Тарихтың сабағы қазіргі күннің қадірін арттырады

1583
0
Бөлісу:

Тағдыр теперішіне төтеп берген ел тарихтың кез келген жаңа сын-қатерлеріне шыдас бере алады. Өйткені тағат-төзім халқымыздың тегіне, геніне жазылған ұлттық кодының құрамдас бөлігі. Кеше Қазақстан Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола облысының Ақмол ауылы аумағында орналасқан саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешеніне арнайы барып, ескерткіш тақтаға гүл шоғын қою рәсіміне қатысты.

Іс-шараға саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының туыстары мен жақындары да шақы­рылған екен, Елбасы олармен жеке әңгімелесті.
Мемлекет басшысы рәсім аяқ­талған соң БАҚ өкілдері алдында сөй­леген сөзінде бүгінгі күннің Қа­зақстан тарихында айрықша екенін айтты.
– 31 мамырды біз Саяси қуғын-сүргін құрбандарын жалпыұлттық еске алу күні ретінде атап өтеміз. Бір ғана Қазақстанның өзінде сол жыл­да­ры 103 мыңнан астам адам тұт­қын­далып, оның 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. Қазақ зиялыла­рының беткеұстар өкілдері, респуб­ли­ка басшылығы түгелге жуығы жо­йыл­ды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті ел ішінде сол кезде қуғын-сүргінге ұшыраған адам­дарға арналған лагерьлер тұрғы­зылғанын еске салып, ондағы адам төзгісіз жағдайлар туралы әңгімеледі. Мемлекет басшысының мәліме­тінше, сталиндік қуғын-сүргін жыл­да­рында Қазақстанда АЛЖИР, ҚарЛАГ, СтепЛАГ, ДальЛАГ, ПесчанЛАГ, КамышЛАГ, ЖезқазғанЛАГ, Ақтөбе, Петропавл, Кеңгір және Өскемен лагерьлері сияқ­ты жүздеген мың тұтқындар қа­малған 11 арнаулы лагерь құрылды.
– Қазақстанның әр түкпіріндегі 11 лагерьдің қабырғасында адамдар қинау мен азаптау салдарынан қаза болды. Сол лагерьлерде миллионнан астам адам жазасын өтеді. Саяси қайраткерлермен қатар, олардың жұбайлары мен балалары да қуғын-сүр­гінге ұшырады. Кейбір нәресте­лер сол лагерьлерде дүниеге келді, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев осы ауыр кезеңде Қазақстан ондаған этносты құшақ жая қарсы алғанын, Солтүстік Кавказ, Корея, Балтық елдері, Украина және Ресейден бір жарым миллионнан астам қуғын-сүргінге ұшыраған адам Қазақстанға күштеп қоныс аудартылғанын атап өтті.
Осы репрессияға ұшыраған­дардың барлығы үшін Қазақстан туған үйге айналды. Қазақстан көп­этносты мемлекет атанды. Сол кезде тұғырлы ұлт қазақтардың өздері қуғын-сүргіннен, аштықтан қыры­лып, зұлматты заманды бастан кешіп жатқан еді. Бірақ Елбасы айтқандай, қазақ қатыгезденген де жоқ, өшіккен де жоқ, ХХ ғасырдың қатаң қасіреті үшін ешқашан ешкімді кінәлаған да емес. Қазақ төтеп бере білді, стали­низмнің бүкіл кінәсіз құрбандарына көмектесті, ақыры өз төңірегіне барлық этностар мен конфессия­ларды біріктіре отырып, өз тәуел­сіздігіне бейбіт жолмен қол жеткізді. Бүгінде қазақтар Қазақстанды «қара шаңырақ» еткен барлық этносты өз айналасына ұйыстырып, толе­ранттылық, келісім мен бір-біріне деген сенім негізінде алға қарай қадам басуда.
Нұрсұлтан Назарбаев Кеңес кезінде 58-бап («халық жауы») бо­йынша репрессияланған адамдардың тек өздері ғана емес, туыс-туғандары, үрім-бұтағы қудалаудың барлық қайғы-қасіретін бастан өткерге­нін еске салды. Ол бүгінде мұны еске түсіру, көзге елестету қиын екенді­гіне, себебі біз мүлдем басқа мем­лекетте өмір сүріп жатқанымызға назар аударды.
– Халқымыз осы қайғылы оқиға­ларды есте сақтауға тиіс. Мұндай қасірет қайталанбас үшін оны бола­шақ ұрпақ білуі керек. Бүгінде біз құқықтық жаңа мемлекет құрдық. Қазақстанда азаматтардың құқық­тары мен бостандықтары қорғалған. Біздің елде саяси қудалауға орын жоқ,– деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы бастан өткерген кезеңдерді Қазақстан халқы әрдайым есте сақтап, бүгінгі күннің қадіріне жете білуі қажеттігін айтты.
Н.Назарбаев саяси репрессия­ларды «тарих пәнінен «Ұлы рево­лю­ция» деп оқытылған төң­керіс әкел­генін» еске салды. «Бірде бір ре­во­­лю­ция адамға, мемлекетке жақ­­сылық әперген емес. Олар мем­­ле­кетті қиратады, халықты ке­дей­шілікке ұшыратады, тер­роризм, адам өлтіру, бандитизм өрістейді. Сондықтан біз эволю­циялық даму жолын таңдадық. Өйткені эволю­циялық даму арқа­сында ғана біз ілгері жылжитын боламыз. Ендеше өз тарихымызды әрдайым есте сақ­тауға тиіспіз!» деп қорытты Елбасы.
Лагерьде азап шеккен Мүслима Ильясованың қызы, отандық ғалым, химия ғылымдарының докторы Бақыт Бегетова өз анасының – Петропавлдағы мектеп мұғалімінің 1938 жылы «халық жауының» зайы­бы ретінде жазықсыз қамалғанын еске алады.

