытталған. Атап айтқанда, орман және аң аулау шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы қолданыс заңнамасына, сондай-ақ экологиялық және өзге де аралас заңнамаға түзетулер енгізу көзделіп отыр.
Заңда жекелеген баптар орманды пайдалану, балық шаруашылығы қызметі, жануарлар дүниесі объектілерін жасанды өсіруді, жануарларды елімізге әкелу және әкету мәселелерін қарастырады. Мемлекеттік, ұлттық парктер мен олардың қорғалатын аймақтарының аумақтарын пайдалану тәртібі нақтыланып, биосфералық резерваттардың құқықтық тәртібі белгіленеді.
Заңның сала мамандарын қуантар жаңалығы бар: ол бойынша 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап, орман шаруашылығы мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтар қызметкерлерінің лауазымдық еңбекақылары 25 пайызға жоғарылатылады.
Құжаттың тағы бір жаңалығы сол, Қазақстанда сексеуіл саудасына шектеу қойылмақ. Бұған дейін елімізде сексеуіл ағашын шабуға тыйым салынған болатын. Бұл тыйымды бұзғандарға үлкен көлемде айыппұл салынады немесе олар бас бостандығынан айырылуы да мүмкін.
Бұл ретте заң жобасымен қолданыстағы «Сауда қызметін реттеу туралы» заңға жаңа норма енгізіледі және ол сексеуіл ағашынан жасалған өнімдердің саудасына жол бермейді.
«Орман саласын қолдау және сауықтыру бойынша бірқатар шешімдер қабылданды, олардың ең бастылары – 2004 жылы бөрене ағаштардың экспортына тыйым салынды және сексеуіл ормандарында ағаш кесудің барлық түріне мораторий жарияланды. Бірақ бұл шешімдерді толықтыруға тура келді. Қылқан жапырақты ормандарда санитариялық мақсатта және өртенген орман ағаштарын кесуге тыйым салу мәселесі қарастырылуда. Сексеуілге байланысты табиғи қалдықтарды да қолдануға тыйым салынды» деп хабарлаған болатын бұдан бұрын Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Жалпы отырыста сенаторлар 2015 жылғы 8 қыркүйектегі «Табиғи теріден жасалған киім заттары, киімге керек-жарақтар және өзге де бұйымдар» тауар позициясы бойынша тауарларды бақылау (идентификациялау) белгілерімен таңбалауды енгізу жөніндегі пилоттық жобаны 2015-2016 жылдары іске асыру туралы келісімнің қолданылу мерзімін ұзарту жөніндегі хаттаманы ратификациялады. 2017 жылы пилоттық жоба нәтижелеріне талдау жүргізу қажеттігіне байланысты Келісімнің қолданылу мерзімі 2018 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылатын болды.
Сондай-ақ сенаторлар Қазақстан мен Азия даму банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді ратификациялады. 2016 жылғы 7 желтоқсанда Астанада қол қойылған бұл келісім аталған халықаралық банктен «Ақтөбе – Мақат» автомобиль жолын реконструкциялауға 240 миллион 300 мың доллар мөлшерінде қарыз алуды көздейді. Бұған қоса, осы жолға республикалық бюджеттен бірлесіп қаржыландыруға 32 миллион 765 мың доллар бөлінеді. Қарыз 5 жылдық жеңілдікті кезеңді қоса алғанда, 18 жыл мерзімге беріледі. Сенаттың қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Е.Мұқаев бұл заңның маңыздылығына тоқтала келе, жолдардың бойында демалатын орындар, уақытша көлік тоқтау алаңдары, тамақтану, сауда-саттық пунктері, техникалық қызмет көрсету стансалары, қалалардың кіреберісінде көлік жуу пунктері, авариялық шақыру байланысы, жолдар бойындағы елді мекендердің тұсында жол жағасындағы бизнес мүлдем жоқтың қасы екендігіне Үкіметтің назарын аударды. Сенатордың пікірінше, мұндай қадамдар жүзеге асырылса, халықаралық транзиттік бағыттың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға септігін тигізеді.
Дайындаған Айхан ШӘРІП