Астанада «әуе қақпасы» ашылады

1041
0
Бөлісу:

«ЭКСПО – 2017» жаһандық көрмесі қарсаңында Астанада жаңа «әуе қақпасы» ашылады. Кеше Президент Нұрсұлтан Назарбаев Астана халықаралық әуежайының жаңа терминалында болды. Елбасыға әуежайдың қызмет көрсету жүйесіне енгізілген жаңалықтар, жаңа терминалдың мүмкіндіктері, арттырылған өткізу қабілеті, транзиттік әлеуеті туралы баяндалды.

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев «Эйр Астана» акционерлік қоғамының прези­ден­ті Питер Фостермен әңгімелесіп, ком­па­нияның қазіргі жағдайы мен даму перс­пективаларын талқылады. Атап айт­қан­да, Мемлекет басшысы өз еліміздің ішін­де және шет елдерге ұшу бағдарларын кө­бейту жоспарлары туралы сұрастырып, білді.
Жаңа терминал төрт деңгейден тұрады. Оның үшеуі халықаралық рейстерге арналса, төртіншісі халықаралық демалу аймағына және ішкі рейстер жолаушы­ларының аймағына бөлінген. Құрылысы 2015 жылы басталған жаңа терминал – «Нұрлы жол» бағдарламасының жобасы.
– Қазір біз терминалдың эксплуа­тация­лық дайындық бағдарламасын орындап жатырмыз. Бірнеше күн ішінде барлық операциялық жұмыстар аяқталады. Жаңа терминалдың ашылуы арқасында біз 45 жаңа апта сайынғы рейстарды тарта алдық. Бұл – инфрақұрылымның тартым­дылы­ғының белгісі. Біздің бәріміз, барша қа­зақстан­дықтар жаңа терминалды мақтан тұ­та­тын болады! – деді «Астана халы­қара­лық әуежайы» АҚ басқарма төрағасы Паоло Ричиотти.
Астана халықаралық әуежайының бас директоры Рәділбек Әдимолданың хабар­лауынша, бұл жаңа терминал 1 маусымнан бастап, тестілік режимде жұмыс жасай бас­тайды. Шамамен бір аптадан кейін бірін­ші рейстерді қабылдап, жолға шығаруға кірісіп те кетеді.
Жаңа терминалдың жалпы ауданы 47 мың шаршы метрді құрайды. Оның ішіне 42 паспорттық бақылау кабинасы, халық­аралық жолаушылар және VIP терминалдар, сондай-ақ әуе көліктеріне арналған 6 жаңа тұрақ бар.
Сапар аясында Президентке өнімдігі сағатына 1200 сөмкені қамтитын жартылай автоматтандырылған жүк өңдеу жүйесі таныстырылған еді. Р.Әдимолда тіпті кейбір дамыған елдерде жоқ жаңалықтар ен­дірілгенін айтты: «Мысалы, бізде орна­тылған багаждарды өңдеу жүйесі Еуропада тек 2020 жылдан бастап жаппай енгізіле бастамақ. Бұл жүйе сезік тудыратын жүк­терді өзі анықтап, оны терминалдың басқа бөлігіне шығарып жібереді» деді ол.
Әуежайдың жаңа терминалының жобалық қуаттылығы жылына 5 миллион адамды құрайды. Қауырт шақтарда сағатына 1775 жолаушыға дейін өткізе алады екен. Жалпы алғанда, енді Астананың «әуе қақпасы» жылына 8 миллионнан астам жолаушыға қызмет көрсетуге қабілетті болады. Ол ішкі және халықаралық рейстерден келетін 12 ұшақты бір уақытта қабылдай алады.
Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*