«Менің анам АЛЖИР және ондағы қасіреттер туралы әңгіме­леуге қиналатын. Одан жай-жап­сарын сұрап жатуға батылым жет­педі. Өйткені ол естеліктер оның жанын қаншалықты жаралайтынын түсінетінмін. Анам АЛЖИР-дегі жылдары туралы тек бір рет қана есіне түсірді. Мені лагерь азабынан өткен анам секілді адамдардың өзге­лерге кек сақтамауы, рухының биіктігі және өмірге деген сүйіспен­шілігі керемет қайран қалдырады және сүйсінтеді» дейді Б.Бегетова.
Осы лагерьде он жыл тұтқында болған Тұрар Рысқұловтың әйелі Әзиза Рысқұлова оның аумағында ветеринарлық дәрігер болып жұмыс істеген. Әзизамен бірге АЛЖИР-ге оның анасы Арифа Исенгулова да қамалады. Анасы мен қызы көрші барақтарда тұрған. Жасы келгеніне қарамастан, Арифа ана ауыр жұмыс­тарға тартылған, ақыры жеті жылдан кейін миына қан құйылып, көз жұмды. Әзиза тұтқындалар қарса­ңында, екі қызын – бес жасар Сәуле мен сегіз айлық Риданы тәрбиелеген. Кейін Сәуле Одессадағы балалар үйіне жолданады, ал сәби Рида анасымен бірге лагерьге түседі. Үшке толғаннан кейін оны да балалар үйіне аттандырады. Тек арада он жыл өткенде ғана Әзиза Рысқұлова еркін­дікке шығып, өз балаларын тауып алған.
АЛЖИР-дегі сәулетші Анна Коган жергілікті халыққа алғысы ретінде электр стансасын жобалап шығады. Бұл станса Ақмол ауылында қазір де жұмыс жасап тұрған көріне­ді. Педиатр Анна Мартинсон лагерь аумағында медициналық бекет пен балабақша ашады, сөйтіп жүздеген баланы, соның ішінде белгілі ресей­лік балерина Мая Плисец­каяның ағасын аман алып қалады.
Кейін Германияға көшкен Гертруда Платайстың неміс журна­листеріне айтқан адам көңілін бо­сатар әдемі әңгімесі халықаралық қауымдастықтың ықыласын ту­дырды.
«Бірде әйелдер Жалаңаш көлі жағасындағы қамысты оруға айдал­ды. Барлығымыз аштықтан құлайын деп, әзер жүрміз. Кенет жергілікті тұр­ғындар келіп, біздің жаққа қарай тас­тар ата бастады. Біз бұлардан да жә­бір көргеніміз үшін қатты жабыр­қа­дық, моральдық тұрғыдан өте ауыр еді. Көптеген тұтқын әйелдер еңі­реп жылай бастады. Оларды нұ­қы­ған конвойшы күзетшілер: «Қа­раңдар, сендерді тіпті жергілікті қа­зақтар да жек көреді!» деді жиір­кене. Жауған тастардан басымды ала қа­шып жүріп, сүрініп құлағаным есте, кенет қасымда жатқан тастан ірім­шік пен сүттің иісі шығатынын сез­дім. Дереу тастардың бірін көте­ріп, көрсетпей аузыма салдым. Ол ке­ре­мет дәмді көрінді. Байқатпай жүріп, жер­гілікті қазақтар лақтырған тас­тар­дың көбін теріп алып, бараққа алып келдім. Тек сонда ғана қамауда отыр­ған қазақ әйелдерінен бұлардың «құрт» деп аталатынын және күнге кеп­­­тірілген тұзды ірімшік екенін біл­дім» деп еске түсірді Гертруда Платайс.
Осылайша, жергілікті тұрғындар тар қапаста тоқпақ жеген тұтқын әйел­дерге көмектесудің амалын тап­қан. Бұл лагерь тек қанқұйлы Сталин өлген 1953 жылы жабылды. Арада үш жыл өткенде ғана КСРО басшылығы ондағылардың бәрінің жазықсыз қамалғанын мойындады. Сонымен бірге, кеңес үкіметі лагерьден боса­тыл­ғандардың бәрі оның қабыр­ғасында болған жайттар туралы тіс жармауға тілхат алған. Бірақ шын­дықты жасыру мүмкін емес еді.
Бұл зұлматты сынақтар жазықсыз тұтқындалған адамдардың қайсар­лығын, ал қазақ халқының жанының жайсаңдығын паш етті.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*